Қазақстан • 24 Маусым, 2021

Тағдыршешті маңызы бар тарихи қадам

651 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Әкімдерді сайлау мәселесін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет 1998 жылы көтерген. Ауыл әкімінің алғашқы тікелей сайлауы Алматы облысы Қаскелең ауданы Шамалған селосында 1999 жылы болды. Бұл сайлауға 7 үміткер түскен. Дауыс беруге сайлаушылардың 62% қатысып, Шамалған селосының әкімі болып сайланған Қайрат Байбақтынов сайлаушылардың 52,7% сеніміне ие болған еді.

Тағдыршешті маңызы бар тарихи қадам

Ол осы қызметті алты жыл бойы атқарыпты. Әкім атанғысы келгендер де аз болмапты. Олар халықпен кездесіп, өздерінің бағдарламаларын ұсынып, ауыл ішінде кәдімгідей үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, нағыз күрес орын алса керек. Оның себебі әкімді халықтың өзі сайлайтынында болып отыр.

Шамалғанда өткен сынақ ауыл әкімдерінің бюджеттік дербестігі мен оның өкілеттіктерінің шектеулілігі мәселесінің өзектілігін көрсетіп берді. Ол сонымен бірге ауыл тұрғындарының әкімдердің тікелей сайлауына дайын емесін де білдіргендей. Сондықтан 1999 жылғы бұл тәжірибе сол кездегі билік органдарының оны басқа аймақтарға таратпақ болған жоспарынан ештеңе шықпайтынын аңғартты. Содан бұл ой іске аспай, аяқсыз қалды. Ендеше, бұл ауыл әкімін сайлаудың қорытындысын сәтті немесе сәтсіз деп бағалаудың өзі қиынға соқты. Артынша заңдар өзгеріске ұшырап бұл деңгейдегі әкімдер жоғары тұрған басшылықтың шешімімен тағайындалды немесе оларды мәслихат депутаттары сайлап келді. Аудан әкімі 3-4 үміткердің кандидатурасын ұсынып, олар халықпен кездесіп, артынан дауыс берудің нәтижесінде 4 жылға сайланатын болды.

Осы күнге дейін ауыл әкімдерін аудандық мәслихаттардың депутаттары сайлайды, ал мәслихаттар аудан әкімінің айтқанынан шықпайды деген пікір бір толастаған емес. Ал кейбіреулер керісінше мәслихаттар аудан әкімдері ұсынған адамдарды тек қолдап, әкімнің айтқанын істейді дегенмен келіспейді. Басқа сарапшылардың аузынан тұрғындары аз ауылдарда әкімдерді тікелей сайлауға болады, ал адам саны жағынан ірі елді мекендерде жанама сайлау өткізген жөн деген сөздерді де естідік. Жалпы алғанда, олардың ойынша, ауыл әкімін сайлау немесе сайламау маңызды емес екен. Өйткені егер жергілікті өзін өзі басқару енгізілген жағдайда бұл сұрақ өзінен өзі күн тәртібінен түсер еді дегенді алға тартатындар да бар. Сонымен қатар біреулер аудандық мәслихаттарды жергілікті өзін өзі басқару органының қатарына жатқызса, келесілері мұндай пікірді қолдамайды. Халық арасында мәслихаттарды атқарушы биліктің «бір тармағы» деп санайтындар да баршылық. Осының негізінде сарапшылар Қазақстанда жергілікті өзін өзі басқару органдарының бар-жоғын түсіне алмай дал болуда.

