Руслан Өмірбекұлының қалалық полиция бөліміне қызметке енді орналасып жатқан уақыты. Жас маманға алғаш берілген тапсырмалардың бірі – қулықтарына құрық бойламайтын сол ұрыларды қолға түсіру еді.
Министрліктің бұйрығымен ұрыларды ұстау тобы құрылып, құрамына Руслан Өмірбекұлы бастаған жедел уәкілдер, із кесуші және криминалист маман бекітіліп берілді.
Ол әу бастан жедел уәкіл қызметіне орналасқан. Жұмыс оңай емес, жас маман үшін тәжірибе жинақтауға нағыз орта осы еді. Дегенмен білімді полицейге біліктілігін арттыру аса қиынға түспеуі керек. Катонқарағай ауданындағы аядай ғана Қабырға ауылында туып-өсіп, Ресейдің Волгоград қаласына барып, оқуға түскен Русланның білімге деген құлшынысы жоғары еді. Ол оқумен қатар спортты да бірге алып жүрді. Мектеп жасынан еркін күреспен айналысты. Кейін қоян-қолтық ұрыстан академияның құрамасында өнер көрсетті.
– Берілген әр тапсырмаға жауапкершілікпен қарауымыз керек. Өйткені бұл жерде біреудің тағдыры, енді біреудің бізге деген сенімі бар. Ұрыларды ұстау үшін де бар күшімізді салдық. Топтағы мамандар да білікті азаматтар. Бірақ тонау кәсіби деңгейде жүзеге асып жатқаны оқиға орындарында көрініп тұратын, – деп алғаш қызметке кіріскен жылдарын еске алды майор Р.Өмірбекұлы.
Ол жылдары қазіргідей емес, пәтер тонау өршіп тұрды. Ұрылар да біледі, кез келгеннің үйіне түспейді. Ауқатты, бай-бағландардың пәтерін көздеген. Апталап үй иелерін аңдып, үйде қай уақытта болмайтындарын зерттеген. Байдың үйі екенін қайдан білген дейсіз ғой. 2011 жылдары екінің бірі үйіне кондиционер орнатпайтын. Қымбат көлікті де әркім міне бермейтін. Яғни терезе түбіндегі кондиционер құрылғыларына, пластикті терезелерге назар аударған. Пәтерге енгенде де бес-он минут ғана айналады екен. Саусақ іздерін де қалдырмауға тырысқан. Бірі есік ашса, енді бірі сыртта қауіпсіздікті бақылап тұрған... Десе
де, бір қателік кетуі керек еді:
ұрылар кіреберістің есігіндегі магнитке сағыз жапсырып кетіп жүрген. Есік кілтсіз ашылуы үшін. Оны әр детальға мән беріп жүретін жедел уәкіл Руслан Өмірбекұлы байқаған. Кейін көшедегі бейнекамералар арқылы күдіктілер қолға түскенде генетикалық сараптама жасатып, тонау фактісіне дәлел тапқан.
– Пәтер тонаушылар тобының алты-жеті мүшесін ұстадық. Сонда 51 эпизод анықталды. Оның 19-ы – ауыр қылмыс. Ауыр деп отырғаным, құны 500 АЕК-тен асатын алтын бұйымдар, ақша, бағалы заттар тоналған. Бағалы зат болғанда да ұсақ-түйек емес, құндыз ішіктерді қолды қылып жүрген, – дейді Руслан Өмірбекұлы.
Осы тектес үлкен қылмыстарды ашуға үлесін қосып жүрген жас маманның қызметі сатылап өсе берген. Еңбегі еленіп, Елбасының қолынан Алғыс хат та алды. Республиканың үздік жедел уәкілі атағын және алған. Тізе берсек, жеткен жетістіктері, марапаттары өте көп. Қызметін кіші жедел уәкілдіктен бастаған Руслан Өмірбекұлы – бүгінде Ертіс полиция бөлімінің басшысы. Жас та болса бас болып жүрген полицей қызметті енді бастаған мамандарға бағыт-бағдар беріп, көрген-білгенін үйретіп жүр. Ең қуанарлығы, қазіргі таңда ұры атаулы анағұрлым азайған.
Өскемен