Қоғам • 28 Маусым, 2021

Бақытты мамандық

663 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осыдан дәл 45 жыл бұрын, 1976 жыл­дың жазында Мәскеуде жас журна­листердің бүкілодақтық се­минар-кеңесі өтті.

Бақытты мамандық

Осыдан дәл 45 жыл бұрын, 1976 жыл­дың жазында Мәскеуде жас журна­листердің бүкілодақтық се­минар-кеңесі өтті. Идеологияға қатты көңіл бөлінетін кез. Жиырма бес пен отыздың арасындағы қыл­қан­дай жастар алдында кеңес жур­налис­ти­касының кілең бір ығайы мен сығайы сөз сөйледі, бай тәжірибесін бөлісті.
Солардың бірі – атағы жер жарған публицист Генрих Боровиктің журналист жұмысының қадірі жайында айтқаны есімде қалып қойды. «Мына дүниеде өзінің бір өмірінде жүздеген жандардың өмірін сүріп көргендей күй кешетін, ондаған кәсіп иелерінің тыныс-тіршілігін сезінетін екі мамандық бар. Олардың қандай мамандықтар екенін білесіздер ме?» деген еді Генрих Авиэзерович. Қол көтерген жігіт: «Біреуі – актер мамандығы. Актер патша да болады, бақташы да болады, солдат та болады...» деген тұрғыда айтты да тоқтап қалды. Басқа ешкім суырылып шығып, оның сөзін толықтыра қоймады. Күтіп тұрмыз. «Екінші мамандық – журналист», деді мэтр. Бәріміз серпіліп сала бердік. Сөйтті де, сөзін былай жалғады: «Журналист бір аптада дәрігердің, келесі аптада мұғалімнің, одан кейінгі аптада спортшының ішкі дүниесіне еніп, солардың кейпіне кіріп жатады, сол мамандықтардың бәрінің де жай-жапсарын жалпылама болса да жан-тәнімен сезіне алады. Сондықтан да сіздер – адамға бір-ақ рет берілетін мына өмірде тіршіліктің барынша көп қырын көруге мүмкіндік жасайтын ең жақсы мамандықты таңдаған бақытты адамсыздар»... Осы сөзді ұмытқан емеспін. Журналистік жолды таңдаған жастар біле жүрсін деп еске салып жатырмын.
Иә, журналист – бақытты болуға ба­рынша кең жол аша алатын маман­дық. Генрих Боровик айтқандай, неше түрлі адамдардың өмірін сүріп көрудің, неше түрлі кәсіптің қыр-сырын сезініп қалудың сыртында, бұл мамандықтың саған сыйлай­тын мүмкіндігінің өзі қыруар. Осы кәсіп­ті игергенің үшін ғана, ақпарат құра­лында жұмыс істейтінің үшін ғана саған бүкіл елге сөз арнау құқы, мемлекеттегі қоғамдық құбылыстарға баға беру құқы беріледі. Ондай құқ әкімге де, министрге де берілмейді. Неге дейсіз ғой? Негесі сол, әкім басқа облыстың жұмысына баға берсе-ақ, министр өзге салаға араласса-ақ басы дауға ілігеді. Ел туралы сөйлеу – журналистің еншісі. Басқалар салаға жауап береді, журналист санаға жауап береді. Сала үкіметті құрайды, сана қоғамды құрайды. Міне, осыдан журналистік жұмыстың бөлекше жауапкершілігі туындайды.
Не айтары бар, өкінішке қарай, дәл қазір журналистиканың жаны жү­деу­­­леніп, жалы жығылып тұрған кезі. Бұлай дегенде қаржы қыспа­ғы­нан іссапарлардың жоққа жуық­та­ғанын, журналистердің өмірді білуі кемі­генін, пандемия құрсауынан жұрт­шы­лықпен етене араласудың азайғанын айтқалы тұрған жоқпын. Жаппай коммуникацияның жаһанды жайлауы журналист қызметінің қа­ді­рін қашыру қаупін әкеле жатыр. Аза­маттық журналистика бұқара­лық ақпарат құралдарының кәсіби­сіз­денуін күшейте түсіп отыр. «Кез келген кісі жаза алатын нәрсені бұ­ларға бес жыл бойы несін оқытады?» деп таң-тамаша қалатындар да табылады. Осындай кезеңде біз намысты қамшылап, кәсіби шеберлікті шың­дауға көбірек көңіл бөлуге тиіспіз. Елдің өмірін өзгерту халықтың көңілін өзгертуден басталғаны жөн. Сын сағатта адамдардың сағын сын­дыруға, үмітін үздіруге көп ақыл­дың керегі жоқ, осындай кезеңде қайратты қамшылауға, намысты осқы­лауға, ертеңгі келер жақсылыққа сендіруге, соған ұмтылдыруға көп ақыл да керек, көп шеберлік те керек. Түптің түбінде дәл солай боларына сенеміз.
Өз атымызға қайтадан толық ти­ге­­ніне екі жыл толған кәсіби мере­кеміз құтты болсын, ардақты әріп­­тестер! Жа­зар жақсылығымыз, жет­кізер жа­ңа­лығымыз көбейсін!

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
2003-2004 жылдардағы
Ақпарат министрі, Парламент Мәжілісінің депутаты