Руханият • 23 Маусым, 2021

Ер есімі неге ұмытылып барады?

1225 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Осыдан он шақты жыл бұрын Ресей тағы бiр дүрлiктi. Соңғы президент сайлауына көңiлi толмаған орыс оппозициясы Мәскеудегi қарсылық акциясына қарай ағылды. Оппозиционер-блогер Алексей Навальный ереуiлшiлердi «Чистые пруды» бульварындағы «түсiнiксiз қазақ» – Абай ескерткiшi маңына жиналуға шақырды. Сол-ақ екен, саяси шеруден хабардар болып, интернетке көз телмiртiп отырғандардың бiреуi: «Ех, Алеша, Абайдың кiм екенiн бiлмегенiң атыңа ұят емес пе?! Нағыз от ауызды оппозиционер Абай емес пе?!» дегенi күллi жер-жаһанға жарық жылдамдығымен тарап кеттi.

Ер есімі неге ұмытылып барады?

Содан бастап, Батыстағы «оку­­пай­уоллстрит» қозғалысы­на па­ра-пар «окупайабай» ше­руi басталды да жөнелдi. Ресей­дiң «Аль­пина нон фикшн» бас­па­сы сол кезде Абай шығармала­рын 330 данамен шығарды. «Өте ме, өтпей ме?» деген күдiгi бол­ған. Баспа директоры Павел Подкосов оның бiрiншi күнi-ақ сатылып кеткенiн аң-таң қалып айтады. Сонан соң iле-шала 3 мың тиражбен қайта шығар­ған. Ол да лезде жоқ болады... Абай шығармалары орыс тiлiне әлi өз мәнiнде тәржiмаланып жет­кен жоқ. Шала аудармасының өзi құ­дайы көршiмiздi шалқа­сынан түсiрдi! Мәскеудегi оп­по­зициялық шерулердi ұйым­дастырушылардың бiрi Борис Акунин «Азаматтық белсендiлiк қандай жақсы едi! «Чистые прудыда» отырамын деп, Абайды оқып шықтым, ғажап ақын!» деп жазады «Альпина нон фикшн» баспасынан шыққан Абай кiтабы хақында. Ресейлiк ақын, әдебиет сыншысы Лев Рубинштейн «Бiр ғажайып арқасында Мәскеудiң құрметтi адамы әрi еркiндiк символына айналған дала данышпаны Абай ендiгi жерде еркiндiк сүйгiш Мәскеу жұртымен бiрге жер-жаһанды аралап, өзiнiң бос­тандық, еркiндiк құқығын талап ететiн болды!» деп жазды.

Абай 45-шi қара сөзiнде: «Бiз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесiне қарай бiлетұғын пен­демiз. Сол махаббат пен ғаделетке қарай тартпақпыз, сол Алланың хикметiн бiреуден бiреу анығы­рақ сезбекпен артылады» дей­дi. Бұл жұмыр басты пенделерге ғана емес, тұтас мемлекеттер­ге де қатысты сөз! Атом бомба­сы, империялық кеудемсоқтық, шо­винис­­тiк өркөкiректiкпен елдiң алдына түсу­дiң күнi өтiп барады! Мәселе – осында! Абай­дың Мәскеудегі ескерткішінің жанына келген орыстардың осыны түсiнуге өресi жетсе, жер ша­ры­ның саяси картасы бiр-ақ күнде өзгерiп шыға келер едi!

Сыңсыған қалың орманның iшiнде аузы аққа жарымай, аш-жалаңаш, шытымыр аяз, азы­­наған жел өтiнде еркiн­дiк пен тоқшылықты аңсап өсiп, пат­шалық-кеңестiк импе­рия­лардың темiр шеңгелi­не түс­кен шерлi орыс жұрты Пушкин, Лермон­тов, Некрасов, Блок, Есенин, Ев­ту­шенко, Вознесенский сынды аузымен құс тiстеген арқалы ақындарын аттап өтiп, неге Абай­дың басына келiп, ботадай боз­дап тұр? Орыс тарихының ар­ғы жағына бармай-ақ, бергi жа­ғын шолып өтсеңiз, бiрiмен бiрi iркес-тiркес, қым-қуыт тарихи оқиғалар көз қарықтырады. 1917 жылғы Қазан төңкерiсi, же­кеменшiктi жаппай тәркiлеп, бай-бағыландарды жер аударып, атып-асу, қанды қасап реп­рес­сия, Екін­ші дүниежүзілік соғыс, ха­лық ша­руашылығын қалпына келтi­ру, қырғи қабақ соғыс, соңынан Ке­ңес Одағы секiлдi алып импе­рия­ның шаңы­рағының ортаға түсуi – ормандай орыс жұртының жүрегiне зiлдей салмақ тү­сiрiп, қабырғасын қақыратып-ақ кеттi. Содан берi отыз жыл өткен екен. Бұл – ер жiгiттiң ат жалын тартып мiнiп, азамат атанар тұсы. Не өзгердi?

