-Нұрдаулет Иманалиұлы, әңгімемізді бастамастан бұрын жұмыс барысына шолу жасап өтсеңіз. Соңғы жарты жылда елордадағы діни ахуал қалай? Қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
-Дін – қоғамдық сана негіздерінің бірі, адамзат баласының ажырамас бөлігі. Сол себепті де, дінге деген ықылас, осы саладағы қызметке деген қызығушылық әрқашан жоғары. Біздің қазіргі міндеттеріміздің бірі осы саладағы заң нормаларының бұзылмауын, дәстүрлі емес діни ағымдарға адамдардың кіріп кетпеуін қадағалап, мониторинг жүргізу. Елордамызда Дін істері жөніндегі басқармаға қарасты Діндерді зерттеу орталығы жұмыс жасайды. Орталықтың қызметі елордадағы дін мәселелерін, діни бірлестіктер қызметіне, діни білім алу мәселелерін, діни ахуалды зерделеуге бағытталған. Сонымен қатар, орталық тарапынан жоспарлы оқыту семинарлары, жастар мен әйелдер аудиториясына қатысты мақсатты жұмыстар, интернеттегі діни ахуал мониторингі, елордалық тұрғындардың әртүрлі санатымен ақпараттық-түсіндіру кездесулер өткізіледі.
Жақында ғана қала тұрғындарына Республикалық ақпараттық түсіндіру тобы мүшелерімен бірлескен кездесулер ұйымдастырылды. Жыл басынан бері 20 мыңнан астам адамға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әртүрлі аудиториямен жұмыс жүргізудің өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары болады. Апта сайын әртүрлі тақырыптарға тікелей эфирлер жасаймыз, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, жастардың рухани дамуына үлесімізді қосу біздің басты мақсатымыз. Жұмыс барысын жетілдіру үшін жыл басында үздік деген мамандар қайта іріктеліп, ақпараттық түсіндіру тобын жаңарттық. Бұл да қоғамның діни сауаттылығын арттыру үшін жасалуда.
-Жоғарыда діни заңнамалық нормалар туралы сөз еттіңіз. Сол туралы толығырақ айта кетсеңіз.
-Қазақстан Республикасында діни қызмет және діни бірлестікер туралы заңнама бар. Кейбір адамдар аталған заңнаманы бұзып жүргендерін білмеулері де мүмкін. Жыл басынан бері OLX қосымшасы арқылы 7 адам діни кітап сатқаны үшін, 100 АЕК көлемінде айыппұл төледі. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты әлеуметтік желі арқылы діни әдебиеттерді сататындар саны асқан. Осы тұста тұрғындарға айтарым, діни кітаптарды таратпауларыңызға және сатпауларыңызға кеңес беремін. Интернетті қандай діни кітаптар сатылады, әлеуметтік желілерде қандай діни аккаунттар бар, сол аккаунтарға кім жазылған, соның бәріне біз тұрақты түрде мониторинг жасап тұрамыз. Бұл жұмыстың бір жағы ғана. Қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы халықты алдап-арбайтындар саны күрт артып кетті. Бұған пандемия да өз себебін тигізуде. Қазір интернетке байланған өмірде әркім өз білгенін жасап, әлеумеметтік желі бақылаусыз қалса, онда біздің қоғамда хаос болады. Сондықтан да, адамдар интернетті дұрыс пайдаланғандары абзал. Мысалы, жыл басынан бері діни 65-ке жуық аккаунтты бұғаттадық. Себебі, олар қазақстандықтарды жиһад жасауға үгіттеп, экстремистік ұйымдарға пропаганда жасаған. 4 мыңнан астам адамға ескерту жасадық. Ағымдағы жылы деструктивті діни топтарға тіркелген 2204 адамға топтан бас тарту бойынша ескерту хаты жолданды. Жүргізілген түсіндіру жұмыстар нәтижесінде 326 астам азамат радикалды діни парақшаларын өшіріп тастады. Жыл басынан бері Басқарма интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерге деструктивті идеяларды насихаттайтын материалдарға мониторинг жүргізу барысында 12 мыңға жуық радикалды материалдарды анықтап, ары қарай бұғаттауға жіберді.
Еске сала кетейін, күмәнді діни қауымдастықтарға жазылу, деструктивті материалдарды тарату, басқа платформаларға жіберу, репосттар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 453 және 490-баптарының бұзылуына әкелетінін атап өткім келеді.
-Өзіңіз айтып өткен деструктивті діни ағымдарға көп жағдайда қандай адамдар түсіп кетеді?
-Жастар арасында жат ағымға еріп кету қаупі жоғары. Дәстүрлі емес діни ағымдарға түсіп кететіндердің басым көпшілігі 16-29 жас аралығында. Сол себепті де, басқарма жастар ұйымдарымен тығыз қарым-қатынас жасап, жастармен тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырып тұрады. Ондағы мақсатымыз - жастар арасында діни сауаттылықты арттырып, дұрыс бағыт-бағдар беру.
Жұмыс барысында әртүрлі жағдайларды көресің. Мысалы, жақында мектеп оқушысы интернет арқылы шет ел азаматымен танысып, шекара асып кетпек болғанда ұсталды. Абырой болғанда, 14 жасар қыз ата-анасына қайтарылды. Жаңағы жігіт деструктивті ағымды насихаттап, біздің бір емес, бірнеше отандасымызды алдаған. Тек қана жастар емес, өмір тауқыметін көрген орта немесе егде жастағы азаматтарымыз да жат ағымға еріп кететін жағдайларды кездестіресің. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында Дінтанушылар HUB-ын аштық. Ол жерде ҚМДБ-дан имамдар, зиялы қауым өкілдері, теологтар мен дінтанушылардан құралған үздік мамандар елорданың діни мәселелерін бақылауда ұстап, ұсыныстар мен проблемаларды талқылайды. Бұл да жұмыстың сапасын арттыруға арналған бағыттарымыздың бірі.
-Әлемді жайлаған пандемия салдары жұмыстарыңызға кері әсер еткен жоқ па?
-Проблема болған жерде, оның шешімі де болады. Пандемия салдарынан жұмысымыз тежеліп, сапасына кері әсер етті деп айта алмаймын. Алайда, халықпен етене араласуға мүмкіндік болмағандықтан, жоспарланған іс-шаралар мен адамдар арасында жүргізетін түсіндіру жұмыстардың форматын өзгеруімізге тура келді. Заманның ағымына сай, барлық әлеуметтік желі платформаларын пайдаланып, іс-шараларымыз бен кездесулерімізді онлайн өткіздік.
-Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
- Қазіргі уақытта жоспарларымыз өте көп. Жыл басталғалы бері ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, түрлі семинарлар, діни конфессиялардың басын қосқан іс-шаралар өткізілуде. Өздеріңізге белгілі басқармаға қарайтын діндерді зерттеу орталығымыз бар, ендігі жоспарда тағы екінші орталық ашу. Жалпы қортындылай келе, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша діни ахуал тұрақты, алайда, қарқынды түрде жұмыс жасап, жұмыс сапасын одан әрі жақсартуымыз керек.
Сөз соңында айта кетсем, қандай да бір діни ақпарат алғыларыңыз келсе, сұрақтарыңыз бен ұсыныстарыңыз болса, iKomek – 109 нөмірі арқылы хабарласа аласыздар.