Қоғам • 29 Маусым, 2021

Көне қолшалғы. Тасаттық.

371 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауылға жол түскен. Даланың дидары әлден сарғыш тартыпты. Көктем келгелі аспаннан нәр жауған жоқ. Осы мезгілде түкті кілемдей құлпырып, жап-жасыл болып жайқалып жататын сайын дала қаталап тұр.  

Көне қолшалғы. Тасаттық.

Алдымен жамағайынның үйіне ат басын бұрдық. Өзімізге қараған әулеттен туған топырақта ірге те­уіп отырған ешкім қалмаған соң амалсыздан бұ­рылғанбыз. Обалы нешік, қол қусырып қарсы алды. Шай ішкен соң ескі жұртты аралауға ықыласым ауғаны. Қалаға көшкен ағам үйін сатпай, бір қазығын да суырмай, сол күйі тастап кеткен. Иесі болмаған соң үй де тез тозады екен. Қазоты қақалып өсетін есік алдын рабайсыз алабота басыпты. Қора да иесін тосып шаршағандай, жамбастай қисайыпты. Тамтығы қалмаған көне шарбақтың шіріген ашасында қолшалғы қыстырулы тұр екен. Көзіме оттай басылғаны.

Бала кезімде қатарластарымнан қарулы едім. Төртінші сыныпты бітірісімен атам қолшалғымен шөп шабуды үйретті. Ол кезде ағаш бауыры, көк­темде су жиналатын ойпаңдар тұнып тұратын. Ойпаң­дағы өлең шөпті қара малға арнап шапсақ, тал-тоғайдың етегіндегі жоңышқаны төлге жинар едік. Қара биені арбадан ағытып, әлгінде ғана көтерген қостың іргесіне тұсаймыз. Атам асықпай жүріп мосыға шай қайнатады. Далада, таза ауада ішкен шай қандай тәтті! Шөл қандырған соң шабындыққа түсеміз. Атамның айтуына қарағанда, ауылдағы атан жілік азаматтар он-он екі табан тартады екен. Бұл енді ескіше өлшем. Шалғыны сілтеген кезде шөбін ұстарадай қырқып түсірген ауқымды адамның табанымен өлшейді. Қанша құштарлансам да төрт-бес табаннан асыра алмаймын. Сосын атама көрсетпей қайыра сілтеп, тағы екі-үш табан қосамын. Екеуін бір жалға түсіргенде, жеті-сегіз табан болып шығады. Ебедейсіз, екі жұмыс. Бірақ керек, мақтану үшін. Кейін қайтып келе жатқанда атжалға көзі түскен атам: «Құлашың кең, жұмысың өнімді» деп мақтап қояды. Қолшалғыға осылай үйрендік. Үлкені, кішісі болатын. Әртүрлі нөмірленген. Аптал азаматқа, ба­лаға арналғаны.

Ашаның басында қыстырулы тұрған, тот басқан, жүзі әбден майырылған шалғы талай отбасының несібесін арттырып, малына шөп шапқан. Қазір жан адамға керегі жоқ.

– Шалғы ұстайтын да адам қалмады, – деді жама­ғайын. – Бәрі техникаға иек артып алған. Техника түсе алмайтын ой, ағаш бауырында шөп бар. Шіркін-ай, соны биылғыдай қырдың шөбі шалғының тісіне ілікпейтін қуаңшылық жылы шауып алса ғой.

– Тасаттық бермедіңіздер ме? – деп сұрадым мен.

– Бердік, – деп қысқа қайырды ағай. – Бірақ жау­мады. Маңайдағы төрт-бес ауыл тегіс.

Келген шаруамызды аяқтаған соң, қайыр-хош айтысып кері қайтқанбыз. Жол үстінде биыл төртінші сыныпты бітірген немерем: «Тасаттық деген не?» деп сұрады.

Білгенімше айтып жатырмын. Биылғыдай қуаң­шылық жылы ел болып жиылып, арнайы құрбандық шалып, құран бағыштап жаратқан иеге жалбарынып, жауын тілеу. Ертеректе осындай рәсімді атқарған кезде жұмалап жауын жауушы еді. Кім білсін, жалбарынып жауын тілеудің оқылар дұғасы бөлек пе? Әлде адамның пейілі бұлт бауырын иітуі керек пе?

Сары дала әлденеге өкпелегендей сарғая сазарып жатыр. Манағы шалғыны ала кетпегеніме өкіндім. Бала кездегі берекенің белгісі еді.