Орыстар Абайдың Алашқа ғана емес, адамзатқа айтқан сөзiн оқығанда көктен Ғайса түсiп, жерден Мәдi шыққандай болды! Қалың орыс «түсiнiксiз қазақ­қа» Мұхтар Әуезовтiң «Абай жо­лы» ро­маны жарық көргенiнен соң, 70 жылдан кейiн қайтадан жалт қарады. Бiрақ... Орыс импе­риясына «түсiнiксiз» болған жал­ғыз қазақ Абай ғана ма?! Орыс отар­шылдығына жантала­са қарсы шығып, өз елiндегi сат­қындар мен түбi бiр түркi – қыр­ғыз бай-манаптарының қо­лы­нан қаза тапқан қазақтың соң­ғы ханы Кенеса­ры Қасымов, Исатай-Махамбет, Кейкi батыр, Оспан баһадүр, жыртқыштың бо­­дауынан сытылып шығып, өз алды­на қа­­зақ­тың ұлттық мем­ле­кетiн құрмақ бол­­ған Әлихан Бө­кейхан, Ахмет Бай­тұр­­сын­ұлы, Мiржақып Дулат, Жанша, Ха­лел Досмұхамедовтер, Мағжан Жұ­ма­бай, Әлiмхан Ермеков, Мұхамет­жан Ты­нышпайұлы, Жа­қып Ақбайұлы, Мұс­тафа Шоқай, Халел Ғаппасұлы жә­не т.б.с.с. Алаш­орда қайраткерлерi, гер­ман-кеңес соғысында жауды Мәс­­кеу тү­бiн­де тоқтатқан пол­ков­­ник Бауыржан Мо­­мыш­ұлы, Рейхстагтың төбесiне же­ңiс туын бiрiншi болып желбiреткен Рақым­­жан Қошқарбаев, төсекте басы, төс­кейде малы қосылған түрк-славян жұр­­ты­ның тiлiн зерттеп, орыс эпосы «Игорь жасағы ту­ра­лы жырдың» төр­кi­нiн түркiден шы­ға­рып, басы дау­да қал­ған Ол­жас Сүлейме­нов… Құдайы көр­­шi­мiздiң «түсiнбей» қал­ған «түсi­­нiк­сiз» қазақ­тарын санап шығуға осы за­манғы элек­тронды есептегiш құрал­­дар­дың шама-шарқы жетер ме екен, жетпес пе екен?

Осыдан отыз жыл бұрын болған оқиға, тағы бiр «түсiнiксiз қазақ» туралы айтудың ретi бүгiн келiп отыр. 1991 жылы тамыздың 19-шы жұлдызы күнi таң азанындағы Мәскеу радиосының хабарлары КСРО Жоғарғы Кеңесi төрағасы Лукьяновтың мәлiмдемесiмен басталды. Содан кейiн КСРО вице-президентi Янаевтың жар­лығы оқылды. Iле-шала кеңес бас­шылығының мәлiмдемесi жа­рияланды. М.С.Горбачевтің ден­саулығына байланысты өзiнiң мiндеттерiн орындай алмауына, бұл мансаптың Янаевтың қолына көшуiне байланысты елдiң жекелеген жерлерiнде алты айға төтенше жағдай енгiзiлдi. КСРО-да төтенше жағдай жөнiндегi Мемлекеттiк комитет құрылып, оның құрамына Қорғаныс кеңесi төрағасының бiрiншi орынбасары Бакланов, Мемлекеттiк қа­уiпсiздiк комитетiнiң төрағасы Крючков, премьер-министр Пав­лов, Ішкi iстер министрi Пуго, КСРО шаруалар одағының төр­ағасы Стародубцев, Мемлекеттiк кәсiп­орындар ассоциациясының төрағасы Тезяков, Қорғаныс ми­нистрi Язов, КСРО Президентi мiндетiн атқарушы Янаев кiрге­нiн хабарлады.

Сол күнi Қарағанды облыс­тық «Ор­та­лық Қазақстан» газетiнiң ­редакторы кеңсесiнiң есiгiн жа­уып алып, бiр мақала жазды. Ай­дары: «Жексенбiден дүйсенбiге қара­ған түнi Кеңес Одағында төңке­рiс жасалды». Тақырыбы: «Иә, бұл – төңкерiс!». «Иә, көреген сая­сат­шылар әлдеқашан айтқан диктатура қатерi iс жүзiне айналды, деп жазды Нұрмахан Оразбеков, – Заңды сайланған Президент­тiң денсаулығы кенеттен нашар­лап, елдi басқара алмайтын жағ­дайға жеттi деген қып-қызыл өтi­рiкке сене қоятын ақымақ бү­гiнде күндiз қолыңа шам алып iздесең де табыла қоймас. Иә, бұл – қып-қызыл төңкерiс!»

