Аймақтар • 21 Маусым, 2021

Тұңғыш Президент және Түркістан

1309 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Осыдан үш жыл бұрын, яғни 2018 жылдың 19 маусымында Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласының облыс ор­та­лығына айналуы Түркі әлеміндегі тари­хи оқи­ға­ға баланғаны мәлім. Ұлы Жібек жо­лын­дағы ең көне шаһарлардың бірі Түркістан бүгінде инфра­құрылымы дамыған, мәдени орталықтары көз тартатын жасыл желекті, кө­рікті қалаға айналды.

Тұңғыш Президент және Түркістан

Бұл орайда екі-үш жылдың ішінде Түр­кіс­тан жайнап, басқа қала болып, еңсесі көтеріле, өсіп өркендейтіні туралы Елба­сының да­на­лықпен айтылған сөзі ақиқатқа айналды.

Киелі қалада ел мақтанышына айналатын іргелі нысандар бой көтеріп, қарқынды құрылыс жалғасуда. Елбасы Жарлығы Түркістан мен Шымкенттің қай­та түлеуіне, жаңа ауданның құ­рыл­уы­на мүмкіндік берді.

Ел­басы Кеңсесінің басшысы Махмұт Қа­сымбеков «Egemen Qazaqstan» газетінде жария­ланған «Елбасы және түлеген Түркістан» мақа­ла­сында Түркістанды қайта түлету идеясын еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жыл­дан бастап көтеріп, оны жүзеге асы­руға ден қойған Тұңғыш Прези­де­нт екенін айрықша атап өткен болатын. Мұның айшықты бір айғағы – Түр­кіс­танда 1991 жылы Елбасының Жарлы­ғымен Халықаралық қазақ-түрік университетінің ашылуы.

Бұл мақсатқа Нұрсұлтан Әбішұлының абырой-беделі арқасында Түркиядан қо­мақты қаржы тартылғаны да белгілі. Тіп­ті Кеңес Одағының кезінде Тұңғыш Президентіміз «Әзірет Сұлтан» кесенесіне арнайы келген. Жағдайымен жан-жақты танысқан. «Содан бері бұл қалаға деген ықыласы барған сайын арта түскеніне, оның болашақ тағдыры жөнінде әрдайым терең толғанып келгеніне жанында жүрген үзеңгілес серіктерінің бәрі куә», дейді мақала авторы.

Иә, еліміз егеменді мемлекет ретінде еңсесін тіктеп жатқан жауапты кезеңде Елбасы Түркістан қаласының абы­ройын асқақтатар, күллі түркі жұртының ба­сын қосуға бағытталған бастамалар кө­те­­ріп, маңызды жобаларды бекітті. Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркітілдес мемлекеттердің ын­ты­мақ­тастық кеңесінің бейресми самми­тінде сөйлеген сөзінде 1992 жылы Анка­ра­да өткен алғашқы басқосуда Елбасы түркі елдерінің басшылары бұдан былай киелі Түркістанда кездесіп тұрады деп айтқанын еске салды.