Қазақстандағы саяси реформаның қарқынын экономикалық өзгерістермен қатар сайланбалылықты кеңейту және сайлау заңнамасы мен оның жүйесін жетілдіру, сол сияқты азаматтық қоғам инс­титуттарын нығайту сияқты басымдықтар айқындады. Осы бағытта жасалатын қадамдар анықталып, саяси реформалар бағдарламасының басты бағыттары нақтылана түсті. Мемлекеттік басқару жүйесін модернизациялау барысында ендігі жерде жергілікті билікті халыққа жақындататындай ахуал туғызуға көңіл бөлінді. Аудан әкімдерін сайлау бойынша сынақ өткізілді. 2005 жылдың тамызында Қазақстанның төрт ауданында әкімдердің эксперименталдық сайлауы өткізілді. Оларды мәслихат депутаттары сайлады. Бұл сайлаулар әкімдердің қызметіне оң ықпалын тигізді, олар белсенді жұмыс істей бастады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев әкімдерді мәслихаттардың сайлауы үлгісіне тоқтала келе, оны жергілікті жерлерде тепе-теңдік жүйесін орнықтыру керектігімен байланыстырды. Мәслихаттардың құзыретін ұлғайту, олардың әкімдерді бақылауын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізуге көңіл аударылды.

2006 жылдың 20 қазанында 49 аудан мен 10 қалада сайлау өткізілді. Сайлау науқаны барысында әкімдікке кандидаттар ретінде 150 адам ұсынылып, оның 144-і тіркелді. Аудан әкіміне кандидат болған 1 адам өмірбаянында сотталу фактісінің болуына байланысты, тіркеуге жіберілмепті. 14 кандидат дауыс беру күніне дейін сайлауға қатысудан бас тартқан. Сайлауға қатысатын 135 канди­даттың ішінде 5 әйел болыпты. Респуб­лика бойынша сайлаушылардың 99,1% қатысқан сайлаудың барысында 121 сенімді тұлға, саяси партиялар мен ҮЕҰ-ның 86 бақылаушысы және 232 БАҚ өкілі бақылау жүргізген екен. Іс басындағы әкімдердің ішінен 45-і сайлауға түскен көрінеді. Сайлаудың қорытындысы бойынша олардың 39-ы аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімі лауазымын сақтап қалды. Әкімдердің барлығы бірінші турда сайланған екен. Сайлау барысында әкімдердің құрамы 1/3 жаңартылып, олар­дың орта жасы 49-ды құраған.

Н.Ә.Назарбаев әкімдерді бірден тікелей халықтың сайлауына жіберу барлық мәселелерді шеше алмайтынын түсініп, оған тиісті ахуалдың әлі пісіп-жетілмегеніне көңіл аудара келе, жер-жердегі басқарудың тізгінін босатып алуға жол бермеудің қажеттігін ескертті. 2007-2008 жылдарға арналған Конституцияны жетілдіру бо­йынша бірінші кезектегі шаралардың қатарына жергілікті өзін өзі басқаруды толыққанды енгізуге жағдай жасаудың жатқызылғаны да бекерден-бекер емес. Жергілікті өзін өзі басқаруды енгізудің эксперименталдық кезеңінде төрт маңызды мәселеге көңіл аударылды: жергілікті өзін өзі басқару органдарының функциялары мен құзыреттері; қаржыландыру көздері; ішкі құрылымы; олардың тиімділігін арттыру мақ­сатында қорғау тетіктерін жетілдіру. Соны­мен қатар тиімді жергілікті өзін өзі бас­қару жүйесін жасап, оны республикада енгізуге ерекше көңіл аударылды. Орта­лық­сыздандыру мәселесі мен жергілікті өзін өзі басқару әкімдердің сайлауын өткізу­мен тығыз байланысты екеніне назар ауда­рылды. Осылай ғана әкімдер тұрғын­дар алдында тұрақты түрде есеп беріп, олар­дың үстінен қоғамдық бақылау орнату мүмкін еді. Алайда сол кезде әкімдерді сай­лауды мемлекеттік басқаруды орталық­сыз­дандыру мәселесімен бір мезгілде енгізу мақсатында ол кейінге шегерілген-ді.

