Қоғам • 29 Маусым, 2021

270 мың тонна балық өсіріледі

160 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде 2030 жылға таман өсірілген балық көлемін жылына 270 мың тоннаға дейін ұлғайту міндеті жүктеліп отыр. Балық шаруашылығын дамытуға байланысты брифингке қатысқан Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісов осы саладағы бірқатар мәселеге кеңінен тоқталды.

270 мың тонна балық өсіріледі

Комитет басшысының айтуынша, балық өсіру көлемін ұлғайту балық өсіруге жарамды су айдындарын пайдалану, сондай-ақ жаңа инвестициялық-индустриялық балық өсіру жобаларын іске асыру және жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарды жобалық қуатына дейін жеткізу есебінен жоспарланып отыр. 2030 жылға дейін 1 283 жаңа балық өсіру шаруашылығы құрылып, жұмыс істеп тұрған 288 шаруашылықтың өсіру көлемі артпақ. Жобалар әр өңірдің ерекшеліктеріне қарай бөлінген және жергілікті атқарушы органдар бекіткен балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларында көрсетілген. Қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін 10 жыл ішінде 340 млрд теңге жеке инвес­тициялар тарту және мемлекеттік бюджеттен шамамен 200 млрд теңге бөлу көзделіп отыр.

«2021 жылы жұмыс істеп тұрған балық өсіру шаруашылықтары есебінен 12,8 мың тонна балық өсіру күтілуде. Жыл басынан бері шамамен 7,6 мың тонна тауарлы балық өсірілді. Балық шаруашылығын (акваөсіру) дамыту үшін жағдай жасау мақсатында жұмыс­тарды сегіз бағыт аясында жүргіз­бекпіз. Алғашқысы – балық шаруа­шы­лығы су айдындарын тауарлық балық шаруашылығын жүргізу үшін кәсіп­шілік су айдындарынан ауыстыру қағидалары бекітілді. Екіншісі – заңнамалық деңгейде пайдаланушының тор шаруашылығын жүргізу үшін кәсіп­шілік балық шаруашылығы учас­кесін пайдалану құқығы көзделген. Үшін­шіден, шаруашылықты жүргізуге арналған үлгі шарт бекітілді, оның нақты мерзімі 49 жыл болып белгіленді. Бұрын келісімшарт жасасу мерзімі 5 жылдан 49 жылға дейін болатын. Төртінші және бесінші нұсқа бойынша балық өсірушілерге қойылатын артық талаптар мен балық өсіру шаруашылықтарын су қорғау белдеуіне орналастыру бойынша шектеулер алынып тасталды», деді Н.Жүнісов.

Сонымен қатар балық өсіру тоған­дары мен бассейндерін салу кезінде жоба­лық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және мемлекеттік сараптаманың қоры­тындысын алу жөніндегі та­лаптардың да күші жойылған. Ал бизнес бұдан былай ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде балық өсіру шаруашылықтарын салу кезіндегі шығындарды өтеуден босатылады. Сегізінші нұсқа негізінде мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары кеңейтілген. Бұлар – балық өсіру-биологиялық негіздемелер; балық өсіру материалын сатып алу; дәрілік препараттар; бағалы балық түрлерінің жөндеу-аналық табындарын сатып алуға және күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындар құнын 50 пайызға дейін субсидиялау.

Спикер, сондай-ақ комитет Қазақ­стан­да балық шаруашылығын жүргізу үшін барынша қолайлы жағдайларды пы­сықтап жатқанын атап өтті, сондықтан ол балық шаруашылығы субъектілерін, инвесторларды және ниет білдірген барлық биз­несменді балық өсірумен айналысуға шақырды.

Ол қазіргі кезде бағдарламаны іске асыру жөніндегі жұмыстармен қатар балық ресурстарының табиғи популяциясын сақтау және ұлғайту бойынша шаралар қабылданып жатқанын, атап айтқанда, браконьерлікпен күрес, балық аулауды реттеу және балық ресурстарын жасанды түрде молайту жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Мәселен, 2021 жылдың басынан бастап мемлекеттік инспекторлар 1 800-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, 23,2 млн теңге айыппұл салған. Оның 15,4 млн теңгесі өндіріліп алынған. Сонымен бірге Нариман Жүнісов комитет өткізетін «Бекіре», «Уылдырық шашу», «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясының қорытындылары туралы да хабарлады.

Жалпы, еліміздің балық шаруашы­лығының қоры өте ауқымды. Саланың ғалымдары мен сарапшыларының баға­лауы бойынша балық шаруа­шылығының әлеуеті жылына 600 мың тонна тауарлық балыққа бағаланады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің балық саласын дамытуға ерекше назар аудару қажеттігі атап өтілді. Осыған байланысты Үкімет­тің 2020 жылғы 31 желтоқсандағы №955 қаулысымен ҚР ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитеті құрылып, жұмыс істей бастады.