Пікір • 27 Маусым, 2021

Проблеманың түйінін журналистика тарқатады

486 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жалпы, бүгінгі қазақ журналистикасының көтерген жүгі ауыр. Қазір қоғамда саясат, экономика, денсаулық, идеология саласында болсын, қордаланып қалған проблема көп. Шынайы демократия дамыған елдерде  журналистиканы төртінші билік деп бағалайды.

Проблеманың түйінін журналистика тарқатады

Өкінішке қарай, бізде көп­шіліктің Парламенттің қыз­меті­не көңілі толмайды, партиялар жұмысына да әртүрлі пікір айтылады.  Сондықтан осы тарап­тағы  проблемаларды жан-жақты көрсетіп, оның шешілуіне үлес қосып жүрген журналис­тер қауымы.  Әсіресе мерзімді баспасөзде, оның ішінде салмақты «Егемен Қазақстанның» жөні бөлек. Әлемде немесе еліміздегі оқиға­ларға шынайы көз жеткізгіміз келсе, білгіміз келсе, алдымен бас басылымды қараймыз. Өйткені бүгінде белең алған әлеуметтік желіде шындық та, өтірік те, анайылық та, тұр­пайылық та, ең ақыры жақсылық пен жамандық та мидай араласып кетті. Сондай кезде сенімді ақпарат көзі ретінде – баспасөзге, оның ішінде салиқалы оқырмандар «Egemen Qazaqstan»-ға үңіліп, ден қояды. Оның үстіне газетке Дархан Қыдырәлі басшы болып келгелі көне тарихымыздан тартып, түркі тілдес халықтар мен бергі Алаш кезеңіне қатысты сүйсініп оқитын сүбелі дүниелер жиі жарық көреді. Бұдан басқа да, қазіргі экономика, қаржы, сая­сат, халықаралық жаңалықтар да беріліп тұрады. Сондай-ақ «Айқын», «Түркістан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Алматы ақшамы», «Астана ақшамы» секілді қазақ  басы­­лымдарының да бір-бірін қай­та­ламайтын ұстанған бағыты, беделі, оқыр­мандары бар деп айта аламын.

Ал  телевизияның жөні бөлек, оның аудиториясы өте кең.  Ұлт­тық арнадағы «Ашық алаң» бағдар­ламасын үзбей қараймын. Өйт­кені мұнда ел ішіндегі өзекті проблемадан бастап, Елбасы мен Президенттің көтерген дүниелері қалай іске асып жатқаны жайында кеңірек қозғалады. Бұл бағдарлама тек ақпарат ретінде  емес, аталған мәселені жүзеге асыруға ұйытқы болып отыр. Соны  көріп отырып, «Шіркін-ай, еліміздегі бар­лық телевизия мен радиода  осындай хабарлар көбірек болса, қоғамдағы көптеген пробле­маның шешімі табылып қалар ма еді?» деген ой туады.

Жалпы, телевизия мен радиода шебер журналистер бар бол­ғанымен, салмақты, парасатты бағдарламаға қарағанда, әлі де болса осы салада жеңіл-желпі хабарлар саны басым. Шындығына келгенде,  телевизия мен радио – ақпарат арнасы. Олар алдымен халықты әлемде, елде, қоғамда болып жатқан жаңалықтармен таныстырып, соның ішінде, қордаланған проблемаларды шешу үшін ел-жұрттың пікірін ортаға салып, талқылап, соның жөн-жосығын айтып, жол көр­сетеді. Содан кейін көңіл көтеретін, жұртты демалдыратын хабарлар болуы керек. Мә­селен, Америкада бұқаралық ақ­парат құралдарының дені ха­лықтың көңіл күйін көтеріп, демалдырып, шаршағанын басады. Өйткені оларда мемлекеттік мәселелер шешіліп қойған. Ал бізде басқаша, несін жасырамыз, қоғамда жиналып қалған проблема мол.  Соған сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабар­лардың ара салмағын зерделеу қажет. Осыған елдегі арналар­дың тұтқасын ұстаған журналистер жа­нашыр­лықпен мән беруі керек. Қажет болса, республи­калық ар­на­лардың жанынан елдегі ше­шімін таппаған проблемаларды жіті зерттейтін мониторинг бөлімі ашылса деймін.

Биыл «Қазақ» радиосына ғасыр толып отыр, өзімнің осы салаға бүйрегім  бұрады.  Бұрын осы радиода «Тәулік тынысы» деген хабар болды.  Қазіргі  «Хабар 24» арнасы секілді күні-түні ақпарат таратушы еді. Негізінен, телевизия­ға қарағанда радионың ұш­қыр­лығы, шапшаңдығы, оператив­тілігі ілгері. Бір жағы­нан, ол арзан, жылдам, жеңіл, ал біз осыны пайдалана алмай отыр­­­мыз. «Қазақ» радиосына бүй­­регім бұрғанымен, кейде ондағы ақпаратқа көңілім толмайды. Қоғамдағы өзекті мәсе­лелерді журналистер көзін ашып көрсетпейтін болса, ол ұлғая беріп, содан қоғам бір жақта, арна бір жақта қалады. Ол үшін қаржы бөлініп, журналистерге жақсы қаламақы төленіп, жағдай жасалуы қажет.  Мен осы мәселені Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің зиялылар қатысқан жиынында көтердім. Жүз жасап отырған «Қазақ» радиосына қаржылай қолдау көрсетіп, жаңа леп кіргізсе, сонда қызмет ететін журналистер бар істі дүрілдетіп алып кетеді.  Мен оған сенемін!

Американың ең­се­­сін көтеріп, елдің алдына шығарған радио болды. Сон­дықтан халқы бір кезеңде Руз­вельтті «радио президент» деп ата­ған. Өйткені ол мемлекет басшылығына келгенде баспасөз бен телевизияның мүмкіндігі аз болды да, радио арқылы халықты шаруаға жұ­мылдырып, экономикасын дамытты. Сөйтіп Америка азулы елге айналды.

Қорыта айтқанда,  журна­лис­тиканың қолынан келері көп. Билік  бұқаралық ақпа­рат құралдары арқылы жұртшы­лықты ұйыта білсе, елдің еңсесі көтеріліп, ха­лықты сендіреді. Сондай кезде тәуелсіз Қазақстан өз биігіне кө­теріледі.

 

Намазалы ОМАШҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы, профессор