Аймақтар • 25 Маусым, 2021

Індетпен күресте медициналық көмек іркілмейді

265 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда Медициналық сақтандыру қорының елорда­дағы филиалы мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшыларының қатысуымен «МӘМС: медициналық қызметтер, КВИ және медицина қызметкерлерінің үстемеақысы» тақырыбында онлайн-брифинг өтті.

Індетпен күресте медициналық көмек іркілмейді

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаровтың айтуынша, елорда бойынша 2021 жылға арналған сатып алу жоспары негізінде халыққа медициналық кө­мек көрсету үшін 17,2 млрд теңге, оның ішінде тегін кепіл­дендірілген медици­налық көмек көлемі аясында 9,2 млрд теңге, ал медициналық сақ­тандыру пакетіндегі меди­циналық қызметтерге
8 млрд теңге қарастырылған. Қазір­гі уақытта қор Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 108 медициналық қызмет жеткізушімен келісімшарт жасады, оның 71-і – жекеменшік клиника. Жыл өткен са­йын халыққа медициналық қызмет көрсететін жекемен­шік қызмет жеткізушілердің үлесі артуда. Бұл пациент­тің үздік клиниканы таң­дауына мүмкіндік береді. Медициналық қызмет жет­кізу­шілер тізімін қордың
fms.kz сайтынан қарауға болады. Аймақтық бөлікте қарас­тырсақ, Нұр-Сұлтан қа­ла­сындағы жекеменшік ме­дициналық қызмет жеткізу­ші­лердің үлесі – 66%.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Сovid-19 және вирустық пневмониямен күресуге жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуді жал­ғастыруда. Елордада 2021 жылдың 5 айында осы індет­пен күресуде аянбай көмек көрсеткен 22 517 медицина қыз­меткеріне 8,9 млрд теңге­ден аса үстемеақы төленді.

Әлеу­меттік медициналық сақтан­дыру қоры елорда фи­лиалы­ның директоры еңбек жағ­дай­ларының қауіптілік дәрежесіне байланысты ме­­ди­­цина қызметкерлерін көтер­­мелеу сомасы 20, 10 және 5 ЕТЖ құрайтынын, ең жоғары мөлшерлеме ин­фек­­­циялық стационарлар мен реанимациялардың дәрі­герлеріне, орта және кіші медициналық персоналына, провизорлық ста­цио­нарлардың қызмет­кер­леріне, жедел медицина­лық көмектің, оның ішінде МСАК жанындағы дәрігерлер мен фельдшерлерге, ең төмен мөлшерлеме карантиндік стационарлардың, шұ­ғыл стационарлар мен МСАК ұйым­дарының қабыл­дау бөлім­­шелерінің қызмет­кер­леріне, зертханалардың мамандарына, санитарлық-эпидемиялық қызметтің қызметкерлеріне берілгенін атап өтті.

Осыған сәйкес қауіптің 1-тобы бойынша 8 861 қыз­меткерге 5,7 млрд теңге сомасында (бір қызметкерге 850 000 теңге), қауіптің 2-тобы бойынша 5 456 қызметкерге 2 млрд теңге сомасында (бір қызметкерге 425 000 теңге), қауіптің 3-тобы бойын­ша
8 200 қызметкерге 1,3 млрд теңге сомасында (бір қызмет­керге 212 500) үстемеақы төлен­ді.

– Осы жерде айта кетейік, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаржы операторы рөлін атқарады. Егер медицина қызметкерінде үстемеақы есептеу бойынша сұрақтар туындаса, жедел штаб жанындағы өңірлік комис­сияға жүгіну қажет. Өңірлік комиссиялар ай са­йын үстемеақы алушылардың тізімін жасайды және оларды ӘМСҚ-на жібереді. Комиссия құрамына Өңірлік бас мем­лекеттік санитарлық дәрі­гер, Әлеуметтік медици­на­лық сақтандыру Қоры фи­лиалының, жергілікті ден­саулық сақтау басқарма­сының және қоғамдық ұйым­дардың өкілдері кіреді. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша коронавирус инфекциясы­мен күрес аясындағы іс-шараларды қар­жы­лан­дыру­дың жалпы сомасы 2021 жылдың 5 айында 16,38 млрд теңгені құрады, деді Н.Қабдықапаров.

