Аймақтар • 21 Маусым, 2021

Алға ұмтылған Ақмола

245 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баспасөз конференциясын өткізді.

Алға ұмтылған Ақмола

Алға қойған асқаралы міндет­тер­ді және дағдарыстан кейін­гі дамудың басымдыққа ие бағыт­та­рын жүзеге асыра отырып, өңір қатерлі қауіп – жаман тұмаудың әсерінен туындайтын қолбайлауға қа­ра­мастан дамудың серпінін сақ­тап қала білді. Биылғы ал­ғаш­қы бес айдың қорытындысы көңіл то­ғайтарлық.

Экономикалық белсенділікке де­меу болып отырған инвес­ти­ция екені белгілі. Жыл ба­сы­нан бері өңір экономикасына 100 млрд теңгеден аса инвес­ти­ция­лық қаражат бағыт­тал­ды. Бұл көр­­сеткіш өткен жылғы сәй­кес мер­­зіммен салыстырғанда 16,5 па­­йызға көп. Оның ішінде ден­сау­лық сақтау саласына құйыл­ған қаражат көлемі 7,3 есе­ге арт­­­ты. Мұндай оң сипат ақпарат пен байланыс, ауыл шаруа­шы­лы­­­ғы, демалыс және білім салала­рын­да да бар. «Бизнестің жол кар­­тасы – 2025» және «Еңбек» бағдарламаларының шеңберінде шағын және орта бизнеске жан-жақ­ты қолдау көрсетілуде. Өт­кен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 28 пайызға өсім бар. Есепті кезең ішінде «Биз­нес­тің жол картасы» бойынша жалпы көлемі 1,7 млрд теңге болатын 500-ден аса жоба қолдау тапты. Бір айта кетерлігі, өңірлік биз­нес «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына белсене қатысады. Осы жылы 9,2 млрд теңгенің 47 жобасы қар­жы­лан­ды­рыл­ды. 1 300 жаңа жұмыс орны ашылды. Азаматтарға әлеуметтік қолдау көр­­се­туге және жұмыспен қам­ту­ға ерекше назар аударылуда. Бағдарламалардың жүзеге асуы барысында 10 мыңнан аса тұ­рақ­ты жұмыс орны ашылмақ, 20 мың­нан аса адамға әлеуметтік төлем төленді.

Бүгінгі таңда бағаны тұрақ­тан­дыру – айрықша маңызды мәселе. Әлеу­меттік маңызды тауар­лар­дың бағасын ұстап тұру үшін жер­гі­лікті тауар өндіру­ші­лерге 1,1 млрд теңге несие берілді. Облыс ор­талығында Kokshе market әлеу­меттік павильондар желісі ке­ңейтілуде. Ондағы тауар базар баға­сынан 10-15 пайызға арзан. Ай­мақта әлеуметтік маңыздағы азық-түлік тауарларының 28,4 мың тонна қоры бар.

Облыс негізінен ауыл ша­руа­­шы­лы­ғы аймағы болып саналады. Диқандар әр жыл сайын 2 млн тоннадан аса астық өнім­де­рін 30 алыс және жақын шетелге экспортқа шығаруда. Биыл 4,5 млн гектар жерге астық және майлы дақылдар тұқымы егілді. 21 мың гектар алқапқа картоп тұ­қы­мы сіңірілді. Картоп егу көле­мі 6,2 мың гектар алқапқа кеңейтілді. Суармалы жер көлемі де жылдан-жылға артып келеді. Барлық суармалы жер көлемі 30 мың гектарды құрап отыр. Облыс диқандары 70 млрд теңге мемлекеттік қолдауға ие болды. Есепті кезеңде 96,2 млрд теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырған 14 пайызға көп. Ай­мақ­та ірі қара саны да көбейіп келеді. Малсақ қауым 545 бас мал бағып отыр. Бұл орайдағы өсім 3,2 пайызды құрайды. Қой, ешкі саны да 3,5 пайызға көбейіп, 740 мыңды құрады. Жылқы саны да 7,5 пайызға өсті. Құс саны 9,5 млн-ға жетті. Жыл басынан бері ет өн­діру бағытындағы 112 жоба жү­­зеге асырылды. 19 тауарлы сүт фер­­ма­сында 4 мыңнан аса мал сауы­луда. Есепті кезең ішінде 23 етті бағыттағы мал фермалары құ­ры­­лып, 1,2 мың бас мал бағып отыр.

