Осы тұрғыдан қарағанда Талдықорғандағы көпсалалы балалар ауруханасында қызмет ететін дәрігерлердің еңбегі ересен. Облыс орталығындағы мекемеге аймақтың 17 ауданынан да дертіне дәру іздеген науқас балалар келеді. Өкінішке қарай, ауруханаға жол апатына душар болып, жарақат алған балалар жиі түсіп жатады. Көп жағдайда кішкентай пациентерге ота жасауға тура келеді екен. Сондықтан да мұндағы реанимация және интенсивті терапия бөлімінің мамандарының жұмысы үнемі қауырт. Әсіресе, хирург дәрігер мен анестезиологиялық көмек көрсетуші мейірбикенің жұмысы қатаң талап пен ерекше кәсібилікті талап ететіні анық. Бүгін біз сондай мақтаулы маманның бірі - облыстық көпсалалы балалар ауруханасының бас мейірбикесі, анестезиолог Гүлнархан Тілеубаева туралы аз-кем сөз қоғамақпыз.
Гүлнархан Рүстембекқызы бала күнінен дәрігер болуды армандаған екен. Әдетте, медицина саласына жүрек қалауымен келген жанның бәрі балалық шағында қуыршаққа «ем-дом» жасап, екпе салып ойнап өскенін айтады ғой. Біздің кейіпкеріміз де сондай сәттерін елжірей отырып еске алады. 1983 жылы сол кездегі медициналық училищеге құжат тапсырғанда сәби шақтағы рманына бір табан жақындағандай болған екен. Арнайы оқу орынын үздік аяқтап, жолдамамен қазіргі жұмыс орнына келді. Яғни, ол Талдықорғандағы көпсалалы балалар ауруханасында табан аудармай әлі күнге дейін қызмет етіп жүр. Жас маманның білімі мен елгезек мінезіне сенім артқан басшылық оны бірден ауруханадағы ең жаупты бөлім – хирургия бөлімшесіне кезекші мейірбике - анестезиолог етіп жіберіпті. Бұл – 1986 жыл болатын. Содан 1994 жылға дейін небір жауапты оталарға қатысып, реанимация мен интенсивті терапия бағытында асқан шеберлікпен жұмыс істеп келді. Кейіннен бас мейрібике қызметіне ауысқан. Ақ желеңді абзал ана 4 бала өсіріп, құтты орнына қондырған екен. Қазір 3 немере сүйіп отырған асыл әже.
- Медицина қызметкері болуды бала кезімнен армандап, таңдадым ғой. Оған жылдам қол жеткізу үшін бірден училищеге түстім,бұл тәжірибе үшін таптырмас жол болды. Ал жоғары білімді еңбек етіп жүріп алдым. Жалпы, тағдырыма ризамын. Өйткені, мен оқуды бітіргенде балалар ауруханасында жұмыс істеймін деп ойламадым. Осы жолға тоғыстырғаны үшін шүкіршілік етемін. Өйткені, балалардың денсаулығы үшін күресу асқан жауапкершілікті талап етеді. Кейде науқас балаға туған анасынан бетер бәйек боласың, ауыр ота кезінде жаның шырқырайтын кездер болады. Анестезиолог әрбір ота кезінде қылкөпірмен жүріп өткендей болады десем артық айтпаспын. Өйткені, науқасқа ота алдында наркоз салу асқан дәлдік пен кәсібилікті қажет етеді. Операциядан кейін қалыпты жағдайға жылдам оралу да анестезиологтың жауапкершілігіне сын. Оның үстіне, дәрігерлер іште науқастың өмірі үшін күресіп жатқанда, сыртта оның ең жақын адамы үміт пен күдік арасында тұрады. Мұны сөзбен айтып жеткізу қиын, әрине. Әдетте реанимация бөлімінің дәрігерлері ота жасап шыққанда өмір мен өлімнің арасынан сүйінші хабар алып келген періштедей көрінетін сияқты, - дейді Гүлнархан Рүстембекқызы.