Парламент • 18 Маусым, 2021

Ауылды көркейту – әріптестерге ортақ міндет

431 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетіне мүше депутаттар Бүкілқытайлық Халық өкілдері жиналысының Ауыл шаруашылығы жөніндегі комиссия мүшелерімен онлайн кездесті, деп хабарлады Қазақстан Сенатының баспасөз қызметі.

Ауылды көркейту – әріптестерге ортақ міндет

Сенаттағы салалық комитеттің төрағасы Әли Бектаев кездесуді аша келіп, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында саяси, экономикалық және мәдени тығыз ынтымақтастық жүзеге асып келе жатқанын атап өтті. «Екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы тұрақты байланыстар достық қаты­настарды нығайтуда ерекше рөл атқа­рады, бұл парламентаралық ынты­мақ­тастықты дамытуға, заң шығару қыз­метінде тәжірибе алмасуды тереңдетуге өзара мүдделіліктің жоғары екендігін көрсетеді», деді Әли Бектаев.

Депутат Ақылбек Күрішбаев өз кезегінде қытайлық әріптестеріне Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі Қазақстанның есебі туралы айтып берді. Ол сондай-ақ ауыл тұрғындары үшін арнайы «Еңбек» бағдарламасы бар екені, онда кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқуға болатыны, сон­дай-ақ өз бизнесі үшін гранттар мен мик­рокредиттер ала алатыны туралы хабардар етті.

Сенатор Дүйсенғазы Мусин ауыл шаруашылығының дамуы туралы сөз қозғады. Ол ауылдық жерлерде халықтың шамамен 42%-ы тұратынын атап өтті. «Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021 жылға дейінгі мемлекеттік бағ­дарламасының негізгі мақсаты АӨК-тегі еңбек өнімділігі мен өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 5 жыл ішінде кемінде 2,5 есеге арттыру болып табылады», деді Дүйсенғазы Мусин.

Бүкілқытайлық Халық Өкілдері жиналысының депутаттары өз кезегінде көрші елдегі ауылды дамыту және кедейлікті жою жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Ә.Бектаев кездесуді қорытындылай келіп, COVID-19 пандемиясының экономикалық зардаптарына, сондай-ақ әлемдік экономикадағы құлдырауға қара­мастан, біздің мемлекеттеріміз жұ­мыспен қамтудағы тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету жө­нінде қабылдап жатқан шаралар және басқа да қолдау көрсету істері ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арт­тыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.