Біртіндеп азамат пен қоғамның тұрғылықты жерлерде, аймақ пен мемлекетте ортақ істермен айналысудағы рөлінің артатыны анық бола бастады. Ал ол азаматтық қоғам институттарын одан әрі күшейтудің қажеттігін аңғартады. 2000- жылдары сенімді әлеуметтік-экономикалық серпіліс және қалыптасқан мемлекеттілік, көпэтносты және көпконфессиялы қоғамда жаңа қазақстандық демократиялық дәстүр­лер қалыптаса бастады. Ол күн тәртібіне прин­ципиалдық тұрғыда жоғарырақ міндет­терді шығарды. Сол кездегі қауіптер мен қа­терлер елдің бүкіл әлеуметтік-эконо­микалық және қоғамдық-саяси жүйесін жеделдетіп модернизациялау міндетін шешуді талап етті. Сондықтан жергілікті ор­гандардың құзыретін кеңейтуге, әртүрлі билік деңгейіндегі басқару органдары арасында құзыретін бөлуге көңіл аударыла бастады. Сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді көздейтін терең әкімшілік реформа белсенді түрде жүргізіліп, әкімдердің халық алдындағы есебі бойынша жұмыстар қолға алынып, ол нақтылана түсті.

Демократиялық реформалардың Жал­пы­ұлттық бағдарламасын іске асыруда атқарушы биліктің тиімділігі, ашықтығы және есеп беруі талқыланып, мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін өзі басқаруды орталықсыздандыру және сайлау туралы заңнаманы жетілдіру көзделді. Ол сай­лау, әкімдердің жауапкершілігі және олар­дың қызметіне деген бақылау мәсе­лесінің маңызын арттырды. Конституция шеңберінде саяси реформалардың жергілікті өзін өзі басқару жүйесін қалыптастыру, жергілікті өкілді органдардың рөлін нығайту, әкімдердің сайланбалылығын және жыл сайын есеп беріп отыруын енгізуге бағыт алынды. Сол сияқты сайлау заңнамасын жетілдіруді бекітіп, оның ашықтығын қамтамасыз ету, округтік және учаскелік сайлау комиссиясын жасақтауда партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің кеңінен қатысуын, билік органдарының сайлау процесіне араласуын шектеуді заңда көрсету сияқты шаралары белгіленіп, әкімшілік реформа жүргізу қолға алынды.

Ұзақ жылдар бойы ауылдық округтің əкімі болатын адамды облыс əкімінің келісімімен аудан əкімі тағайындап келді. Олар өздерін тағайындаған аудан əкіміне жалтақтап, тұрғындармен ынтымақтаса жұмыс істей алмады. Бұл үдеріс тиімді болмай шықты. Оның үстіне, көп­теген аудан əкімі ауылдарға айтқа­нынан шықпайтын «өз адамдарын» тағайын­дайтын болды. Ал мұндай адамдар­дың көбі жергілікті жерде жұмыс жүргізіп жа­рытпады. Сондықтан ауылдық округтер­дің əкімдерін халықтың өзі сайлау керектігі туралы мəселенің маңыздылығы күннен-күнге арта түсті.

Жергілікті билік органдарының жауапкершілігі мен тәуелсіздігін көтеру, сайлаушылар алдындағы есеп беруі мен жауапкершілігінің бақылауда болуы жергілікті өзін өзі басқаруды нығайтуға ба­ғыт­талды. Әкімдікке кандидаттарды ұсы­ну құқығын жоғарыда тұрған әкімдердің құзыретіне ғана қалдырмай, азаматтық қоғам институттарына да беру мәселесі көтерілді. Мәслихаттарға жеке мемлекеттік функция­лар атқару құқығын бере отырып, оның жергілікті өзін өзі басқару органы ретіндегі жаңа өкілеттіктерін кеңейту және оны 5 жылға сайлау қарастырылды. Облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың әкімдерін тағайындауға келі­сім беруі тиісті мәслихаттардың саяси рөлін көтеріп, оның жергілікті өзін өзі бас­қа­рудың өкілі ретіндегі мәртебесін өсірді. Әкімге сенімсіздік білдіру үшін 2/3 дауыс емес, қарапайым көпшілік дауыс жеткілікті болды. Тұрғындарға өз күш­терімен жергілікті жердің мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін жергілікті өзін өзі басқару туралы заңын қабылдау, мәслихаттардың жергілікті атқарушы билік органдарының жұмысына бақылау жасау мүмкіндігін көтеру, жергілікті өкілетті органдардың бақылау құзыретін кеңейту, жергілікті өзін өзі басқаруды толыққанды енгізуге жағдай жасау, саяси жүйедегі партиялардың рөлін күшейту де ұмыт қалмады. Себебі жергілікті өзін өзі басқару – азаматтық қоғамның алғашқы баспалдағы. Мәслихаттарды жергілікті атқарушы билікпен қатар ауылдар мен селоларда жергілікті өзін өзі басқару органдары қатарына енгізіліп, селолық елді мекендерде мәслихаттар құру ұсынылды.

