Коронавирус • 23 Маусым, 2021

Еріктілер екпе алуға шақырады

350 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағандының жастары коронавирус инфекциясымен күреске өздерінің сүбелі үлесін қосуға белсеніп шықты. Жақында олар «COVID-ті тоқтат, вакцина ал!» атты челлендж ұйымдастырып, қала тұрғындарын індетке қарсы тұру ісінде белсенділік танытуға шақырды.

Еріктілер екпе алуға шақырады

Сөйтіп, аталған іс-шараға қатысқан 30 қарағандылық жас видеоролик­тер арқылы елге екпе алудың маңызын түсіндірді, вакциналаудан өткен өзде­рінің тәжірибесімен бөлісті. Айта кету керек, акцияға қатысушылар арасында қалалық штабтың еріктілері, жастар мәслихатының депутаттары және жас оқытушылар болды. Мысалы, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың бел­сенді студенті Бектас Жұман қалып­ты өмірге қайта оралудың бірден-бір кепілі вакцина алу екендігін айтады. «Жаман тұмауды» алғашқылардың бірі болып жұқтырған ол екпе салу орталықтары ашылғанда, ойланбас­тан тізімге бірін­шілердің қатарында тіркеліпті.

– Менің туыстарым да індеттің жеңіл түрімен ауырып шықты. Қазір олар вакцина салдырып алған. Екпе бізді ел ішіне дендеп енген індеттен құтқарады деп ойлаймын, – дейді белсенді жас.

Ал Қарағанды техникалық универ­ситетінің магистранты және «Жас Ор­да» жастар қауымдастығының жетек­шісі Ілияс Смаилов болса, Спутник V вакцинасының екі компонентін де ал­ғанын, қазіргі жағдайда өзін жақ­сы сезінетінін айтады. Оның айтуын­ша, екпе алуға достарымен бірге бар­ған екен. «Вакциналау ұжымдық имму­нитетті қалыптастырады», деген магистрант та жұртты жаппай екпе алуға шақырды.

«Сары» аймаққа өткен Қарағанды облысындағы эпидемиологиялық жағ­дай әлі де болса жақсарып кеткен жоқ. Соңғы тәуліктегі мәліметтер осылай деу­ге толық негіз береді. Мәселен, ап­та басында өңірде «жаман тұмаумен» ауыр­­ғандар саны 150 науқасқа жетсе, жазылып шыққандарының саны бар-жоғы 50 адамды құраған екен.