Республикалық «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты мамандары аталған бағдарлама негізінде атқарылуға тиіс жұмыстар үш бағыт бойынша іске асып жатқанын айтады. Атап айтқанда, бірінші бағыт – шетелдегі материалдық мәдениет пен өнердің үздік жетістіктерінің көрме-тұсаукесерлері; екінші бағыт – қазақстандық авторлардың үздік әдеби шығармаларын шетел тіліне аудару және әлем оқырмандарына таныстыру; үшінші бағыт – театрлар мен ұжымдардың шетелдегі гастрольдері.
Атқарылған шаруаларға қатысты нақты дерек пен дәйекке жүгінер болсақ, осы жылдың бірінші жартыжылдығына дейін еліміз және шетелдерде «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақ мәдениеті» жобасы бойынша – 150-ден астам мәдени-рухани іс-шара өткізілген екен. Атап өтер болсақ, осылардың 86-сы әртүрлі деңгейдегі мәдени-саяси-рухани басқосулар, 12-сі кітап және фотокөрмелері, сонымен бірге, 8 туындының тұсаукесері, 8 дөңгелек үстел, семинар-дәрістер, 9 бейнеконференция, Қазақстанның тарихы мен мәдениеті туралы 5 кинокартина көрсетілімі, еліміз әртістері мен шығармашылық ұжымдардың 4 концерті ұйымдастырылып, Абай және Әл-Фараби орталықтары қатарлы 6 нысан ашылған екен. Аталған оқиғаларды насихаттау мақсатында шетелдік БАҚ-тарда 60-қа жуық мақала жарияланыпты.
Жобада көрсетілген мәдени бағыттар бойынша 2018 жылы Францияның Кот-д Азур қаласында 8-19 мамыр аралығында өткен халықаралық 71-ші Канн фестивалінде еліміздің ұлттық павильонының көрмесі өтіп, онда соңғы жылдардағы үздік кинокартина және жас режиссер Әділхан Ержановтың «Әлемнің тендерлік бей-жайы» жұмысы кинофестивальдың «Ерекше көзқарас» атты арнайы бағдарламасына енгізілсе, Жаннат Алшанованың «Маусымның соңы» фильмі «Кинофонд» бағдарламасына ұсынылыпты.
Бағдарламалық жобаның алғашқы жылы (2018) қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде «Заманауи қазақ бейнелеу өнерінің антологиясы» каталогы шығарылып, ҚХР, АҚШ, Түркия, Ресей, Финляндия, Корея, Малайзия, Мажарстан, Швеция қатарлы 28 мемлекетте қазақстандық әдебиет орталығы ашылып үлгерді. Сондай-ақ «проза» және «поэзия» жанрлары бойынша Қазақстан әдебиетінің шығармалары БҰҰ-ның 6 тіліне (ағылшын, француз, испан, араб, қытай, орыс) аударылды. Жалпы, таралымы 120 000 дана қазақстандық поэзия антологияларының тұсаукесерлері – 2019 жылы 25 қыркүйекте Лондонда, 27 қыркүйек күні Мадрид және француз астанасы Парижде, 30 қыркүйек күні Мәскеуде, осы жылы қазан айының 15 жұлдызында Каир қаласында өткізіліпті.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы маңызды оқиғаның бірі – Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың биылғы жылдың басында шетелде жарияланған «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы болды, – дейді «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасының орынбасары, саяси ғылымдар докторы Әсем Қайдарова ханым.
Мемлекет басшысының мақаласы – «ЕU Reporter» (Бельгия), «Prazsky zpravodaj», «Halo noviny» (Чехия), «Факти» (Болгария), «Inside Recent» (Сингапур), «Post of Asia» және «IRNA» АА (Иран), «Созвучие» (Беларусь), «Қырғыз туусу» және «Пикир» (Қырғызстан), «Tajikistan times» (Тәжікстан) және т.б. шетелдік газет-журналдарда жарияланған екен.
Өткен жылдың бірінші жартыжылдығында қазақ әдебиетінің классиктері мен басқа да отандық авторлардың 12 кітабы қырғыз, малай, моңғол, нидерланд, португал, түрік және украин тілдеріне аударылып жарық көріпті. Олардың ішінде Абай шығармалары (қарасөздері мен поэмалары) қырғыз, малай, моңғол, нидерланд, португал және украин тілдеріне аударылып өз оқырмандарын тапса, жазушы Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романы, профессор Мырзатай Жолдасбековтің «Жамбыл Жабаев – Ұлы дала ақыны» туындылары түрік тілінде жарық көріпті.
Сондай-ақ аталған бағдарлама аясында атқарылған маңызды оқиғаның бірі – Қазақстанның шетелдегі ресми мекемелері қазақ әдебиеті туындыларын шетелдік ғылыми және білім беру институттарына жолдауы десек қателеспейміз. Бұл шара негізінде шетел тілдеріне аударылған Қазақстан қаламгерлерінің кітаптары – Стокгольм қоғамдық кітапханасына, Швеция Республикасының Лунд университетіне, Словакия Республикасы Ғылым академиясының Философия институтына, Әзербайжандағы Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорына, Мажарстандағы Сегед университетінің кітапханасына және Испания елінің Каталония Ұлттық кітапханасына жолданыпты.
Осы орайда қазақ мәдениетін насихаттауға арналған тағы бір елеулі іс – биылғы мамыр айында Қазақстан Республикасының Бразилиядағы елшілігі Аргентина, Боливия, Колумбия, Парагвай, Перу, Уругвай, Чили, Эквадор елдерінде қызмет жасап жүрген дипломатиялық өкілдіктері арқылы испан тіліне аударылған «Қазақ әдебиеті антологиясын» аталған елдердің ұлттық кітапханаларына, жоғары оқу орындарына және ғылыми орталықтарына жолдауы болса керек.
Қазақ мәдениетін шетелде насихаттаудың тағы бір бағыты – отандық фильмдер. Осы орайда кино туындылар арқылы Қазақстанның тарихы мен мәдениетін насихаттауға ерекше көңіл бөлінуде. Отандық кино режиссерлер – Т.Арғанчеевтің «Абай. Өмір-
баяны және шығармашылығы», Д.Жолжақсыновтың «Құнанбай», А.Садықова пен Ғ.Насыровтың «Қазақ биі», Р.Әбдірашовтың «Қазақ хандығы. Алтын тақ», «Алмас қылыш», А.Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» және т.б. фильмдері БАӘ, Швеция, АҚШ, Эфиопия, Болгария сияқты елдерде көрсетілді.
Сонымен бірге қазақстандық авторлардың ең үздік әдеби шығармаларын шетелдік аудиторияға танытуға бағытталған ауқымды жоба қолға алынған екен. Нәтижесінде, 2020 жылдың 5-9 ақпанда посткеңестік кеңістік елдері үшін ең ірі кітап көрмесі саналатын 27-ші Минск Халықаралық кітап жәрмеңкесіне және 20-23 ақпанда Балтық елдері арасында өтетін ең ірі 21-ші Халықаралық Вильнюс (Vilnius Book Fair) кітап жәрмеңкесіне қазақ қаламгерлерінің туындысы қойылғаны қуантарлық оқиға ретінде атап өтілуде.