Фотогалерея • 18 Маусым, 2021

Елордада «Астана кештері» Халықаралық өнер фестивалінің алғашқы концерті өтті

541 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Астана кештері» халықаралық өнер фестивалі COVID-19 індетімен байланысты шектеулерден кейін елорданың сахналық алаңдарына қайта оралды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада «Астана кештері» Халықаралық өнер фестивалінің алғашқы концерті өтті

Биыл өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтетін бұл қайырымдылық жоба «MuzVac - үздікмузыкалық вакцина!» ұранын арқау етіп, Елорда күнін мерекелеу аясында өткізілуде. «Астана кештері» фестивалінің концерттерін елордалық өнер сүйер қауым 18-20 маусым күндері аралығында тамашалай алады. Концерттердің басты қонақтары бейбіт күннің батырлары атанып, пандемия уақытында коронавируспен аянбай күрес жүргізген медицина қызметкерлері.

Фестивальдің алғашқы концерті «Астана Опера» театрының камералық залында өтті. «Көшпелі әуендер» деп аталатын жаңа концертті Италиядан келген музыканттар Филомена де Паскуале (флейта) мен Джорджо Альбиани (гитара) ұсынды. «Контрапункт» деген дуэтке біріккен итальяндық әртістердің өнері көрермендерді асқан шеберлігімен және үйлесімділігімен тамсандырды. «Контрапункт» дуэтінің музыканттары Аргентина, Бразилия, Испания, Франция, Италия композиторларының туындыларын орындадыФлейта мен гитараның ерекше әуезділігі шетелдік авторлардың керемет музыкасына ерекше мәнер беріп, өзгеше өрнек қосты.

Әртістердің айтуынша, олар бұл концертте ерекше толғаныспен өнер көрсеткен.

07

– Ұйымдастырушылар тарапынан дәрігерлерге көрсетілген ерекше құрмет «Астана кештері» фестивалінің ізгі мақсатын, әлеуметтік маңызын айқындай түседі. Себебі денсаулық – адам өміріндегі басты құндылық. Музыкамен, тіпті басқа кез келген жұмыспен айналысу үшін, ең бастысы, денсаулық керек. Ал адам денсаулығы – дәрігерлердің қолында. Ауруды емдеу және адамдарды сауықтыру – бұл медицина қызметкерлері мен музыканттарға ортақ мақсат. Жақында медицина саласында пайда болған «Музыкалық терапия» бағыты осы тұжырымды дәлелдейді. Себебі музыка адамның жаны мен рухани санасына игі әсер етеді.

Пандемия өмірдегі құндылықтарға басқаша қарауға үйретті, тіпті музыканың өзін біз қазір басқаша тыңдаймыз. Оны бүгінгі концертке жиналған өнер сүйер қауымның ықыласы көрсетті. Музыка, шекараларға қарамастан, бізді бүгін қазақстандық көрермендермен табыстырды, - деді Джорджо Альбиани.

01

Бұл кеште Италияның үздік музыканттарының орындауында шырқалған әр шығарма медицина қызметкерлерінің құрметіне арналып, оларға рухани күш-қуат сыйлады. Концерттен кейін дәрігерлер фестивальдің ұйымдастырушылары – «Дегдар» гуманитарлық қоры, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі және JTI компаниясына шынайы алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.

05

Ұйымдастырушылар мәлімдегендей, «Астана кештері» фестивалі әлі 2 күн жалғасады. 19 маусым күні «Астана Операның» камералық залында пианист Георги Мундровтың (Германия) концерті ұсынылады. Фестивальдің басты іс-шарасы – «MuzVac - үздік музыкалық вакцина!» атты концерт 20 маусым күні «Қазақстан» ОКЗ-да өтеді. Үлкен концерттің қатысушылары –  белгілі отандық әртістер мен өнер ұжымдары және Италия мен Швецияның өнер жұлдыздары. Концертке Нұр-Сұлтан қаласы емханаларының қызметкерлері шақырылады. Концертте барлық санитарлық нормалар сақталады. Көрермендер концерттік залға«Ashyq» жүйесі арқылы кіре алады.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше