Таным • 24 Маусым, 2021

Илон Масктың асқақ арманы ақтала ма?

1136 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

«Жүйріктің де жүйрігі бар, қазанаты бір бөлек, жігіттің де жігіті бар, азаматы бір бөлек», демеуші ме еді дана халқымыз? Міне, дәл сол айтқандай, АҚШ сынды алпауыт елдің бүгінгі таңдағы ең қалталы мультимиллиардері әрі іскерлік шеберлігі мен шексіз тәуекелге бел байлаған арманшылдығы жағынан алдына жан салмай келе жатқан тарландар шоғырының сырттаны Илон Маск (Elon Musk) туралы қалам тартпау мүмкін емес. Өйткені олай деуге толық негіз бар. Мәселен, қаршадайынан өз қатарының арасынан суырылып шығып, жүзден жүйрік қана емес, мыңнан тұлпар атанған Илон Маск жөнінде жарық көрген дүниелердің ішінде, әсіресе, соны ғылыми инновациялар мен заманауи технологиялар туралы ақпарат таратуды өз нысанасына айналдырған және осы бағытта үнемі қалам тартып жүрген америкалық жазушы Эшли Вэнстің (Ashlee Vance): Elon Musk: Tesla, SpaceX, and the Quest for a Fantastic Future (Илон Маск: «Tesla, SpaceX  және таңғажайып болашаққа барлау») туындысын ерекше атаудың жөні бар. Себебі бұл кітап алғаш рет 2015 жылы жарық көрген сәтте-ақ ең таңдаулы туындылардың санатына қосылып, өзінің өрелі өзектілігі мен терең тартымдылығының арқасында әлем оқырмандарының назарына  бірден іліккен  болатын.

Илон Масктың асқақ  арманы ақтала ма?

Аталған кітаптың авторы, технология саласының кәсіби журналисі Эшли Вэнстің айтуына қарағанда, бұл туындыны жазуға салқынқанды Илон Маск бастапқы кезде ыңғайсыз жайға тап болып қалам ба деген оймен бірден келісім бере қоймаған. Алайда, Эшли Вэнс алған бетінен қайтпай, қайсарлық таны­тып, Маскпен қызметтес екі жүзге тарта адаммен жан-жақты сұхбат жүргізіп, қомақты ақпарат жинап алғанын білген соң жазушыға барынша ықылас таныта бастаған.

«Болар бала...» демекші, 12 жасар Масктың танымалдылығы алғаш рет өзі дүниеге келген  Оңтүстік Африкада тұ­рақты шығып тұратын «Дербес ком­пьютер және кеңсе технологиялары» журналында өзі құрастырған ба­ла­ларға арналған компьютерлік ойы­ны жарияланған сә­тінен басталғаны бай­қалады. Ал Масктың компьютерлік ойын­дармен әуестенуіне британдық қа­ламгер Дуглас Адамстың The Hitsh­hi­ker’s Guide to the Galaxy («Авто­стоппен Галактикаға сапар») фан­тас­тикалық шы­ғармасы түрткі болған сыңайлы. Әлгі ойынға қатысты қысқаша ан­нота­циясында Маск былай дейді: «Бұл ойында сіз өзге планеталардан келген ғарыш кемелерін сутегі бомбасымен немесе со­ғыс жағдайында қолданылатын жой­қын сәулелердің күшімен құртуыңыз керек».

Көріп отырғанымыздай, аталған ойын­ның өзінен-ақ қиялшыл Масктың космосқа деген асқақ арманының құ­­ла­ғы қылтиып тұрғанын байқамау мүм­­­кін емес. Айтпақшы, Масктың бұл тыр­нақалды туындысы оған 500 доллар го­­норар әкеліп,  ғарыш әлеміне де­ген оның құлшынысын бұрынғыдан бе­тер үде­тіп жіберген. Алайда ол заманда Оң­түстік Африкада қалыптасқан апар­теидтік жүйе ел ішіндегі саяси ахуалды мүлде шиеленістіріп, ақ нәсілділер мен қара нәсілділердің арасындағы қақ­ты­ғыс­тарды жиілетіп жіберген-ді. Бұл дүр­белең Илон Маскты қатты алаңдатып, өз арманының Оңтүстік Африкада орындала қоймайтындығына көзін біржолата жеткізеді. Оның үстіне, өзге елдер тарапынан Оңтүстік Африка мемлекетіне деген теріс көзқарас қалыптасып, әртүрлі санкция жиілеп кеткен-ді. Сондықтан да ендігі жерде Илон Маск Америка Құрама Штаттарына қоныс аударуға түбе­гейлі шешім қабылдайды. Бірақ ол кезде оңтүстік африкалықтарға АҚШ-қа виза алу өте қиын болатын, есесіне Кана­даға бару айтарлықтай жеңіл еді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Илон Маск ең алдымен, Канадаға жету үшін құ­­жаттарын дайындай бастайды, өйткені Канада­дан АҚШ-қа өту мүмкіндігі үлкен болатын.

