Заңның тиімді тұсы қайсы?
Аталған заң жобасы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды орындау шеңберінде мүгедектігі бар адамдар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, еңбек ардагерлері және өзге де санаттарды қоса алғанда, азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленді.
Құжатта мүгедектіктің себебіне қарамастан, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын азаматтарға берілетін жәрдемақыны енгізу қарастырылған. Қазіргі уақытта 1-топтағы мүгедектігі бар 66 мың адамның әрбір үшіншісі күтім жәрдемақысымен де, жеке көмекшінің қызметтерімен де қамтамасыз етілмеген. Заң жобасын қабылдау нәтижесінде сыртқы қамқорлыққа мұқтаж 24 мың адам күтім бойынша жәрдемақымен қосымша қамтылады.
Бала денсаулығының бұзылу және тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесін ескере отырып, заң жобасында 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделеді. Бұл шара көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде балалар ауруының дәрежесіне қарай жәрдемақылардың мөлшері бөлігінде саралауға мүмкіндік береді.
Бұл ретте мүгедектігі бар балалардың барлық тобы үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылады. Бұл шара 30 мыңнан аса балаға қатысты болады. Сондай-ақ заң жобасында мүгедектік бойынша және асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру көзделеді. Бұл асыраушысынан айырылған және құрамында мүгедектігі бар балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазір мүгедектігі бар балалар ата-аналары ажырасқан кезде бір мезгілде алименттер мен мүгедектігі бойынша жәрдемақы ала алады. Сондай-ақ ата-анасының біреуі немесе екеуі (асыраушысы) қайтыс болған жағдайда бала мүгедектігі бойынша жәрдемақы немесе асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы ала алады. Осы норма енгізілген жағдайда 2 мың бала мүгедектігі бойынша жәрдемақымен қатар (мөлшері 41 163-тен 48 023 теңгеге дейін) асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыны ала алады (мөлшері 12 063-тен 29 500 теңгеге дейін).
Жұмыс беруші міндеттемелерін орындау мүмкін болмаған жағдайда еңбек жарақатынан мүгедек болған адамдарды мемлекет есебінен оңалтудың техникалық құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз ету – заң жобасының тағы бір жаңашылдығы. Жұмыс беруші – жеке кәсіпкердің қызметі тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған жағдайда бұл міндеттемелер мемлекетке өтеді. Бұл ретте мүгедектігі бар азаматтар кәсіпорынның қызметі уақытша тоқтатылған кезеңінде немесе 1,5 жылға дейін созылуы мүмкін банкроттық рәсімдерін жүргізу кезінде ОТҚ алу мүмкіндігінен айырылады. Осы кезеңде өндірісте майып болған адам оңалтудың техникалық құралдарынсыз қалады. Бұл шара 2 мыңға жуық адамды оңалтудың техникалық құралдарымен және қызметтерімен уақтылы қамтуға мүмкіндік береді.
Осы ретте жаңа заң жобасының тетіктеріне қатысты өз пікірін білдірген «Азамат әлеуеті» жеке қайырымдылық қорының президенті, заңгер Алмагүл Дәулетқазықызы мүгедектікке әкеп соқтыратын негізгі факторларды атады.
«Біздің елімізде мүгедектігі бар тұлғалардың құқықтарына байланысты біраз жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда жастайынан мүмкіндігі шектеулі немесе туа сала түрлі зақымдануға тап болған тұлғалар саны жыл сайын көбеюде. Бұл республикалық статистиканы біз бақылап, қадағалап отырмыз. Оған көптеген нәрсе әсер етуде. Соның ішінде ата-ананың денсаулығы, репродуктивті қызметтерінің дұрыс болуы. Бізде жансақтау бөлімдерінде 500 граммнан жоғары балаларды жансақтаудан өткізу, оңалту шараларын жүргізу, оңалтудың нәтижесінде оларға өмір сыйлау, түрлі бұзылыстарына қарамастан барынша мүмкіндік беру, дамуына оң ықпал ететін бағдарламалар бар. Бұл – ерте жастан скрининг өткізу және де сол балаларға қатысты түрлі салалар тарапынан денсаулық сақтау, білім беру сияқты әлеуметтік сала тұрғысынан қызметтердің атқарылуы. Бұған қоса бүгінде түрлі жағдайлардың әсерінен қан қысымының көтерілуі, қант диабетінің болуы, әртүрлі экологиялық факторлардың әсер етуі – барлығы да адам денсаулығына теріс әсерін беруде. Соның нәтижесінде мүгедектікке тап болып жатқандар өте көп. Экологиялық зардаптар да бар. Жан күйзелісінен психикалық науқасқа ұшыраған тұлғалардың да саны ұлғаюда. Бұған да көбірек көңіл аударылу қажет деп есептеймін», деді маман.