Жергілікті жерлердегі азаматтық қоғам­ның дамуы және ауылдың мәселелерін жақсы білуі биліктің қолын ұзартып, ол ауыл-аймақтағы жергілікті деңгейдегі қордаланған сұрақтарды азаматтық белсенділік арқылы шешуге мүмкіндік алар еді. Тек сол үшін еліміздегі үкіметтік емес ұйымдар, соның ішінде жергілікті жерлердегі, билікке тәуелді болмай, оның серіктесі болғаны абзал. Олар әлеуметтік, мәдени мәселелерді шешуге негізделуі шарт, олардың жұмысы саясаттандырылмағаны дұрыс. Үкіметтік емес ұйымдар шешетін басты мәселе қоғамды әлеуметтендіру, халықты рухани сауықтандыру болуы керек. Бұл ұйымдар Үкіметтің жергілікті жерлерге қатысты міндеттерінің біразын өзіне алуы керек. Сонда ғана жергілікті өзін өзі басқару үдерісі уақыт талабына сай дамып, демократиялық қоғамды дамытудың алғышарттарының біріне айналады. Ал оны іске асырудың тиімді тетіктерінің қатарына жергілікті әкімдіктерге іскерлігі мен біліктілігі келіскен азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз байланыс орнатып, тиімді жұмыс істейтін адамдарды сайлау жатады. Сондықтан болар, ауыл əкімдерінің сайлауын өткізу міндеті 2013 жылы күн тәртібіне қайтадан қойылып, сол жылдың тамыз айында республиканың 14 облысында барлығы 2457 аудандық маңызы бар қаланың, ауылдық округтердің, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдар əкімдерінің сайлауы өтті. Осы жылғы маусымдағы жергілікті өзін өзі басқару туралы заңға сәйкес ауыл әкімі лауазымына үміткерді ауданның әкімі мен мәслихаттар ұсынатын болды.

Қазір ауыл әкімдерінде бұрынғыға қарағанда мүмкіншіліктері көбірек. Өйткені 2019 жылдан бастап әр селоның өзінің бюджеті бар. Ал оларды сайлау өкілеттігі мəслихат депутаттарына берілді. Осылайша əкімдер сайлауы тікелей емес, жанама сайлау құқығы негізінде өткізілді. Бірақ ауылдық округтің əкімін тұрғындардың тікелей сайлауы керектігі туралы мəселе туындай бастаған соң бұл пікір ескеріліп, еліміздің біраз жерлерінде сынақ ретінде ауылдық округ əкімдерін тікелей сайлау мəселесі қолға алынды. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының Володар ауылдық округі əкімі сайланды. Əкім сайлау үшін үміткерлердің үгіт-насихаттың материалдарын БАҚ-қа, арнайы орындарға орналастыру, таңдаушылармен кездесу үшін үй-жай ұсыну шығындарын аудан əкімдері анықтады. Бірақ мұның аудандық бюджеттерге артық шығын жүктегеннен басқа тиімділігі жоқ екені көрінді. Сайланған əкім де ұзақ жұмыс істемей, басқа қызметке ауысып кетті.

Содан əкімді таңдаушылар сайласын деген тəртіп шықты. Сөйтіп, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару жəне өзін өзі басқару туралы» заңға 2017 жылғы 11 шілдеде енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сəйкес, сол жылдың тамызында аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдар əкімдері сайланды. Олардың жалпы саны 2440 болған екен. Əкімдердің өкілеттік мерзімі 4 жыл болып белгіленді. Сайлайтын таңдаушылардың тізімін мəслихат хатшыларының ұсынуы бойынша аудандық сайлау комиссиялары жасады.

