Ғылым • 27 Маусым, 2021

Медиада ғылым тақырыбына орын бар ма?

668 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ойды ой қозғайды...

«Abai.tv» телеарнасынан берілген «Сана» бағдарламасының» биылғы 21-маусым күнгі саны «Ғылымды насихаттау» тақырыбына арналды. Студияда ғылымды көпшілікке түсінікті тілмен жеткізуге үлес қосып жүрген мамандар мен ғылым саласында жүрген қонақтар жиналған.

Медиада ғылым тақырыбына орын бар ма?

Көпшіліктің дүниенің ғылы­мын игеру – уақыт талабы еке­нін және ғылым адамдардың игілігіне қызмет ететінін түсіне бастағаны қуантарлық жағдай. Ғалым-педагог әрі журналист болғандықтан бұл мәселеге бей-жай қарай алмадым.

БАҚ тізгінін ұстап отырған көптеген медиаменеджерлердің ғылым деген тақырыпты наси­хаттауға құлықсыз болып отыр­ғаны бесенеден белгілі. Олар үшін рейтинг маңызды. Бір өкі­ніштісі, бізде жеңіл-желпі дүниеге бейім көрермендердің қалауын өтеу ұстанымындағы журналист мамандардың қата­рының көптігі. Бұл туралы ғы­лым саласына қалам тартып жүр­ген журналист Айдана Шот­бай­қызы айтып өтті.

Осы орайда студия қонақ­тарының медиа көпшіліктің кө­кейіне ой салатын, санасын сілкіндіретін бағыттағы мате­риалдарды көптеп ұсынып, «жетектеуші» рөлін атқаруы қа­жет деген тұжырымдары құп­тар­лық.

Ал салалық журналистиканы дамыту керек деген мәселеде медиасарапшы Асқат Еркімбайдың Data-journalism сияқты кез келген журналист меңгеруге тиісті әдет-дағдыларды ұмыт­пау керек деген ойымен келісе­мін. Шынында да, салалық журна­листикаға бет бұрғанымыз дұ­рыс. Дегенмен журналистика факуль­теттерінің алғашқы 1 немесе 2 жы­лында барлық журналистер білуге тиіс базалық және кәсіби бі­лім негіздерін, қағидаларын оқытуға басымдық берген жөн. Мұның бір ұшы бүгінде қоғамда көп талқыланып жүрген салалық журналистикаға тіреледі. Яғни біз ғылыми журналистиканы да­мытуға бет бұруымыз керек.

Ғылыми журналистика деге­німіз ғалымдардың қоғаммен және ақпаратты тұтынушымен ғылыми тақырыптар жөнінде түсінікті тілде қарым-қатынас жасай білу тәсілі ғой. Елімізде бұл бағытта ақпараттар жүйелі түрде таратылады және көпшілікке қолжетімді деп айта алмаймыз.

Қоғамда ғылыми журна­листикаға деген сұраныстың артуы да жайдан-жай болып отырған жоқ. Қазіргі COVID-19 сияқты әлем­дегі дағдарыстық жағдайлар кезінде журналистиканың басқа салалары сияқты, ғылыми журналистика да қастандық теориялары мен қоғамның жал­ған ақпаратымен күресудің тәсі­лі бола алады. Бір сөзбен айт­сақ, журналистер сапалы ғы­лыми мақалалар мен шынайы ғылыми тұжырымдамаларды «кәсіби» сүзгіден өткізіп, сала мамандарының көмегімен қауе­сеттердің таралуына жол бер­­­меулері керек. Осы себепті де әлем­нің барлық ЖОО-ында ғылыми коммуникация саласына оқыту танымал бағытқа айналуда.

Ал ғалымдар өздері ашқан ғылыми жаңалықтарының көпші­лікке түсінікті тілде жеткізілуі үшін медиада жариялауға мүдделі болуы керек және осы себепті медиалық құралдарда жұмыс істеуге қажетті әдет-дағдыларды игеруі қажет деген мәселемен то­лық келісемін. Бұл – уақыт талабы. А.И.Герцен айтқандай, «Адам ұғымына жат ғылым болмайды, тек соны түсіндіруде қиындық болады». Бұл бағытта да ғалымдардың белсенділігі ға­на қажет емес, журналистер де бас­тамашыл ұстанымды ұстанса дұрыс болар еді.