Сонымен қатар ол қабылданған заңның жүзеге асуы атқарушы органдарға тікелей байланысты екенін жеткізді.
«2015 жылдың 20 ақпанында Қазақстан БҰҰ-ның мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясын ратификациялады. 5 жылдың ішінде біраз міндеттемелерін орындауға байланысты еліміз көптеген жобаны, бағдарламаларды жүзеге асыруда. Әрине, соңғы шыққан заңнамалық актінің өзінде бірталай нормативтік құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер мүгедектігі бар тұлғалардың өмір сапасын жақсартады. Олардың толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік береді. Және де мүгедектігі бар тұлғалардың азаматтық, әлеуметтік, мәдени, саяси, басқа да құқықтарының жүзеге асуына ықпал етеді деген ойдамыз. Жергілікті жерде заң мықты болса да, оны атқарушы орган, жергілікті биліктің өкілдері дұрыс жүзеге асырмаса, онда ол мүгедектігі бар тұлғалардың Конституциямыздан бастап белгіленіп отырған кепілді құқықтар жүзеге асырылмай қалуы мүмкін. Ондай мысалдар өте көп», деді А.Дәулетқазықызы.
Сонымен қатар жоғарыда аталған заң жобасында мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары кәмелетке толғаннан кейін тұрғын үй кезегінде тұру құқығын сақтау көзделеді. Іс жүзінде мұндай отбасылар тұрғын үй кезегінде 10 жылға дейін тұрады. Егер бала 18 жасқа толғанға дейін тұрғын үй алу мүмкін болмаса, онда мүгедектігі бар азамат кезекке қайта тұруға мәжбүр. Бұл норма 20 мыңнан аса отбасына тұрғын үй кезегін сақтауға мүмкіндік береді деп болжануда.
Бұған қоса, Заң жобасы шеңберінде мүгедектігі бар балаға күтім жасау мерзімін 18 жасқа дейін ұзарту ұсынылады. Бұл жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақыны тағайындауға оң әсерін тигізеді. Сондай-ақ табысы аз отбасылардың балаларына кепілдік берілген әлеуметтік топтама беруді Әлеуметтік қызметтер порталына ауыстыру қарастырылған. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің тиімділігі мен атаулылығын арттыруға бағытталған өзге де нормалар қосымша енгізілді. Заң жобасын қабылдау халықты әлеуметтік қорғау жүйесіне оң әсер етеді және шамамен 400 мың қазақстандықтың құқықтарын жақсартуға мүмкіндік береді. Заң жобасы 55 млрд теңге сомасына қажетті қаржыландырумен қамтамасыз етілді. Шығын нормалары 2021-2023 жылдарға бөлінген қаражат шеңберінде іске асырылады.
«ДОС» Тәуелсіз өмір» мүгедектер қоғамдық бірлестігі орталығының атқарушы директоры Ардақ Отарбаев заңның қабылдануы, іске асырылуы, атқарушы органдар тарапынан қадағалануы жоғары деңгейде болса, мүгедектер қиындықтар мен кедергілерге кездеспейді деп үміттенетінін жеткізді.
«Заңнамаларға енгізіліп жатқан өзгерістер іске асса, мүгедектігі бар тұлғалардың тұрмысы бүгінгіден де сапалы болары сөзсіз. Өйткені мұндағы өзгерістерге негіз болатын мәселелерді біз бұрыннан бері айтып келеміз. Оның ішінде туабітті мүгедектігі бар кішкентай сәбилерімізді топ-топқа бөліп қарастырғаны жақсы, бұл олардың әлеуметтік төлемдерінің ұлғаюуына әкеледі. Өзім соңғы кезде байқағаным, жаңа үйлер, сәулетті ғимараттар көптеп салынып жатқанымен, оған біздің кіріп-шығуымыз, жүріп-тұруымыз қиындық тудыруда. Осы мәселелерді тағы да бір назарға алып қадағаласа, жолдар тек қана мүгедектігі бар азаматтарға ғана емес, ата-әжелерге де, нәрестесі бар келіншектерге де ыңғайлы болар еді», дейді А.Отарбаев.
Айта кететін жайт, жыл басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 86 мыңнан аса мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын, 6 мыңнан астамы ымдау тілі қызметін, 30 мыңнан астамы жеке көмекшінің қызметін, 28 мыңға жуығы санаторлық-курорттық емдеуді алды және 36 мыңнан аса адам кепілдік берілген әлеуметтік топтамаларға тапсырыстарды ресімдеді.