Айта кету керек, түптеп келгенде сайланған əкімнің артықшылығы көп екені түсінікті. Жоғары жаққа алаңдамай, сайланған ауылдық округтің белсенділерімен ақылдасып, бюджетті қалай бөлуді, қандай мəселелерді алдымен көтеруді шешетіндей жағдай туды. Сондықтан да жұмысқа деген ынта артты. Ал тағайындалған кезде бəрін аудандық əкімдікпен ақылдасып отыруы керек болатын. Алайда аудандағылар жергілікті мəселеге көп үңіле бермеді. Сондықтан көп мәселе атүсті қаралып, ешнəрсенің түпкілікті шешіле қоймайтынын күнделікті өмірдің өзі дәлелдеп берді.

Жалпы, азаматтармен кері байланыс арқылы олардың сеніміне ие болу өте қажет. Осындай үдеріс ауылдық жерден басталса, ол тіптен дұрыс болар еді. Қоғамдық мәселелерді талқылауларда пікірі ескерілмегеннен, шешім қабылданғаннан кейінгі әрекеттердің жан-жақты ойласты­рыл­мағанынан азаматтардың бұл үдеріске атсалысуға секемденіп, сенімсіздікпен қарауға еті үйреніп кеткенін түсіну қажет. Сондықтан тұрғындардың белсенділікке неліктен көп жағдайда құлшыныс танытпай, қалыс қалып отыратынын ұғынған жөн. Сонда ғана ел дамуының жаңа кезеңінің мәні мен мазмұнын толыққанды және барабар түсініп, ауыл әкімдерін халықтың тікелей сайлауына кезекті науқан ретінде емес, қоғам өміріндегі шын мәніндегі тағдыршешті оқиға деп қабылдауға болады. Өйткені бұл – Қазақстанда тұңғыш рет кең көлемде жүзеге асырылғалы отырған саяси реформаның жалғасы. Екіншіден, егер осыған дейін әкімдер аудандық мәслихат депутаттарының таңдауы бо­йынша сайланып келсе, енді олар жергілікті халықтың тікелей дауыс беруі арқылы сайланатын болады. Үшіншіден, ауыл əкімдері жұмыстарының нәтижесіздігінің басты себептерінің бірі болып отырған қаржының жетіспеуі мәселесі оңтайлы шешілген жағдайда ауылдың, оның жергілікті тұр­ғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған батыл қадам жасалар еді. Төртіншіден, олар аудан мен облысқа үнемі алақанын жайып отырмай қарекет жасауға талпынатын болады. Бесіншіден, халықпен тығыз жұмыс істеуге онша мойынсынбай, қажетінше көңіл бөлінбей келген проблемаларды еңсеруге жағдай туар еді. Алтыншыдан, жергілікті қоғамдастықтың елді мекендердің дамуына бағытталған мәселелер бойынша шешім қабылдау үдерісіне қатысуына мүмкіндік туады. Жетіншіден, ауыл, аудан, облыстық маңызы бар қала әкім­дерінің сынақ сайлаулары із-түзсіз кеткен жоқ. Олар тікелей немесе жанама жүйеге негізделіп өткізілгеніне қарамастан үлкен тәжірибе болды. Оның үйренетін де, жире­нетін де тұстары баршылық. Бастысы, одан қандай сабақ алу керек, міне, мәселе осын­да. Бір анығы – осы жолы нақты, қажет­ті және жоспарланғандай нәтижеге қол жеткізе алмасақ, онда үнемі «сынақ алаңы­ның елі» болып, абыройымыздан айырылуы­мыз мүмкін.

