Ұлы даланың ежелгі дәуірден бастап қазірге дейінгі тарихын зерттеуді жалғастыруға Президент Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында аса мән берген болатын. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Қазақстан тарихы ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін» 7 томдық іргелі ғылыми еңбекті әзірлеуде. Осы орайда институт директоры Зиябек Қабылдинов өздерінің бастамасымен қолға алынған академиялық еңбектің дайындалу барысына тоқталып өтті. Оның айтуынша, академиялық жинақтың үшінші томы Алтын Орда дәуірімен байланысты. «Сонымен бірге шетелдік аудиторияға арнап Қазақстанның қысқаша тарихын жазу жұмысы қолға алынуда. Бұл еңбекте де Алтын Орданың тарихы қажетті деңгейде көрсетіледі. Зиябек Қабылдинов атап өткендей, бүгінде Қазақстан – посткеңестік елдерде Алтын Орданың егемендігін жалғастырған бірден-бір егеменді ел. Сондықтан да Қазақстан басқа да түркі халықтарының қатарында осы мемлекеттік құрылымның мұрагері болып саналады.
Тарих тақырыбын толғаған жиынды жүргізген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Әлеуметтік даму жөніндегі проректордың міндетін атқарушы Әлия Масалимова қарар қабылданып, ғалымдар көтерген мәселелер алдағы уақытта да кең көлемде талқыланатындығын жеткізді.
Алтын Орда дәуіріндегі тарихи кезеңдерді өз зерттеулері негізінде түсіндіріп өткен ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Болат Көмеков «Дешті Қыпшақ және Алтын Орда» тақырыбында баяндама жасады. Тарихшының айтуынша, осы аталған мәселенің бірқатар ерекшелігіне көңіл бөлінбей қалуда. Академик осы орайда дала өркениетінде көне ғасыр, орта дәуірде төрт алып империяның пайда болу тарихына тоқталып өтті. Ұлы дала шеңберінде пайда болған ғұндардың, көктүріктердің, қыпшақтардың және де Еуразия құрлығындағы Шыңғысхан империясының маңызын ашып көрсетті. Болат Көмеков өз сөзінде Жошы хан ұлысының маңызын, рөлін анықтау үшін Шыңғысханға дейін тарихымызды, қандай жағдайда болғандығы мен қандай үрдістерден өтіп, немен аяқталды деген мәселеге зер салу қажет», деді. Осы орайда Жошы ұлысын динамика ретінде қарастыруды ұсынған тарихшы екі ғасырда көптеген өзгерістің орын алғандығын назарға алып, тарихи үдерістердің жүзеге асу барысындағы кезеңдерге тоқталу қажеттігі мен деректерді әрі қарай зерттеу ісінде Алтын Орда тарихын жете білетін мамандар қажет, деп атап өтті.
«Тұңғыш Президент – Елбасының тапсырмасымен ұлттық тарих саласындағы зерттеулерді кеңейту мен тереңдету жөніндегі шараларды жүзеге асыру мақсатында арнайы комиссия құрылып, әлемнің көптеген елінен 30 мыңға жуық деректер жиналды. Сол кезде Алтын Орданың 750 жылдығы назарымызға ілінген болатын. Кеңестік кезеңде бағзыдағы тарихымызды айта алмай келдік. Осы орайда үш мың жылдыққа қарай тереңдейтін тарихымызды өзіміз зерттей алатын, үлгі болатын кезеңге келдік. Ал Алтын Орда арғы тарихымызға сәуле түсіретін кезең» деп атап өткен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорының кеңесшісі Өтеген Оралбаев ендігі кезекте тарихшылардың алдында қайраткерлік һәм ғылыми парыз тұрғандығын еске салды.
Алтын Орда дәуіріндегі әдебиет пен дін тақырыбына баяндама жасаған тарих ғылымдарының докторы, профессор Юлай Шамилоғлы фольклор, Ислам өркениеті, парсы тіліндегі еңбектер барысына тоқталып өтсе, тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Мадияр Елеуов «Сыр бойындағы Алтын Орда ескерткіштері» тақырыбына қатысты деректермен бөлісті. Сырдың бойындағы Кердері, Асанас кесенесі, Іңкәрдәрия бойындағы Сырлытам, Ұйғарақ қонысы, Мыңшоқы қаласының тарихы әрі осы аумақтан табылған жәдігерлер аймақтың археологиялық маңызын аша түседі. Ал осынау тарихи ескерткіштерге мемлекеттік тұрғыдан көңіл бөліп, туризм бағытында дамыту – уақыт талабы.
«Тоқтамыс және алыптар шайқасы» тақырыбында баяндама жасаған Талас Омарбеков Тоқтамыс ханға ерекше назар аударудың себептеріне тоқталды. Негізінде «Алтын Орданың мұрагері кім?» деген сұраққа жауап іздегенде Тоқтамыстың заманы біздің қазақтың тарихы екеніне назар аудару қажет. Тоқтамыс және оның алдында Ұрыс ханнан бері қарайғы кезең қазақ тарихының дәуірі болып табылады», деп атап өтті тарихшы. Осы тұста Жошы ұлысын да қазақ тарихымен байланыстыру мәселесі бой көрсетеді. Бірақ Жошы ұлысынан кейінгі оның ұрпағы Бату және оның ұрпақтарының қазақ даласына тікелей қатысы жоқ. Ханның ұрпақтары Алтын Орданы ұстап тұра алмай тарап кетті. Сондықтан да Талас Омарбековтің айтуынша, Батудың кезеңі біздің тарихымыздан тысқары жатыр. Осы орайда тарихшы қазақ тарихына қатысты деректерді екшегенде шетелдік, әсіресе орыс зерттеушілерінің деректеріне сын көзбен қарау қажеттігін алға тартты. Өйткені орыс тарихшыларының еңбектерінде Тоқтамыс ханға қатысты жағымды деректер кездеспейді. Ол Әмір Темірге қарсы 400 мың қол жинаса, Шыңғысханның өзі қазақ жеріне 250 мың ғана әскерімен кірген. Тоқтамыс Алтын Орданы он жеті жыл билеген. Оның үлкен жұмысы өзіне дейінгі кезеңде жиырма бес жылға созылған таққа таласу үрдісін тоқтатып, Күліктегі (Куликов) шайқаста Мамайды өлтірді. Осы тарихи деректерді дұрыс саралап зерттемесек, Алтын Орда тарихы бос тарих болып қалады», деп атап өтті Талас Омарбеков.
Тарих тақырыбын қозғаған алқалы жиын әрі қарай да мазмұнды зерттеулермен жалғасын тапты. Конференция қатысушылары археологиялық зерттеулер, соның ішінде Жошы ұлысының, Ноғай Ордасы мен Қазақ хандығының рухани астанасы болған Сарайшық қаласына және қазіргі уақытта қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан Сыр бойындағы ірі сауда және қолөнер орталығы болған Қышқалаға, сонымен бірге Алтын Ордадағы тұрмыстық ахуал, Еуразия құрлығындағы саяси, мәдени және әлеуметтік тарихты зерттеудің заманауи қырларына зер салып, арнайы қарар қабылдады.
АЛМАТЫ