Аймақтар • 21 Маусым, 2021

Өркендеуге тың серпін берген кезең

220 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың 19 маусымындағы Жарлығына сәйкес Түркістан облысы құрылды. Бұл тарихи шешім өңірге жаңа серпін берді және жан-жақты даму мүмкіндіктеріне жол ашты. Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев 3 жылда қол жеткізілген көрсеткіштерге тоқталып, қала дамуының негізгі бағыттарын атап өтті.

Өркендеуге тың серпін берген кезең

«Біздің ең басты құнды­лы­ғы­мыз – Ахмет Ясауи кесенесі. Соның төңірегінде рухани мәдени орталық құрылды. Сондай-ақ жаңа қалыптасып келе жатқан жаңа әкімшілік орталық салынды. Үшіншісі – ескі қаланы қайта жаң­ғырту мәселесі, төртінші ба­ғыт – қаланың төңірегіндегі климатқа, экологияға байланыс­ты жобалар. Атап айтқанда, азық-түлік белдеуі, жасыл белдеу сынды бағыттар», деді облыс әкімі.

Облыста жалпы өңірлік өнім 2018 жылмен салыстырғанда 41%-ға артып, 2,4 трлн теңгені құраған, өнеркәсіптік өнім көлемі 18%-ға, ауыл шаруашылығы өнімі 34%-ға немесе 185,4 млрд теңгеге артқан. Соңғы 3 жылда негізгі капиталға бағытталған инвестициялар көлемі 1,6 трлн теңге болып, оның ішінде жеке инвестициялар көлемі 968,5 млрд теңгеге жетті. Пандемия кезінде де бәсең­де­меген қарқынды құ­ры­лыс жұ­мыс­тарының нәти­же­сінде 736 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 21%-ға дейін жетіп, облыс бюджетінің көлемі 1,6 есе артты, яғни 893 млрд теңгені құрады. Биылдың 5 айында атқарылған облыстың маңызды әлеуметтік-экономикалық даму көр­сеткіштеріне тоқталған Өмірзақ Шөкеев өнеркәсіп өні­мі­­­нің көлемі 238,2 млрд теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 29,8 млрд теңгеге артқанын атап өтті. Өңдеу өнеркәсібінде 110,9 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Өңірдің индустриялық аймақ­та­рында жалпы құны 41 млрд теңгені құрайтын және 4 340 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 60 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде TURKISTAN арнайы экономикалық аймағында инвестициялық жалпы құны 480,5 млрд теңге болатын 46 жоба іске асырылуда. Жалпы, биыл өнеркәсіп өнімі көлемін 565 млрд теңгеге жеткізу жоспарлануда. Ауыл шаруашылығында 5 170,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 102,9%-ды құ­ра­ған. Аталған салаға ба­ғыт­талған инвестиция 1,9 есе артқан, яғни 15,3 млрд теңге болған. Қала аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру аясында құны 35,5 млрд теңге болатын 6 серпінді ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Жыл қорытындысымен об­лысқа 800 млрд теңгеге инвес­тиция тарту жоспарлануда. Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында «Састөбе» химиялық кешені, мұнай өңдеу зауыты, көмір-химиялық, фосфор кендерін өңдеу зауыттары, тұрмыстық техника өндірісі сынды жобаларды іске қосу көзделуде. Нәтижесінде, 5 мың­нан аса адам жұмыспен қам­тылады.

Түркістан қаласында туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арт­тыру әрі туристерге тартым­ды ету – бүгінгі күннің басты талап­тарының бірі. Бүгінде «Кер­уен сарайға» күн сайын мың­даған адам келеді. Кешен жер­гі­лікті мың тұрғынды тұрақты жұ­мыспен қамтып отыр. Тарихи және мәдени мұраға бай өңірде Түркістан, Кентау қалалары мен Отырар, Ордабасы, Бәйдібек аудандары бағытында тарихи-танымдық туризмі, Сарыағаш курорты аумағында емдік-са­уық­тыру туризмі, Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт аудандарында эколо­гия­лық туризм түрлері қар­қынды дамып келеді. Соның бірі ретінде туризмді дамытудағы алар орны ерекше «Қасқасу туристік-рек­реа­циялық кешені» жобасы іске асы­рылмақ.

«Жобаны жүзеге асыру мә­се­­лесін 12 жыл бұрын қайта кө­тер­ген болатынбыз. Қазір тағы оралдық. Бүгінде өз қаржысына салатын инвестор табылды, ал біз инфрақұрылымды жеткізіп беруіміз қажет. Яғни «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» жобасы таяу арада Үкіметте талқыланып, шешілетін болады», деді Ө.Шөкеев.

Сондай-ақ 2025 жылға дейін Түркістан – Шымкент – Ташкент арасында жоғары жылдамдықты темір­жол жобасын іске асыру жоспарлануда. Бұл жобаны іске асыру екі ел арасындағы эко­номикалық ынтымақтастық пен туризмді дамытуға оң әсер береді. Облыс әкімінің есебінше, 2025 жылы туристер ағыны мен келушілер санын 2 млн адамға дейін арттыру көзделуде.

Облыс әкімі жаңа құрылған Сауран ауданы мен Кентау қала­сы­ның ертеңіне қатысты ақпа­рат берді. Кентауда жылу мәсе­лесі өзекті. Бұл орайда көгіл­дір отын пайдаланылып, әр үйге жылу беру көздерін ор­на­ту жолы қарастырылуда. Бас­па­сөз мәслихатында Бағыс ауы­­лы­на қатысты мәселенің шеші­мін тапқаны да айтылды. «Екі мем­лекеттің арасындағы ше­ка­раны анықтауда бірнеше процедура жүзеге асырылады. Ке­зін­де демаркация өтті, бірақ делимитация толық аяқталмаған. Осыған қарамастан биыл Мемлекет басшысының тапсырма­сымен Үкімет, Сыртқы істер минис­тр­лігі, облыстық әкімшілік, бар­лығы бірігіп үлкен кешенді жұ­мыс атқарды. Нәтижесінде, бұ­рынғы шешілмей тұрған 740 гектар жер облыс аумағына қосылды», деді облыс әкімі.

 

Түркістан облысы