Cонымен 17 жасында Илон Маск ал­дымен Канадаға, сосын Америка Құ­рама Штаттарына қоныс аударады. Пен­сильвания университетіне түсіп, физика және экономика саласы бойынша бакалавриат бағдарламаларын тәмам­дап, 1995 жылы Стэнфорд университеті­не түсіп, жоғары энергия саласы бо­йынша докторлық диплом қорғамақ болады. Бірақ екі жыл өткен соң қаражаттан қы­сылып, оқуын тастап, кәсіпкерлік жолға түсіп, кішігірім интернет-бизнесін қолға алады.

Илон Маск ашқан Zip2 компания­сы, негізінен, кез келген қағаз құ­жат­­тың электронды нұсқасын жасаумен айналысатын. Бұл қызметтің түрі ке­йі­нірек пайда болған Гугл немесе Яндекс секілді алып ақпарат іздеу жү­йе­лерінің алғашқы нұсқасы десе де әбден болады. Бастапқы кезде бұл қыз­меттің түрі бизнесаралық қарым-қа­ты­настарды жеңілдету мақ­сатында кез келген кәсіпкердің кеңсесінің қай жерде орналасқанын ғана емес, сол кеңселерге алып баратын оңтайлы мар­шруттардың картасын да қоса ұсынатын. Көп ұзамай бұл жоба Маск пен оның әріптестеріне өте үлкен табыс әкеле бастайды. Оңтайлы жағдайды пайдаланып, Маск бұл бизнесін 307 млн долларға сатып жібереді. Ал өзіне тиесілі 22 млн доллар қаражат­тың бір бөлігіне жеке ұшақ пен люкс спорт автомобилін сатып алады да, қалған бөлігін жаңадан тамыр алып келе жатқан PayPal деп ата­латын бизнес жобаға салып, оның құрыл­тайшыларының бірі ретінде интернет-банкингпен белсене айналыса бастайды. 

PayPal компаниясы болса, тез арада интернет-бизнестің ең тиімді түріне айналып, тұ­тынушыларға ақшалай тө­лемдерін электронды пошта­ жүйесімен жіберуге мүмкіндік бе­ре­тіндіктен, ең айтулы биз­неске айналып шыға келеді. Сөйтіп, 2002 жылы бұл компанияның капиталы 1,2 млрд долларды құрай­ды. Жар­ты жыл өткенде бұл бизнесті айту­лы «eBay» компаниясы 4 млрд дол­лар­ға сатып алады. Өз кезегінде бұл үрдіс Интернет-бизнестің қоғамда өте үлкен сұранысқа ие болып, қысқа мер­­зім ішінде кәсіпкерліктің мұндай тү­рімен айналысатындардың саны жүз­деген мың адамға жетеді. Ал өз капи­талын есе­леген Илон Маск болса, осы же­тіс­тігі­мен тоқтап қалған жоқ, керісінше, кәсіп­керліктің өзге түрлерін дамытуға күш салады.

2002 жылы Илон Маск өзінің өмірлік арманы болып табылатын ғарыш сапарларын жетілдіруге бағытталған SpaceX деп аталатын жеке бағдарламасын жа­риялайды. Ендігі жерде оның алдында космос кеңістігіне тек  ғарыш зымырандары мен пайдалы жүктерді ғана емес, экипаждарды да қоса алып шығара алатын ғарыш құрылғыларын жасап шығару міндеті тұрды. Сондықтан да SpaceX ­жобасына Илон Маск жүздеген млн дол­лар жұмсады. Алайда 2002 жылы ол банкрот болудың аз-ақ алдында тұрған болатын. Өйткені оның компаниясы ғарышқа ұшырған «Фалькон» зымырандары қата­рынан үш рет сәтсіздікке ұшырап, тек төр­тіншісі ғана орбитаға сәтті көтеріледі. Көп ұзамай Илон Маск АҚШ-тың мем­лекеттік ғарыш агент­­тігінің (NASA) назарына ілігіп, әлгі ал­па­уыт компаниядан  инвестиция тартуға қол жеткізеді. Сондай-ақ Ха­лықаралық космос станса­сымен (МКС/ISS) де тиім­ді байланыс орнатып, ғарышқа ауыр жүк­тер жеткізуге мүм­кін­дік беретін өте тиімді келісімшартқа қол қояды.

