Оқиға • 27 Маусым, 2021

Алматыда Жәңгір хан туралы тарихи сериалдың түсірілімі басталды

560 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыда «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Жәңгір хан туралы «Сарай сыры» тарихи телехикаясының түсірілімі басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда Жәңгір хан туралы тарихи сериалдың түсірілімі басталды

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева түсірілім алаңында шығармашылық топпен кездесті.

Министр киноөнердің, оның ішінде тарихи туындылардың ең басты мақсаты – сананы жаңғырту екенін атап өтті.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығы белесінде, егемен елдің көзқарасымен өткен тарихымызды қайта түгендеп, әсіресе өскелең ұрпаққа ұлт тұлғаларын терең таныстырып отырудың маңызы зор. Кілең талантты өнер майталмандарының қатысуымен түсірілетін телехикая биік талғамды көрермен қауымның көңілінен шығып, қоғам тарапынан зор ықыласқа ие болады деп сенемін», деді А.Балаева.

Телехикаяда Жәңгір хан рөлін Медғат Өмірәлиев, Фатима рөлін Әмина Мектепбаева, Исатай батыр рөлін Нұрлан Сағынаев, Махамбет Өтемісұлының бейнесін Дархан Сүлейменов сомдайды. Жобаның көркемдік жетекшісі – Арман Сқабылұлы, қоюшы-режиссері - Бақыттас Санитас, продюсері – Шыңғыс Арманұлы. 

«Сарай сыры» - Корпорация биыл түсіретін тарихи сериалдардың ішіндегі ең көпбөлімдісі. Басты кейіпкерлерді таңдауда үлкен талқылаулар өткізілді. Актерлердің бәрі көрерменге ірі тарихи образдар арқылы жақсы таныс болғандықтан осындай таңдау жасадық. Бұл отандық теленарықта Жәңгір хан тұлғасына арналып отырған алғашқы телехикая болғандықтан, артылып отырған жауапкершілік зор», деді Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

12 бөлімді телехикая Бөкей ордасында 1823-1845 жылдары билік құрған Жәңгір ханның тұлғасы, хандықтың ішкі өмірі мен сол кезеңнің кейбір тарихи сәттері туралы болмақ. 

Бұған дейін айтылғандай, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы биыл көпшілік назарына Жәңгір хан тұлғасына арналған «Сарай сыры» сериалымен бірге, Ахмет Байтұрсынұлы, Домалақ ана, Қаныш Сәтбаев, Жұмабек Тәшенов және Мұқағали Мақатаев туралы тарихи телехикаяларды ұсынады.