«Түркістан – барлық түркі халықтары үшін қастерлі қара шаңырақ, құтты мекен және аңсарлы атажұрт. Бабаларымыз осы өңірде ғұлама ұстаз Қожа Ахмет Ясауиден діни білім алып, түркі-ислам мәдениетін әлемге таратқаны белгілі. Түркілер Кіші Азияға бет бұрғанда бұл құндылықтар түп-тамырымызды сақтап, бір­лігімізді бекем ұстауға негіз болды. Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің бі­ріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамыз. Сол себепті, бүгінгі саммит «Түркістан – Түркі әле­мі­нің рухани астанасы» деп аталып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарба­ев­тың бастамасымен Түркістан қаласы түбегейлі өзгеріп, жаңа келбетке ие болды», деді Президент.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Елбасы кесененің көрік-келбетін қал­пы­на келтіруге күш жұмылдырып, 2000 жылы Түркістанның 1500 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуге барлық жағдайды жасады. Ал мерейтойдағы баяндамасы киелі қаланы биік белеске көтерді. Қаланың мерейлі мерекесінде Елбасының: «Түр­кістанды облыс орталығы жасаймыз. Бұл той – Түркістанды орталыққа айнал­дырудың басы», деген сөзі ел есінде. Тұңғыш Президенттің Әзірет Сұлтан кесенесіне жасап отырған қам­қор­­лығының нәтижесінде «Мәдени мұ­ра» бағдарламасының аясында көне ша­һар­дың шынайы шежіресін айқындау қолға алынды. Бұл бағдарлама бойынша орындалған нәтижелі еңбектердің өзі бір төбе. Мысалы, аталған бағдар­лама аясында тəуелсіздік алған кезең­нен бері алғаш рет ел аумағындағы ес­керт­кіштер түгенделді, өңірлер бо­йын­­ша ескерткіштер жинағы əзірленді. Аума­ғында 1 663 тарих және мәдениет ескерткіш орналасқан өңірде туризм саласы 3 бағытта қарқынды дамуда. Атап айтқанда, Түркістан, Кентау қалалары мен Отырар, Ордабасы, Бәйдібек аудандары бағытындағы тарихи-танымдық туризм, Сарыағаш курорты аумағында ем­дік-сауықтыру және Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт аудандарында экологиялық туризм.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағ­дар­­ламасына сəйкес еліміздің тарихи жəне киелі жерлері біріктірілген «Қазақ­стан­ның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы жүзеге асырылды. Тарихи мəліметтер негізінде жəне еліміздің беделді ғалымдары бірлесе жұ­мыс істей отырып, «Əзірет Сұлтан» музей-қорығындағы əрбір объектіні дамытудың тұжырымдамалық жоспары əзірленді. Оның ішінде must see нысандары ретінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Сауран, Отырар жəне Күлтөбе қалашығы сынды ірі тарихи объектілер бар. Нəтижесінде, ға­сырлық тарихы, көп­теген тарихи-мəдени, туристік жəне діни ескерткіші бар ежелгі шаһар жаңа келбетке ие болып, əлемнің түкпір-түк­пі­рінен туристер келе­тін қалаға айналды.

Елбасының: «Әрбір халық, әрбір тәуел­сіз мемлекет өзінің рухани орта­лығын нақтылап алуы керек. Қазақ­станның рухани орталығы – Түркістан. Ол – Қазақ елінің рухани жүрегі», деген сөздері де жұрт жадында. Ал 2009 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астанада Түркі академиясы құрылып, кейіннен оған Халықаралық мәртебе берілді. Елбасы 2010 жылы Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетіндегі кездесуде ұлы бабаның өшпес өнегелері мен мұрасын меңгерудің жолдарын айқындады. Түркістанда республиканың зиялы қауым өкілдерімен 2011 жылғы наурызда сұхбат құрып, Ясауи ілімдеріне жүйелі түрде ден қойып, айналымға түсіру керектігіне назар аударды. Ұлы ойшылды «Қазақ даласының Конфуцийі» деп атады. Ахмет Ясауи кесенесі 2015 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра­ла­ры тізбесіне енгізілді. 2016 жылы осынау беделі биік Халықаралық ұйым­ның деңгейінде Қожа Ахмет Ясауи жылы аталып өтті.