Газеттiң ертеңгi санына ке­тiп бара жатқан материалды сек­ретариаттағы, бас­қа да жi­гiт­тер оқиды. Сол кезде редак­цияға жазушы Жайық Бектұров келе қалады. Бұл өзi сталиндiк репрессияның өткелегiнен өткен өте сақ адам.

– Бiр тыңдаса, Сiздi тыңдай­ды, сөй­лесiңiз! – деседi жiгiттер.

Жақаң:

– Ең болмаса, шапкасын жұм­сарт­сайшы. «Кеңес Одағында ма­ңызды оқиға болды» десең де, жетедi ғой. Көке­йiмiз­дегi сөзi­мiз­дi айтамыз деп, көрдiк қой азапты! – дейдi.

Сонда Н.Оразбеков:

– Жақа, сөздi шығын қылма­ңыз. Ендiгi кезек бiздiкi шығар, бәлкiм. Тағ­дыр солай болса, бұқ­пантайлағанмен құтыла алмас­пыз! – деп көнбеген.

Кейіннен осы жазушы Жайық Бек­тұровтың 100 жылдық тойында Қара­ғандыға келген Н.Ораз­беков осы Тамыз бүлiгiне байланысты бiр фактiнi ортаға салып еді. Сол кездерi Қарағанды обкомы ГКЧП-ның күллi қаулы-қарар, нұсқауларын тiрi жанға көрсетпей, сейфке тығып тастаған көрiнедi...

– Рас па?! – дедiм мен аң-таң қалып.

–  Сен, Серiк, – дедi Нұрекең жақтыр­май қалып, – Қазақ ком­мунистерiнiң бәрiн Елтай Ерна­заров деп ойлайсың ғой деймiн?!

Бiр кезде өзiмнiң де коммунист бол­ғаным ойыма түсiп, қы­зарақтап қалдым. Бүгiнде ел арасында сол сойқан Кеңес өкi­метi­нiң түбiне жеткен Гор­бачев­тi сатқын деп айыптайтындар ­жиi кездесiп қалады. Сол 1991 жы­лы ГКЧП дегенiне жетiп, Ке­ңес ­өкi­метi қайта орнағанда, бая­ғы таз кепешiмiздi қайта киiп, ­қан­ды шеңгелде көзiмiз ба­қы­райып ­отыра бере­тiн едiк қой. Коммунис­тік идея етінен өтіп, сүйегіне жеткендер үшін адамзат тарихында Сталинге жетер ақылман тұлға, КСРО-ға жетер ел жоқ...

Тәңiрi сол кезде «Қазақстан­ның Ха­лық қаһарманы» ата­­­ғын осы Нұрмахан Ораз­бековтiң маң­­дайына жазғандай едi. Ол сол кезде қазақ өз алдына, аузы дуалы орыс журналистикасы да айта алмаған сөзді айтқан! Бiрақ оны өзiнiң қазағы да, ойы озық демократияшыл орыс көршiсi де түсiнген жоқ... Ол кез­де ақы­лымыз алтау, ойымыз же­теу бол­ған шығар? Содан бері 30 жыл өтті. Есімізді әлі жиған жоқ­пыз ба?!

Нұрмахан Оразбеков – «Ор­талық Қазақстанның» редакто­­ры болып келген бетте газеттiң маң­­да­йындағы «Барлық елдердiң ­пролетарлары, бiрiгiңдер!» – деген ұранды алып тастаған адам. Кеңес өкiметiнiң кезiнде! «Кiтабы жоқ жазушы» Жайық Бектұровтың сандығында 30-40 жыл бойы жа­рыққа шықпай, сар­ғайып жат­­қан Алашорда ардақтылары тура­лы жазбалар осы газетте жал­ған­ның жарығына шықты. Мағ­жан Жұ­мабайдың «Батыр Баян» дастанын осы газет республикада бiрiншi болып жариялады.

Ол кезде мен Қарқаралыда едім, СССР Жазушылар одағы­ның мүшесі деген дардай ата­ғым да бар, бірақ бұл газет менің өлең­дерімді де шығармаушы еді, Нұрағаң келген соң біздің де бағы­мыз ашылып сала берді.

1991 жылы Қарағандыда Қасым Аманжоловтың 80 жыл­дығы дүркiреп өттi. Мен онда Қазақстан Жазушылар ода­ғы Қарағанды облыстық бөлiм­шесiнiң хатшысы едiм. Облыстық атқару комитетi төрағасының орынбасары Рымбала Омарбе­кова, Нұрмахан Оразбеков үше­уiмiз той қамымен Қарқаралыға келдiк. Қасым туралы баяндама­ны кiм жасайды деген сұрақ туын­дады.

