Бұл ақпаратты партияның аймақтық филиалы растады.
ҰҚК қызметкерлері ҚР ҚК 262 – бабы – «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оған басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» бойынша 22 адамға қатысты қылмыстық іс қозғады. Самаликовтың өзіне ҚР ҚК–нің тағы бір бабы «Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иелену немесе ысырап етуі» бойынша айып тағылған.
Облыстық филиалдың партиялық бақылау комиссиясы бұл мәселе бойынша отырыс өткізді. Саяси кеңес Бюросының қорытындысы бойынша Самаликовты Nur Otan қатарынан шығару ұсынылды. 18 маусымда партияның Мақат аудандық филиалы Саяси кеңесі Бюросының отырысында Самаликовты партия қатарынан шығару туралы шешім қабылданды.
«Ақ Жайық» порталының мәліметінше, Абзал-Сенбин Самаликовқа және тағы 22 адамға қатысты Атырау облысы ҰҚК департаменті қылмыстық іс қозғаған. Қазіргі уақытта экс-депутат үй қамақта.
«Тергеуге алынған барлық адамдарға, соның ішінде Самаликовқа Мақат станциясындағы жүк пойыздарының цистерналарынан жанар-жағармай ұрлағаны үшін айып тағылуда. Тергеу мәліметтері бойынша, өткен жылдың 31 маусымы мен 31 қазаны аралығында күдіктілер 20 миллион теңгеден астам сомаға 120 тонна ұрланған жанар-жағармай сатқан», деп жазады «Ақ Жайық» порталы.
Ботагөз АМАЛБЕК