Түркістан облысына 2018 жылы жа­саған сапары барысында Елбасы: «Түркістан – қазақ елінің рухани жүрегі. Ғасырлар бойы еліміздегі ең айтулы оқиға­лардың бел ортасында болған тар­лан тарихтың көнекөз куәгері. Ол Ұлы Жібек жолының бойындағы ең ірі қалалардың бірі ретінде танымал болды. Сонау ХІІ ғасырдан бастап әлем назарын өзіне аударды. Шығыстың Арис­то­телі атанған ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фараби Түркістанның іргесіндегі Отырарда өмір сүрген. Көшпелі жұрттың мұсылмандануына, халқымыздың Ислам дінін қабылдауына Түркістанның ерекше ықпалы тиді. Орталық Азия мен Дешті қыпшаққа Ислам әлемін таратқан көптеген әйгілі ғұлама осы жерден шықты. Қала екі ғасыр бойы қазақ хандығының бас ордасы болды. Көптеген маңызды шешім дәл осында қабылданып отырды. Түркістан маңындағы қасиетті төбе­лер­де қазақтың тағдыры шешілген әйгілі жиындардың өткендігі тарихтан барлы­ғы­мызға белгілі. Мәртөбеде жыл сайын қазақтың бүкіл игі жақсылары жиналып, мәслихат құрып, елдің мәселелерін тал­қы­лап, шешіп отырды. Күлтөбеде әз-Тәуке қазақтың барша аузы дуалы билерін жинап, «Жеті жарғы» заңын қабылдады. Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада нәубеттен кейін қазақтың бас көтерер азаматтары түгел Ордабасыға жиналып, сол жерде құрылған әскермен Жоңғар шапқыншылығына тойтарыс бергенін білеміз. Сонымен бірге Түркістан – қазақтың көптеген аяулы перзенті мәңгі жай тапқан қасиетті қала. Осында жерленген 164 әйгілі тұлғаның 21-і ел басқарған қырандар, 30-дан астамы қол бастаған батырлар, сөз бастаған билер. Олардың арасында еңсегей бойлы Есімхан, Хақназар хан, әз-Тәуке, Абылай хан, Қаздауысты Қазыбек би, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Жәнібек батыр және басқа да көптеген жақсы мен жайсаңы бар. Қарап тұрсаңыз, шын мәнінде Түркістан тарихы – күллі қазақтың тарихы. Сондықтан қасиетті Түркістанға деген мақтаныш сезімі әр қазақтың жүрегінде ұялаған. Түркістан тек бізге ғана емес, күллі түркі жұртшылығына қадірлі әрі қасиетті мекен. Біз тәуелсіздікті жариялағаннан бастап Түрік мемлекеті бірінші болып қолдап, Түрік Президенттерінің барлығы осында келіп, тәу етіп, олармен бірлесіп қазақ-түрік университетін құрдық. Мешіт салдырдық, кесенені жөндедік. Исламда ерекше орны бар, сопылық ілімнің негізін қалаушы ғұлама Қожа Ахмет Ясауи Түркістанда жатыр. Ислам қағидаларын түркі әлемінің рухани дәстүрлерімен ұштастырған Әзірет Сұлтан – қазақтың ғана емес, бүкіл түркі жұртының руханиятында ерекше орны бар тұлға. Оның басына тұрғызылған алып кесене – бүгінде Қазақстандағы ең басты тарихи ескерткіштердің бірі. Түркістан – талай ғасырдан бері Қап тауынан Қашғарға дейінгі аралықта мекен еткен тұтас түркі халықтарының зиярат етіп келетін қасиетті орны. Халқымызда Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет деген сөз бар. Осындай сан алуан факторлар Түркістанды тұтас Тұран даласының түбі бір түркі жұртының рухани орталығына айналдырды. Былтыр түркі мемлекеттері Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани астанасы деп жариялады. Түркі әлемінің мәдени орталығы деп таныды. Осының барлығы бүгінгі біздің шешімге алып келіп, Түркістанды облыс орталығы деп жариялауымызға себеп болды. Біз өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитінде Түркі әлемінің киелі жерлері жобасын қолға алуды ұсындық. Соның ішіндегі негізгі жерлердің бірі – дәл осы Түркістан. Сонымен құрметті ағайын, бұл шешім еліміздің өркендеуі үшін, Қазақстанның оңтүстік өңірінің жайнап өсуі үшін өз себебін тигізетін болады», деді.

Облыс орталығы мәртебесін алған қастерлі шаһар бүгінде ұлтымыздың рухын көтеретін келешегі кемел Түр­кіс­танға айналуда. Қарқынды құры­лыс, салынған инвестиция елдің игілігі үшін атқарылып жатқан дүние екені мәлім. Осылайша, Елбасының тарихи шешімі шежірелі қаланың дамуына тың серпін берді. Күні кеше облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласын дамытудың І кезеңі аяқталып, жоспарланған іс-шаралардың 40%-ы іске асырылғанын мәлім етті. Негізгі әлеуметтік инфра­құ­ры­лымы қаланып, 123 нысан салынды. Жаңадан халықаралық әуежай, әкімшілік-іскерлік және мәдени-рухани орталықтар бой көтеріп, Б.Саттарханов даңғылы қайта жаңартылды, арнайы экономикалық және индустриялық ай­мақ­тар құрылды. Түркістан қаласы то­лық газдандырылып, 13 мың гектар жа­сыл белдеу құрылды, 3,5 млн ағаш отыр­ғызылды. Қалаға келуші туристер саны артты.