– Мен жасаймын! – дедi аупарт­ком­ның бiрiншi хатшысы.

– Сен неңдi айтасың? – дедi Нұрекең жұлып алғандай, – Қан­ша қойдан қанша қозы, қанша сиырдан қанша бұзау ал­ға­ның­ды айтарсың. Ақын туралы сөз­дi ақын айтуы керек қой. Баян­даманы Серiк жа­сайды! – дедi. Мен ыңғайсызданып қал­дым. Келе салып, Қасымның қара том­­­дарын қайта-қайта ақтарып, өзiм бұ­рын-соңды бiле қойма­ған сиқыр әлем­ге сүң­гiдiм де кет­тiм. Сол тойда менiң Қасым ту­ра­­лы сөзiмдi жұртшылық жыл­ы қа­был­дады.

90-жылдары Нұрекең Алма­тыға қай­та көштi. Аяулы ағама Абайдың ХХ ға­сырдың 30-жыл­дарының басында шыққан сар­ғайған бiр көне томын сыйға тарт­тым. Ағам кiтаптың сары па­­рақтарын аударыстырып, қас­тер­леп, сипап отырып: «Абай ағам­ның шығармаларын мен алғаш осы кiтаптан оқып едiм. Кейiннен көз жазып қалдым. Қолыма қайта түсер деп ойлаппын ба?» деп мәз-майрам болды.

...Сол Нұрағамның да мына жарық дү­ниеден озғанына 4-5 жыл болып қа­лып­ты. Абайды түйсіне, түсіне алмаған қа­зақ абайшыл, алашшыл бауырларын да тү­сіне алмай қалды! Осы бетімен ке­те берсе, түсіне алмай да кете беретін сы­қыл­ды... «Түсінгендей...» сыңай таны­тып жүре беретін сықылды... Біз Абайды табынатын пұтқа, культ­ке айналдырып алған жұртпыз. Оқымаймыз, мүлде! Оқымаған соң, түсінбейміз! «Абай былай деген...» дейміз. Алашты аузы­мызға қарату үшін, тіпті, имен­діру үшін де Абайдың атын атаймыз! Бұл ұлттық трагедияға айналып барады! Неге? Енді біз­ден кейін дүниеге келетін буын Абайды, мүлде, оқымай кетуі мүм­кін! Атын айта салсақ жетеді деп ойлауы ғажап емес?! Осы­дан бір-екі-үш жыл бұрын Әдебиет порталы «Қасымнан ке­йінгі үз­дік он ақын кім?» деген сауалда­ма таратты. Қасымнан кейінгі үздік он ақынды 7-8 млн қазақ «анықтайтын» болса... жетіскен екенбіз! 7-8 миллион қазақтың ішінде Абайды түсініп, Абай­ға тұшынатын 700-800 қазақ бол­са, біз ин­теллектуалдық дамудың биік шыңында тұрған ел боламыз ғой?! Ресей Пушкинді түсі­ніп бітті ме?! Англия Байронмен, Америка Уитменмен, Германия Гете­мен, Испания Лоркамен, Ре­сей Пуш­кинмен өмір сүріп жатыр ма?! «Жақсы менен жаман­ды айырмадың, Бірі – қан, бірі – май боп енді екі ұртың» деген Абай сөзі бүгінгі қазақ үшін әлі ­де көкейкесті сөз болып тұр!

Тамыз бүлігі кезінде, – қалың орыс орма­нының өзі ұйқыдан ояна алмай жат­қанда, Алаштан алдаспандай жарқы­рап шығып: «Бұл – мемлекеттік төңкеріс!» деп жаһанға жар салған журналист Нұрмахан Оразбектің есі­мі ұмытылмауға тиіс! Биыл – ұлт­тық Тәуелсіздігімізге отыз жыл. Осы ұлыстың ұлы жылы қар­­са­ңында Нұрмахан Оразбекті «Халық қаһар­маны» атағымен марапаттайтын кезең келді! Бұл оған емес, ең әуелі мәң­гілік ел бо­лам дейтін қазақ халқына керек! Жер бетіне 70 жыл ойран салған тота­литарлық қоғамның соңғы рет тұяқ сер­піген сәтінде оған өршелене қарсы шық­қан адамның қазақтың баласы екен­дігін ғаламға паш етіп көрсету үшін керек бізге! «Ел болған соң ер туғызбай оты­ра алмайды» (Мағжан) дегенімізбен, құр­са­ғы­нан жаралған ер-ұлдарының қадір-қасиетін білмесе, елдің де еңсесі төмендей береді ғой?..

 

Серік АҚСҰҢҚАР