Коронавирус мың құбылып, түрленіп жатыр. Байқаған адамға індеттің жаңа штамдары бұрынғыдан да жұқпалы, дегенмен өлім-жітімі аз екені білінеді. Бірақ бұл баршаға ортақ жағдай емес. Және бұдан былай да бұл індет ізімізден еріп жүре беретіні белгілі болды. Айта кету керек, Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин қалада коронавирустың жаңа «үнді» штамы тіркелгені туралы хабарлай келе, ресейлік және қазақстандық вакциналар атауы белгілі, мутацияланған алты штамнан қорғайтынын ресми мәлімдеген болатын.
Ендігі жағдай не болмақ? Мәселен, Алматыда коронавирусты екінші рет қайта жұқтырған 32 жағдай тіркелді. Вакцина салдырғаннан кейін де КВИ жұқтырғандар анықталып жатыр. Айта кетелік, Алматыда «британдық», «үнділік», «бразилиялық», «даниялық» және «вьетнамдық» штамдарға зерттеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ спикер бес штамм бойынша Алматыда қазірдің өзінде 31 зерттеу жүргізілгенін айтты. Қалада СОVID-19 штамдарын анықтаудың жаңа жедел ПТР-скринингі әдістемесі енгізілген.
«Елімізде штамдарды бақылау жүйесі бар, оған қоса мониторинг жүргізіп келеміз. Наурыз айының соңында Алматыда коронавирустың «британдық» штамм айналымының 77%-ы анықталып, мамыр айының соңында бұл көрсеткіш 84%-ға дейін өскен еді. Осы аптада біз «британдық», «үнді», «бразилиялық», «даниялық» және «вьетнамдық» штамдар бойынша жұмыс істей бастадық», – деді Ж.Бекшин.
Алматының бас санитарлық дәрігерінің айтуынша, бұл штамдар аса жұқпалы әрі ауру өте ауыр өтеді. Соңғы күндерге дейін мегаполисте «британдық» штамды жұқтыру жоғары болды, қала тұрғындары «уханьға» қарағанда осы штамды екі есе жиі жұқтырады. Бірақ бұл жағдайды «үнді» штамы өзгертіп жіберуі әбден мүмкін. Бұл ақпараттар қаладағы эпидемиялық жағдайға дұрыс әрі жедел назар аударуға, дәрі-дәрмек қорын құруға, эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізуге мүмкіндік береді. Жаңа штамдар туралы баяндай отырып, Алматының бас санитары «Дельтаның» белгісі суық тиюге ұқсас деді.
«Бұл штамды көбінесе жастар жұқтырады. Басты симптомы – бас ауруы, тұмау, ангина, жоғары температура. Әдетте иіс сезу жоғалмайды және жөтел болмайды», деді Ж.Бекшин. – Сондай-ақ «Дельта» іш ауруын, құсу, тыныс жолының тарылуын шақырады.
Қайталап айтуға тура келеді, «Дельта» штамы бұрынғы штамдарға қарағанда 60%-ға жұқпалы. Орташа алғанда, бір адамнан 5-6 адам жұқтырады, ал айналымдағы штамдардан 3-4 адамға жұғады. Штамның инкубациялық кезеңі – жеті күн. Ғалымдардың зерттеулері коронавирустың үнді штамынан ауруханаға жатқызу мен өлім-жітімнің ықтималдылығы жоғары екенін айтты. Және «үнді» штамының симптомдары басқа, үйреншікті штамдардан өзгешелігі бар. Қысқасы, ахуал мың құбылып тұрғанда, эпидемиологтер не дейді? Медицина саласындағы белгілі тұлғалар әлі де болса біздің коронавирусқа деген қарым-қатынасымыздың дұрыс еместігін алға тартуда.
Бәріміздің де ойымыз – біреу. Тағы да шыдаңқырап, осы кезеңнен аман өтсек болды. Пандемия да аяқталады. «Коронавирус» деген жауды жер жастандырамыз да, «інімізден» шығып, бұрынғыдай емін-еркін өмір сүре береміз. Ал зерттеушілер коронавирустың соңымыздан енді қалмайтынын, тұмау сияқты тіршілігімізде ілесіп жүре беретінін, экологиялық орнына жайғасып жатқанын айтып-ақ отыр. Бірақ мұны мойындағымыз да, естігіміз де келмейді.
Ауызбіршілікпен, ұйымшылдықпен, халқымыз түсіністік танытып, 70 пайыз егіліп, ұжымдық иммунитетке қол жеткіземіз деу де екіұдай факт. Ресейлік танымал доктор Мясниковтің айтуынша, ұжымдық иммунитет деген қар адамы сияқты, не бар, не жоқ. Автоматты түрде адамдардың белгілі бір бөлігіне екпе салу індеттің жұғу тізбегін үзуге кепілдік бере алмайды. Оның пікіріне сүйенсек, екпе алған адамдар жұқтыруы да, жұқтырмауы да симптомсыз ауыруы да мүмкін, бірақ ауыр асқынулар болмайды және осы індеттен өлмейміз.
Ал ғалымдар вакцина алғаннан кейін де індет жұқтырып алған 30 мыңдай адамды бақылаған кезде, олардың арасында қайтыс болған бірде бір жан болмаған және ауыр жағдайға душар болмаған. Плацебо алғандар тобында – оң нәтиже көрсеткен тестілер көп болып, дерті ауыр өткен пациенттер жиі кездескен және бір адам қайтыс болған. Дәрігерлердің айтуынша, вирус өте жылдам мутацияланып жатыр. Адамдардың ағзалары да әртүрлі, әркімге әртүрлі әсер етеді. Біреулер үйінен шықпай-ақ жұқтыруы мүмкін, енді біреулер ауру адамға барып мұрнымен үйкелессе де жұқпайды. Өйткені біздің генетикамыз басқа, иммунитетіміз үйлеспейді. Коронавирус қана емес, вакциналарды да әртүрлі қабылдаймыз.
АЛМАТЫ