Наразылық білдірген автобусшылар өз бағыттарына шығудан бас тартқан соң, оның кесірі қарапайым халыққа тиді. Аялдамаларда жиналған жолаушылар діттеген жеріне жете алмай зар болысты. Асыққандар такси ұстаған. Мұндай күндері такси парктері де бағаны аспандатып жіберуді әдетке айналдырған. Оларға «әй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ» сияқты.
Өскемендегі жағдайға келер болсақ, автобус жұмысшылары валидатордың енгізілуіне қарсылық білдірді. Себебі түскен ақшаның 20 пайызы үкіметтің қазанына түсетін көрінеді. Қазірдің өзінде, паркке кірген кіріс пайда әкелгенді қойып, өз шығынын әзер жабатын сияқты. Автобустардың әбден тозығы жеткендіктен, оны күтіп ұстау, бұзылған тетіктерін ауыстыру, жөндеу қымбатқа шығады. Одан бөлек, жанармай бағасы шарықтап кеткен. Жаза берсек, автобусқа қатысты проблема шаш-етектен. Бәрінен бұрын қала ішіндегі қоғамдық көліктің қозғалысы қарапайым халыққа кедергі келтірмеуі керек.
– Неге екенін білмеймін, Өскеменнің аялдамаларында автобусты сағаттап күтетін болдық. Әнеугүні 60-шы автобус тура бір сағат, жиырма минут дегенде келді. Аялдамаға жиналған ел келген автобустың белін қайыстырып жібереді. Санитарлық норма сақтауды айтпай-ақ қояйын. Таңертең, кешке автобустарда ине шаншыр орын жоқ. Оның үстіне Өскемендегі бірнеше автобустың терезесі ашылмайды. Күннің ыстығында тымырсық. Маскамен тұмшаланып жүру мүмкін емес. Оның бәрін қойдық, бастысы уақтылы жүріп тұрса, – дейді өзін Жазира Тілеубаева деп таныстырған қала тұрғыны.
Рас, қалаішілік қоғамдық көліктердің ағыны сиреп кетті. Валидаторға көшпес бұрын, автобустарды жаңартып, халыққа ыңғайлы жағдай жасап алса дұрыс па еді?! Ал заманауи төлем жүйесі өз ретімен енгізілер еді.
Алайда, облыс әкімі Даниал Ахметов өскемендік тасымалдаушылармен кездесіп, электронды төлемге көшу керектігін айтқан.
– Электронды билеттеуді қолдасаңыздар, мен сіздерді қолдаймын. Лизинг, субсидия мәселелерін рет-ретімен шешеміз. Екі айдан кейін қайта жиналамыз, – деді облыс басшысы.
Облыс әкімдігі берген мәліметтерге сүйенсек, электронды төлем жолаушылар тасымалы саласының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әсіресе, автобус иелерімен ынтымақтаса жұмыс істейтін жергілікті автопарктер үшін тиімді болмақ.
Сондай-ақ кездесуге қатысушылар субсидиялау мәселелерін талқылады. Жолаушы тасымалдау саласы өкілдерінің айтуынша, электронды билет жүйесі жеңілдетілген санаттағы жолаушылардың нақты санын көрсете алады. Алынған мәліметтер бөлінген субсидиялардың мөлшерін де дәл есептеуге мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды мәселе – автобус паркін жаңарту. Ол үшін облыс орталығының кейбір компаниялары техниканы лизингке алуға ниетті, оның үстіне мемлекет пен Еуропалық қайта құру және даму банкі қолдау көрсетуге дайын. Ендігі кезекте тасымалдаушылар өз саласын дамыту жоспарын жасайды, басқа мәселелерден бөлек бағыттарды өзгерту жөнінде ұсыныстарын дайындайды және автопарктердің жылжымалы құрамына жаңарту механизмдері енгізілмек. Нақты шешімдер екі айдан соң белгілі болады.
– Автобус парктерін дамыту, субсидиялау туралы сұрағымызды облыс басшылығына қойдық. Бірнеше жылға субсидиялау мәселесі қаралатын болады. Лизингке автобустар алуымыз мүмкін. Екі ай ішінде бұл мәселе шешілуі тиіс. Электронды төлемге әлем көшіп жатқандықтан, біз де соған қарай ыңғайланамыз. Бұл жолаушылар үшін ыңғайлы болғанымен, бізге қиындық туғызатын шығар, – деді «VOSCA» ЖШС директоры Қанат Қалелов.
Қоғамдық көліктің жүріп-тұруы – облыстағы өзекті мәселе. Жоғарыда айтқандай, Семейдегі «Semey Bus» басшылығының зейнетақы және басқа да аударымдар бойынша борышы жарты млрд-тан астам теңгені құрайды екен. Ай сайынғы зейнетақы аударымдары тұрақты болмағандықтан, несиеге де өтініш бере алмайды. Оның басты себебі, уақтылы жалақының төленбеуі мен зейнетақы жарналарының аударылмауынан секілді. Жұртшылықтың наразылығын тыңдаған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Баяхметов парк жұмысшыларына сотқа жүгінуге кеңес берген.
Шын мәнінде, автопарктер үшін жеңілдетілген санаттағы жолаушыларды тасымалдауға 70 млн теңге көлемінде субсидия қарастырылған көрінеді. Бірақ «Semey Bus» ЖШС-нің басқа ұйымдар алдында да қарызы бар сияқты. Осыған байланысты кәсіпорынның шоттары бұғатталған екен. Қала басшылығының айтуынша, субсидиялар аударылғаннан кейін, олар автоматты түрде ұжымның жалақысына емес, қарызды өтеуге жұмсалады екен.
Осындай ішкі проблемалардың салдарынан қарапайым халық жұмыстан кешігеді, болмаса такси жалдауға мәжбүр. Тұрғындардың амалсыздығын білген таксишілер де бағаны көтеріп жібереді. Облыс әкімі уәде еткендей, Өскемендегі автобус мәселесі екі ай ішінде шешілуі мүмкін. Ал Семейдегі автобусшылардың наразылығына нүкте қойылатын түрі жоқ...
Шығыс Қазақстан облысы