Ұлттың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының қара сөздеріне негізделген қойылым театр сыншылары мен фестивальға қатысушылардың тарапынан жоғары бағаға ие болды.
«Науруз» – Ресей Федерациясына қарасты ұлттық театрлар арасындағы жалғыз ауқымды
театр фестивалі. Фестивальге Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресейдің ұлттық республикаларынан 25 театр қатысты. Додаға қатысуға өтінім жіберген еліміздегі 33 театрдың ішінен халықаралық сыншылар комиссиясы іріктеген Қуыршақ және Қаллеки театрлары сараптамадан өтіп, арнайы шақырту алған.
Сондай-ақ өнер ордасы алдағы 22-30 маусым күндері аралығында Ресейдегі Халықаралық «КУКART» қуыршақ театр фестиваліне жол тартпақ. Үздіктер бас қосатын өнер ордаларының қатарында Мемлекеттік қуыршақ театрының атынан «Ромео мен Джульетта» (реж.Д.Жұмабаева) қойылымы қатысады. Спектакльдің тақырыбы мен көрерменге берер ойы, мазмұны мен маңызы ерекше.
Айта кетейік, «Ромео мен Джульетта» – театр репертуарына 2019 жылдың 24 қаңтарында қосылған ересектерге арналған спектакльдердің бірі. Қойылым сұлулық пен тазалыққа табынудан, албырттығы жарасқан екі ғашықтың тағдыры арқылы әулет пен тобырдың бітпес дауын арқау етуден туындаған. Жарыққа шыққалы бірнеше Халықаралық театр фестивалінде бақ сынаған спектакль қуыршақ театрының жаңа бағыттағы батыл тәжірибелерін көрсетіп келеді.
КУКART халықаралық қуыршақ фестивалі – 1993 жылдан бері өткізіліп келе жатқан қайырымдылық бағыттағы коммерциялық емес жалғыз фестиваль. Биыл фестивальге 27 жыл толады. Ол көп ұлтты Ресейдің әртүрлі аймақтарындағы қуыршақ театрларын біріктіреді. Түрлі елдер мен халықтар арасындағы мәдени көпірге айналған биылғы фестивальда Ресей Федерациясының құрамындағы 10-нан астам театр ұжымымен қатар, Израиль, Германия, Болгария, Финляндия, Эстония, Қытай, Сербия театрлары өнер жарыстырады. Мәдени жобаның бағдарламасы дәстүрлі үш бағыттан тұрады: негізгі, арнайы және клубтық қойылымдар. Мемлекеттік қуыршақ театрының «Ромео мен Джульетта» қойылымы негізгі бағдарламаға енген. Спектакль 27 маусым күні Зазеркалье театрының сахнасында қойылады.
Театр фестивалінің басты мақсаты – қуыршақ театры өнерінің әлемдік кеңістікте даму жолын сақтай отырып, әр елдің репертуар саясатымен кеңінен танысу, өнер ошақтарының шығармашылық тынысын бағамдау.
Фестиваль аясында қойылымдардың көрсетілімінен тыс фестиваль қатысушыларының арасында дөңгелек үстелдер мен шеберлік сағаттары, т.б. іс-шаралар ұйымдастырылмақ.