Жиын барысында ол коронавирус инфекциясы және пневмониямен ауырған елорда тұрғындары медициналық көмекті медициналық сақ­тандыру жүйесіндегі мәр­тебесіне қарамастан тегін алатынын атап өтті. Қор еліміздегі оңалту шараларын, оның ішінде ковидпен ауыр­ғаннан кейінгі оңалту шараларын дамытуды барынша қолдайды, бұл қауіпті созылмалы аурулардың ерте сатыда дамуының алдын алуға мүмкіндік береді. Әлеу­­меттік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы оңалту қызметтерін көрсететін 45 медицина ұйы­мымен келісімшарт жаса­ған. Олардың ішінде жеке­меншік 20, мемлекеттік 22, республикалық 3 медицина ұйымы бар.

Жалпы, медициналық оңалту үш кезеңнен тұра­ды. Біріншісі, ауруы асқы­нып тұрған науқастар­ға, хи­рур­гиялық операция жа­­сат­қан, жарақат алған адам­дарға арналған. Бұл стацио­нарлардың құрылым­дық бөлім­шелерінде жүргізіледі. Егер пациентті ауруханаға жатқызу қажет болмаса, меди­циналық көмек көр­сетіл­геннен кейін және негізгі ауру емделіп болғаннан кейін пациент оңалтудың екінші немесе үшінші кезеңіне жі­беріледі. Оңалтудың екінші кезеңі мамандандырылған бөлімшелерде немесе респуб­ликалық денсаулық сақтау ұйымдары, маманданды­рыл­ған оңалту орталықтары мен көпбейінді стационарлар базасында өтеді. Бұл кезең ауру басталған сәттен бастап тоғыз ай ішінде жүргізілуі қа­жет. Курстың ұзақтығы мен жиілігі нозологияға, науқас­тың денсаулық жағдайына, тағы да басқа факторларға байланысты. Үшінші кезеңде медициналық оңалту емхана-амбулатория деңгейінде, күндізгі және тәулік бойғы стационарларда, оңалту ор­талықтарында, шипажайлар мен курорттарда, үйдегі стацио­нар жағдайында, сон­дай-ақ қашықтан жүргізіледі. Курстың жиілігі мен ұзақтығы пациенттің денсаулығына қарай белгіленеді.

Коронавирус инфекциясымен немесе орташа, ауыр және аса ауыр деңгейдегі пнев­мониямен ауырған пациент­тер Медициналық сақтан­дыру қорының қа­ражаты есебінен оңалтудан өте ала­ды. Азаматтар үйінде ем­дел­ді ме, әлде ауруханада емдел­ді ме, оған қара­май­­ды. Медици­налық оңал­­туға жолдама реаби­ли­толог маманның қаты­суы­мен аурухананың немесе ем­хананың мультидисцип­линарлық командасының қорытындысы бойынша беріледі. Оңалту қажеттігін бағамдау барысында мынадай көрсеткіштер тексеріледі: тыныс алу органдарының қызметі (сатурация деңгейі, КТ/рентгенографиядағы өз­геріс­тер), күнделікті өмірге қабілеті (Бартел индексі). Елордада 2021 жылдың 5 айын­да 3,23 млрд теңгеден аса сомаға (оның ішінде күндізгі стационарларда – 35 584, тәуліктік стационарларда – 131 924) оңалту қызметтері көрсетілді. Амбулаториялық-емханалық деңгейде 204 млн теңге сомасына 252 001 қызмет көрсетілді.

Індеттің жеңіл түрімен ауырған науқастар ПТР-тест нәтижесіне қарамастан, тек емдеуші дәрігерінің тағайындауы бойынша ыстық түсіретін дәрілер мен антикоагулянттарды өзі тіркелген емханадан ала алады. МӘМС жүйесі, медициналық көмек алу, тағы да басқа сұрақ туын­да­ған жағдайда Қордың елорда­лық филиалына 1406 байланыс орталығы немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, Telegram-дағы SaqtandyryBot, Қордың fms.kz сайты арқылы ха­барласуға болады.