Өңірде тұрғын үй құрылысы саласында да оң мысалдар бар. «Нұрлы жер» бағдарламасы жү­зе­ге асырылғалы 1,6 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. 14 мың отбасы пәтер мәселесін оңы­нан шешті. Биыл 655 мың шаршы метр тұрғын үйді пайда­ла­нуға беру көзделуде. Сол кезде тағы да 5 мыңнан аса ақмо­ла­лық қоныстойын тойлайды. Мем­лекеттік инвестиция есе­бі­­нен 3 161 пәтерлік 71 көпқа­бат­ты тұрғын үй салынуда.
34 көпқабатты тұрғын үй биыл пай­да­лануға беріледі. Әлеуметтік жа­ғынан аз қамтамасыз етілген отбасыларға 551 жалға берілетін пәтер ұсынылса, 179 көпбалалы отба­сын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда жол мәселесіне де жіті көңіл бөлінуде. Осы жылы 700 шақырымнан астам жергілікті маңызы бар жолдар жөнделеді. Сапалы жол көлемі 82 пайызға артады. 430 шақырым ауылдық жерлердегі жол жөндеуден өткі­зі­леді. Жергілікті маңыздағы жол мен елді мекендердегі көше­лер­ді жөндеуге 36,3 млрд теңге қарас­ты­рылып отыр. Соңғы 3 жыл ішінде 1 300 шақырым жергілікті ма­ңыздағы жол жөнделді. Биыл сумен жабдықтау жүйелерін салу және жөндеу бағытында 38 елді мекенде тиісті жобалар жүзеге асырылмақ. Жобаларға 9,5 млрд теңге қарастырылып отыр. 7 мың ауыл тұрғыны орталық­тан­ды­рылған сумен қамтамасыз етіл­мек. Көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұ­мы­сы жал­ға­суда. Аршалы және Целиноград аудандарының 20 елді мекені бі­рінші кезекте газбен жаб­дық­талады. 2021-2023 жыл­дар­ға рес­публикалық бюджеттен осы ба­ғыт­тағы 13 жобаны қаржы­лан­дыру үшін 14,4 млрд теңге қара­жат қарастырылып отыр.

Өкінішке қарай, өңірде бір­қа­­тар экологиялық мәселе­лер бар. Әкімдік салалық минис­тр­лік­термен бірлесе отырып 2024 жылға дейін орын алып отыр­ған жағдайды жақсарту үшін Жол картасын әзірледі. Қатты тұр­мыс­тық қалдықтардың 7 жаңа полигоны салынып, Щучинск-Бурабай курорт­ты аймағындағы көлдер таза­ла­нады.

Пандемия кезінде аудандық ауруханалар 11 жылжымалы диаг­нос­тика кешенімен жаб­дық­талды. Өткен жылы 4 жаңа ден­саулық нысаны пайдалануға бе­ріл­ді. Облыс орта­лы­ғында 630 орын­дық жаңа заман­ғы көпсалалы аурухананың құрылысы аяқталуға таяу. Бұл орайда да қыруар жұмыс атқа­рыл­ды. Жаман тұмау жай­лаған кезеңде білім беру саласы қиын­шылықтарға қарамастан нәтижелі жұмыс істеді. Үш ауы­сым­ды мек­т­еп­тердің мәселесі түбегейлі ше­шіледі. Жыл соңына дейін 4 мек­тепті пайдалануға беру көз­де­луде. Жібек жолы, Жал­тыр­көл, Шұбар елді мекен­де­рін­де әрқайсысы 900 орындық үш ауыл мектебі салынады.

 

Ақмола облысы