Қазіргі кезде ғалымдардың ашқан жаңалықтары көпшілікке жете бермеуінің бір себебі – «тілдік кедергі». Көптеген адамдар ғылыми терминологияға толы ұзақ мәтіндерді оқуға дағ­ды­ланбаған және уақыты да жоқ. Сонымен қатар арнайы ғылыми білімі жоқ журналистер де бұл мәселеге тереңдеп бара алмайды және оған машықтанбаған. Осы орайда елімізде жақсы бас­та­малардың барлығы көңіл қуан­тады.

Бұл жерде мәселенің бір ұшы жоғары оқу орындарына барып тіреледі. Өкінішке қарай, барлық факультетте дәріс кезінде ғылыми тақырыптарды аудиторияға қара­пайым тілде түсіндіру әдіс-тәсілдері көп қолданылмайды. Көптеген оқытушылар студенттерге күрделі құбылыс туралы, тео­риялық тұжырымдар мен қағи­даларды түсінікті тілде жеткізе алмайды.

Ғалымдар туралы сөз қозға­ғанда Асқат Еркімбай айтқан «ға­лымдардың әрқашанда өз субъек­тивті көзқарастағы тұжырым­дары болады, олар өздерінің көз жеткізген «шын­дығын» ал­ға шығаруды көздейді, сол себепті олардың да ғылыми жа­ңалықтарын сүзгіден өткізіп, қисынды тұжырымдарды сараптап отыру қажеттігін ұмыт­пауымыз керек» деген сөзінің жаны бар.

Қазақ ғылымын өркендетпей, оның өзегіне түскен құрттай бат­пандап кірген әдет бар. Бұл – ғалымдарымыздың бойындағы сыңарезу ымырасыздық ұстаным. Тек өз ғылыми тұжырымдарынан танбай, басқа пайымдауларды мойындамай, табандап жатып алу, ең қауіптісі – жаңа бас­та­малардың жолын бөгеу. Ал шынайы ғылымның бірінші қағидасы – өз тұжырымыңа үнемі күдікпен қарау.

Ғылыми журналистиканың шетелдерде дамуына көз жүгірт­сек, АҚШ-та ұлттық ғылыми журналистер қауымдастығы 1934 жылы пайда болған және бұл бағытта жүйелі жұмыстар белсенді түрде жүргізіліп келеді. Ал ТМД елдерінде ғылыми жур­налистика енді ғана дамып келеді, өйткені танымал ғылыми мазмұнға деген сұраныс жақында пайда болды және біртіндеп артып келеді. Мәселен, Ресейдің М.В.Ломоносов атындағы ММУ-да, СпбМУ-да ғылыми журналистика және коммуникациялар бойынша бірнеше курс­тар мен оқыту бағдарламалары бар. Ал Қазақстанда ғылыми журналистер үшін толыққанды оқыту бағдарламалары әлі жоқ.

Елімізде көптеген БАҚ-тар мен медиапорталдар ғылым туралы жаза бастады. Осы себепті бүгінде бұл бағытта арнайы білімі бар кәсіби мамандар мен авторларға сұраныс жоғары.

Ресейдің Білім министрлігі отандық ғылымның дамуына мүдделі болғандықтан жыл сайын ғылыми журналистика бағытында арнайы байқаулар ұйымдастырып отырады. Біз де осындай тиімді дәстүрді үлгі тұтсақ ұтылмайтынымыз анық.

Қорыта айтқанда, елімізде ғылыми журналистиканы дамыту үшін арнайы кәсіби біліктілікті арттыру курстары ашылса және бұл бағыт ЖОО-лардың журналистика факультеттерінде арнайы сала ретінде оқытылса деген ұсынысымыз бар.

 

Орынтай ОШАНОВА,

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент,

«Болашақ» стипендиясының түлегі