2012 жылы Илон Маск өзінің о бас­­­­тағы асқақ арманы болып табыла­тын Марсқа адам қондыру миссиясын орын­­дауға бағытталған ауқымды жос­па­­рының бүге-шігесін жариялай бас­тай­­ды. Ол мақсатқа қол жеткізу үшін SpaceX ең алдымен ғарыш айлағынан тік ұшып, тік қона алатын, әрі борты­на 100-ге жуық адам мен қомақты жүк­ті де қоса алып кете алатын көлік зымы­ран­дарының технологиясын шегіне жет­кізе жетілдіруді ең бірінші кезекке қоя­ды. Сонымен қатар бұдан былайғы жер­де ешкімге тәуелді болмас үшін, өз ком­паниясының жекеменшік космодромын салып бітіруді, әрі оны коммерциялық жолға қойып, өзгелерге жалға беріп, пай­да табу жағын да назарында ұстайды. Өйткені бұған дейін SpaceX  өзінің ға­рыш зымырандарын өте қымбатқа түс­се де, Флорида штатында орналасқан АҚШ-тың Әскери әуе күштерінің космодромынан ұшырып келген болатын.

Илон Маск қолға алған заманауи кәсіпкерліктің енді бірі – Tesla Motors жобасы. Бұл жобаның түпкі мақсаты –  бүгінгі таңдағы адамзатты қоршаған эко­логиялық ортаны шексіз ластап қа­на қоймай, сол ортада өмір сүріп жат­қан өзге тіршілік иелеріне де, тіпті фло­раға да алапат қатер төндіріп тұрған та­­жал­дың алдын алу. Бұл тажалдың аты – жер шарында мыңдап саналатын кө­мір және мұнай өнімдерін пайдаланатын жылу электр стансалары мен миллиондаған автомобильдерден немесе сондай отынды пайдаланатын ірілі-ұсақты сансыз өндіріс орындары мен қалалардың жылу жүйелерінен, кәдім­гі үйлердің пештерінен бөлінетін аса улы көмірқышқыл газы. Сондықтан да Илон Масктың Tesla Motors жобасының мақсаты – күллі әлемдегі ауыр және жеңіл автомобильдердің барлығын электр энергиясының қуатымен жүр­гізуге бейім­деу. Оның үстіне, ғылыми негізге сүйенер болсақ, күллі әлемдегі жы­лу электр стансаларында көмір мен мұ­­най және газ арқылы өндірілетін электр энергиясын егер электромобиль­дер тұтынатын болса, ол қуат көздерінің пай­далы коэффициентінің мөлшері 60 па­йызға теңеледі екен. Ал авто­мо­бильдер керісінше, тек бензин немесе газ қуа­­тымен жүретін болса, әл­гілердің пай­да­лы коэффициентінің мөлшері не­бәрі 20 па­йызды ғана құрайды екен. Де­мек, қал­ған 80 пайызы, іштен жанатын қоз­ғалт­­қыштардан бөлінетін улы газдарға айналып, күллі экологияны ластайды.

Бүгінгі таңда Tesla Motors компания­сынан мыңдап шығып жатқан Tesla Model S автомобилі жанармаймен жү­ретін ав­томобильден артық болмаса, еш­бір кем түспейтіні дәлелденіп отыр. Мә­селен, Тесла моделі 100 шақырым жылдамдықты небәрі төрт-ақ секундта алады және бұл үлгідегі электромобиль­дер эргономика тұрғысынан ғана емес, дизайн және қауіпсіздік жағынан да қазба отын түрлерімен жүретін автомо­бильдерден әлдеқайда ұтымды екені көзге ұрып тұр. Оның үстіне қатардағы Тесла автомобильдері 2006 жылдан бас­тап нарыққа шықса, бизнес кластағы үлгісі 2012 жылдан сатылымға шыға бас­­тады. Енді, міне, бюджеттік үлгісі де қолжетімді болып отыр.