Қазір ауылдық округтер əкімдері осы күнге дейін мемлекетке аузын ашып қарап отыр. Осыған байланысты Президент Қ.Тоқаев аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ деңгейінде жергілікті өзін өзі басқарудың дербес бюд­жетін енгізуді тапсырды. Осыған сәйкес 2020 жылдан бастап барлық жерлерде мем­лекеттік бюджеттің төртінші деңгейі енгізіл­ді. Жергілікті өзін өзі басқару бюдже­тінің кіріс көздері кейбір салықтық түсім­дерден тұратын болды. Оның сыртында мемлекеттік мүлікті жалға беруден түсетін және коммуналдық меншікті сатудан түсетін кірістер тағы бар. Сонымен ауыл бюд­жетіне салықтық және салықтан тыс басқа да түсімдердің 7 түрі және шығын­дардың 19 бағыты берілді.

Ауылдық әкімдердің барлық үміті осы төртінші бюджетте, оның ауылда қан­шалықты мөлшерде қалдырылатынына байланысты болмақ. Ол ауылдың пайдасына шешілген жағдайда ғана жергілікті деңгейдегі қордаланып қалған бірқатар мәселені шешуге мүмкіндік жасалады. Бұл жерде ерекше мән беретін мәселе – бұл үдеріске, яғни төртінші бюджет қаражатын бөлу кезінде, әкімдердің қатысып, «өз бюджетін» дәлелді түрде қорғауына мүмкіндік жасау, тіптен оны басты талап ретінде заңдастыруға қол жеткізу. Бұдан былай халық сайлаған әкімдер де осы құқықтан айырылып, олардың сыртынан «тар қаржылық тон пішіліп» жатса, жағдайдың өзгермей, сол «баяғы жартас, сол жартас» күйінде қалары айдан-анық. Ауыл әкімдері аудан әкімдерінің «уысынан» шыға алмай, мардымсыз бюджетті қалай «игерерін» білмей, басшы ретінде қалыптасудың орнына, бар беделінен жұрдай болып жатса, ең жаманы сол. Бұл жағдайды болдырмаудың жалғыз-ақ жолы бар – ол ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын әділ өткізу, оларға бюджеттік дербестік беріп, оның жауапкершілігін арттыру және жергілікті өзін өзі басқару тетік­терін жетілдіру. Осылай болғанда ғана мажо­ритарлық сайлау жүйесімен сайланған әкімдер бұрынғыша аудан әкімі­нің алдында жақсы атанудың орнына өзін сайлаған халық алдында жауап бе­руге, аудан әкіміне «қызмет етудің» ор­нына ауылдың жағдайына жаны ашып, тұр­ғылықты жерінің мүддесіне басым­дық беріп, «бүйрегі тартып», ауылдың көкей­кесті мәселелерін шешіп, оның жағдайын оңал­туға күш салатын болады деген үміт­теміз.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев айтқандай, аймақтар қуатты болғанда ғана Қазақстан мықты мемлекет бола алады. Осы тұрғыда жергілікті өзін өзі басқару мен әкімдердің тікелей сайлауын бөліп қарауға болмайды. Бұлар қатар жүруі керек үдерістер. Ал түптеп келгенде, әкімдерді халықтың сайлауы жергілікті өзін өзі басқару мен азаматтық қоғамның қалыптасуына кепілдік беретін, оның алғышарттары болмақ. Бұл үдеріске еліміздің 7,5 млн тұрғыны тартылып, 2 346 округте сайлау өткізіліп, қазақстандық қоғамның бір бөлігі қозғалысқа келейін деп отыр. Ол – осыған дейін іске қосылмай келген өңірлерді нығайтатын, олардың әлеуетін арттыратын, оның мәдени-рухани және болмыстық жаңғыруын қамтамасыз етіп, ұлттың санасын дамытатын қоғамдық-әлеуметтік орасан зор күш қозғалысқа түседі деген сөз. Бұл, сонымен бірге, үлкен әлеуметтік және қоғамдық-саяси тәжірибе. Тек соны тиімді пайдаланып, елдің өмірін күрт өзгертетін, мазмұндық тұрғыдағы нақты және маңызды жетістіктерге қол жеткізгені жөн болар еді.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

қоғам қайраткері, саясаттанушы