Түркістан қаласын дамытудың екінші кезеңі аясында 109 жоба іске асырылады. Бұл мақсатқа 1,3 трлн теңге инвестиция бағытталады. Әкімшілік-іскерлік орталығында 57 жоба іске асырылып, жаңа теннис орталығы, мұзайдын сарайы, ескек есу каналы, демалыс орындары салынып, қажетті инфрақұрылым тар­тылады. Б.Саттарханов даңғылы аума­­ғында спорттық кешен, «Яссы» желі­лік саябағы, ірі сауда орталықтары, 182 гектар ботаникалық бақ, Парк Лейн коттедж кешені жобалары іске асырылады. Мәдени-рухани орталықта тарихи нысандар қайта жаңғыртылады. Тари­хи-мәдени мұраны сақтау бойынша 3 ауқымды жобаны іске асыру көзделген, оның ішінде Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің аумағын абаттандыру, сондай-ақ «Қожа Ахмет Ясауи» және «Рабия Сұлтан Бегім» кесенелерін, Түркістан қаласындағы цитадельдің қа­мал қабырғасын қалпына келтіру жұ­мыс­тары көзделіп отыр. Қалпына кел­тіру жұмыстарын 2025 жылы 59 нысанда аяқтап, 24 археологиялық зерттеу жүргізу жоспарланған. Нәтижесінде, бас тарихи мәдени нысан – Қожа Ахмет Ясауи кесе­несіне келушілер саны едәуір арта түс­пек. Облысты әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарында жоғарғы жыл­дамдықты Түркістан – Шымкент – Таш­кент темір жол магистралін және «Дарбаза – Мақтаарал» темір жол желісін салу жөніндегі жобаларды іске асыру көзделген. Денсаулық сақтау саласында 570 төсектік орындық көпсалалы аурухана, ауысымда 500 адам қабылдайтын үш емхана, жедел медициналық жәрдем стансасы, сондай-ақ Ана мен бала орталығы салынады. Сондай-ақ облыс әкімінің мәлімдеуінше, үш ауысымды және апатты мектептерді жою, оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында 130 жаңа мектеп бой көтереді. Назарбаев зияткерлік мектебі мен жатақханасы бар «Дарын» мектеп-интернатының құрылысы, Күлтө­бе қала­шығының кесенелерін, тари­хи нысандарын қалпына келтіру, Түркістан қала­сындағы «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жос­пар­ланған. Дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтарды қамтуды 45%-ға дейін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіледі. Ол үшін теннис орталығы, мұз сарайы, ат спорты кешені және басқа да объекті салынады. Кешенді жоспарды іске асыру 2025 жылға қарай шамамен 40 мың жаңа жұмыс орнын құруды, негізгі капиталға инвестициялар 3 есе және өнеркәсіп көлемінің 35%-ға өсуін, еңбек өнімділігінің 52,1%-ға ұл­ға­юын, халықтың нақты кірістерінің 54,8%-ға артуын қамтамасыз етеді. Ке­шенді жоспарды уақтылы және толық іске асыру нәтижесінде 2025 жылы жалпы өңірлік өнімнің нақты өсуі 6,3%-ды құ­рай­ды. Сондай-ақ өңірде 2025 жыл­ға дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 4,9 млн шаршы метр немесе 46 мың баспана пайдалануға берілмек. Түркістан қала­сында мемлекет-жеке­шелік әріптестік те­тігі шеңберінде құны 40 млрд теңгеге жылу электр орта­лығын салу көзделіп отыр.

Осылайша, ұлылар ордасы, руханият аста­насы Түркістан қарқынды құ­ры­лыс мекеніне де айналып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы қыр­күйек­тегі Түркістанға сапарында қала­ның іргелі орталыққа айналып келе жатқанын атап өткен болатын.

«Түркістанның жаңғыруы – Қазақстан халқының жеңісі деп білемін. Сол 2018 жылы қыркүйекте мен бүкіл азаматтарды жинап тапсырма беріп едім. Бұл­жыт­пай орындалып келе жатыр, бұл елге салған инвестиция – халыққа салған инвес­тиция. Елдің ризашылығына ие бо­­лыңыздар», деген болатын Тұңғыш Президент. Бүгінде өңір халқы, оның ішінде түркістандықтар киелі қаланың дамуын­дағы Елбасы еңбегін ерекше бағалап, инвесторларға, тапсырманы орындаушыларға ризашылықтарын білдіруде.

 

Түркістан облысы