Электромобильдердің осал жері – электр қуатымен жабдықтайтын стан­са­лардың аздығы. Сондықтан, Илон Масктың алдында тұрған бүгінгі негізгі міндеттердің бірі – ондай стансаларды тек АҚШ-та ғана емес, өзге мемлекеттерде көптеп салу. Сонымен бірге ол 2006 жылы өзімен ағайындас Питер ­және Линдон Рив дейтін ағалы-інілі жігіт­тер­­ге күн панельдерін шығарумен қатар, ­оны та­рататын және электромобильдер­ді тоқ­пен қамтамасыз ететін SolarCity («Күн қаласы») компаниясының негі­зін қа­­лау жөнінде кеңес беріп, сол бизнесті ұйым­­дастыруға көмек көрсетіп, әрі өзі сол ком­­панияның директорлар кеңесінің құрамына кіреді. 2008 жылы SolarCity ком­паниясы тұтынушыларға: «Біз сіз­дер­дің үйлеріңіздің шатырына тегін күн» батареяларын қойып береміз, есесіне бұдан соң электр энергиясына жұмсайтын төлемдеріңіздің мөлшері бірден азаяды. Мұны біз бақылап отырамыз», деген үндеу жариялайды. Осы үндеуден кейін күллі америкалықтардың шатырлары күн батареяларымен жабдықтала бастайды және олар 2012 жылы ең өтімді тауарға айналып шыға келеді. Илон Масктың бол­жамынша, 20 жыл ішінде әлемде қол­да­нылатын электр энергиясының басым бөлігі күннің қуатынан алынатын болады.

Иә, Илон Маскпен келісуге де, келіс­­пеу­ге де болатын шығар. Алайда бір нәр­­сені мойындауға тура келеді. Элек­тро­мобильдер ХХ ғасырдың басында пайда болды, ал күн батареялары сол ғасырдың елуінші жылдары шығарыла бастады. Ал космосқа алғашқы адам 1961 жылы кө­терілді. Солай бола тұрғанмен, адамдар жаппай ғарышқа аттанған жоқ. Элек­тромобильді де жаппай сатып алып жат­қан жоқ. Күллі үйлер де жап­пай күн қуа­тының есебінен жылытыл­майды. Алай­да күллі адамзаттың мен­та­ли­теті өз­гере бастағаны даусыз. Ал бұл өз­геріс­тің локомотиві Илон Маск екен­дігінде ешбір күмән жоқ.

Осы тұста Илон Маск осыншама та­бысқа қалай жетті деген сұрақ туын­дайтыны заңды. Ал мұның себебін  іздер болсақ, оны да Илон Масктың өзінен табарымыз анық. Өйткені дана халқымыздың бір керемет нақылы былай демеуші ме еді: «Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің, Қайғы түбі – тұңғиық, батасың да кетесің». Сол айтпақшы, біріншіден, Илон Маск – өте тәуекелшіл тұлға. Екін­шіден, өте шы­дамды. Үшіншіден, өте са­быр­лы. Төр­тіншіден, өте білімді әрі қара жұ­мыс­тан қашпайтын, қандай қиын жұмыс болсын өзі кірісіп кететін ең­бекқор адам. Бесіншіден, оның тегі жақсы, өте тәр­­­биелі әрі білімді ортадан шық­қан. Бесіншіден, ол өте балажан. Өзінен та­ра­ған алты баланы алақанына салып өсірді. Алтыншыдан, оның 28 жасында миллиардер болуы көп нәрседен хабар береді. Өйткені ең алдымен, ол өте, іс­кер әрі кез келген идеядан бизнес жа­сай алатын визионер. Жетіншіден, өзі бастаған кәсіпті дөңгелетіп алып кету үшін төңірегіне тек қана білікті, білімді әрі өте тәжірибелі мамандарды ғана тартады. Сегізіншіден, Илон Маск өтіріктен ада, әділетті. Тоғызыншы­дан, ол бос сөз айтпайтын әрі уәдесіне өте берік тұлға. Оныншыдан, ол – ақ­параттық технологиялармен жете қа­руланған ғажап бағдарламашы. Ең бастысы, ол – өзінің қара басының ғана қамын ойлайтын мизантроп емес, керісінше,  өз елінің мүд­десімен қатар, күллі адамзаттың қамын ойлайтын фи­лантроп тұлға. Сон­дық­тан да оның жо­лы болғыш, өйткені ол өз байлығын адам­заттың болашағын жақ­сарту, эколо­гияны тазарту және адам санасын өз­герту үшін аянбай жұмсайды.

Осындайда біздің жастар жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп, кезінде отыз жыл ел тізгінін ұстаған Димекең – Дінмұхаммед Қонаев айтпақшы, ас­пай-саспай, лас жерді баспай өмір сү­ретін, Илон Маск секілді патриот, іскер, тәуекелшіл және халқымыздың қамын ойлайтын ұлтжанды болып өссе ғой, шір­кін, деген асыл арман ойымызға орала беретінін жасырмаймыз.

 

Әділ АХМЕТОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі

Соңғы жаңалықтар