Расымен, індет жұқтырғандар саны азайып, жағдай тұрақталды ма дегенде әлемнің бір бұрышынан эпидемиялық ахуалдың ушығып келе жатқанын естисің. Толқыннан – толқынға ұстанымымен өмір сүріп жүргендейміз.
Футболдан Еуропа чемпионаты өтіп жатқан көршілес Ресей қайта дабыл қаға бастады. Алғашқылардың бірі болып өз вакцинасын шығарғанымен, ел билігі халықты жаппай вакциналауды сәтті өткізе алмаған секілді. Қазіргі уақытта Мәскеуде індет жұқтырғандар саны өткен жылдың желтоқсан айындағы деңгейге жетті, ал ауруханаға түскен науқастар саны өткен аптамен салыстырғанда 70 пайызға өскен. Кейбір сарапшылар екі-үш аптадан кейін ел астанасындағы ауруханаларда орын жетпеуі мүмкін деп ескертіп отыр.
Спорттық іс-шара өтіп жатқан Санкт-Петербургтің билігі де қауіпсіздік шараларын күшейте бастады. 15 тамызға дейін қаладағы мемлекеттік мекемелердің және унитарлық кәсіпорындардың қызметкерлерін вакциналау жүргізіледі. Сондай-ақ Санкт-Петербург әкімшілігі 20 маусымнан бастап Еуропа футбол чемпионатының фан-аймағындағы көрермендер санын 5-тен 3 мың адамға дейін қысқартты.
Ресейлік денсаулық сақтау мамандары бірнеше айдан бері вирустың Үндістанда табылған дельта түрі Ресейге жетіп, тез таралатынын ескертіп келген. Кейбір дәрігерлер шетелден және Ресей аймақтарынан келген футбол жанкүйерлері қалада вирустың дельта нұсқасын таратады деп қауіптенеді.
Осындай қатер Бразилияға да төніп отыр. Елдегі COVID-19-бен байланысты өлім саны 500 мыңнан асты, бұл – әлемдегі екінші көрсеткіш. Мамандарды вакциналаудың баяу жүруі алаңдатуда. Пандемия басталғалы бері ел билігінің әрекетіне көңілі толмаған халық қауіпсіздік шаралары үшін билікті кінәлап отыр. Африка мен Үндістанда да дағдарыс жалғасып жатыр.
Жаз айларындағы туризм маусымынан екінші жыл құр қалғысы келмеген Еуропа тұрғындарды вакциналауды қарқынды жүргізіп, шекарадан тек екпе алғандарды өткізбекші. Жақында The Washington Post басылымы жүргізген талдау вакциналау қарқынды жүрген аймақта індет жұқтырғандар саны аз, ал керісінше екпе алмағандар арасында жоғары деген қорытындыға келген. Болашақта вакцина алмаған жандар үшін шектеу көбеймей ме деген сұрақ туады. Өйткені қазірдің өзінде мамандар вакцинаның маңызын арттырып, індетпен күресудің өзге жолы жоқ екенін айтып жүр.
Маусымның үшінші жексенбісінде медицина қызметкерлерінің күнін атап өткен елдер ақ халатты абзал жандардың ерен еңбегін қайталап айтудан шаршамайды. Саладағы дағдарысты, ауыртпалықты өз мойнына алған мамандардың кеңесі мен ескертуіне мән бермесек болмайды. Осыдан тура бір жыл бұрын еліміздегі жағдай күрт ушығып, ең күрделі кезеңдердің бірі болғаны есімізде. Сол себепті індет толық жойылмай, босаңсудың реті жоқ.