Өнер • 29 Маусым, 2021

Пернебек Момынұлы: Ұлттық музыкамыздың тарихы мен құдіретін дәріптей алмай келеміз

716 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Қазақтың музыка өнерін зерттеген көрнекті ғалым Ахмет Жұбановтың музыка зерттеу ісін жалғастырушы, музыкалық-эстетикалық тәрбие мен педагогикалық психология саласында жоғары оқу орындары мен мектеп оқушыларына арнап оқу-әдістемелік құралдарын жазған өнертанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Пернебек Момынұлы ұлттық музыка тарихында әлі де зерттелмеген тұлғаларымыздың бар екенін айтады. 90 жастың төріне шыққан ғалым әңгімесінде өнертану ғылымын дамыту жайындағы ойларымен бөлісті.

Пернебек Момынұлы: Ұлттық музыкамыздың тарихы мен құдіретін дәріптей алмай келеміз

– Пернебек Момынұлы, кезінде атақты Ахмет Жұбановтың өзі Сізді «қайсар бала» деп атапты. Семейдегі музыка училищесінің басшылығына ұстазыңыздың ұсынысымен барған екенсіз. Жас маман үшін жауапты істі алып жүру оңайға соқпаған болар...

– Әрине, өмірлік әрі кәсіби тәжірибесіз маманға білдей бір оқу орнын басқару оңай емес. Осы тұста басшылыққа қалай келгенім жайында аз-кем айта кетейін. Ұстазым Ахмет Жұбанов сол кездегі Мә­дениет министрі Әмір Қанафиннің қабылдауында болып, жауапты іске менің кандидатурамды ұсыныпты. Семейде жаңадан ашылып, пионерлер үйінде орналасқан училищенің бар-жоғы отыз шақты студенті мен 8-9 мұғалімі ғана бар екен. Басшылыққа келгеннен кейін өзіме артылған сенімді ақтау үшін көп ізденуге, оқуға тура келді. Пианино, скрип­ка, ән класына қосымша сол жылда­ры қобыз, домбыра, баян класы ашылды. Алматыға арнайы келіп, белгілі шебер Қамбар Қасымовтың жалтыраған дүниелерінің арасынан он екі домбыра, жеті қобызды таңдап алып, училищеміздің оқу-әдістемелік қорын толықтырдық. Ал училищені жабу туралы обкомның шешімі шыққан кезеңде Орталық комитетке хат жазып жүріп, жабылудан аман алып қалдық. Бұл да ұжымның бір­лескен күш-жігерінің, ұлттық өнері­мізге жанашырлығының нәтижесі. Осы­лайша бірте-бірте ысылып, оқу орнын дамыту үшін тәжірибе жинақтадым. Cе­мейге келерде белгілі қылқобызшы Дәулет Мықтыбаевтың қызы Тамарамен отау көтердім. Осы жылдарда өзіме тап­сырылған істі абыроймен атқаруыма отба­сымның үлкен септігі тиді. Гүлмайра, Сәу­ле есімді қыздарым дүниеге келіп, екі үл­кен міндетті жауапкершілікпен қатар алып жүруіме тура келді.

– Өмірдерегіңізде музыкалық ас­паптарға бала кезден үйірсек болған­дығыңыз айтылады. Ән айту да отбасынан дарыған екен. Болашағыңызды өнермен байланыстыруыңызға отба­сын­дағы тәрбие әсер етті ме?

– Әкем өмірден ерте кетті. Домбыра шертісі ерекше еді. Ол кез еміс-еміс есім­де болғанмен, әкемнің орны ойсы­рап тұрды. Ән мен жырдың ажары – анам Рысжан шаңқобыздың шебері болатын. Бұл да қанмен келген қасиет шығар. Күнде кешкісін ауылдың қыз-келіншектері жи­ылып ән салып жататын думанға толы кештерде айтылған халық әндері әлі күнге жадымда жаңғырып тұрады. Өзімнен үлкен ағам да музыкалық аспаптарда ойнайтын. Болашағымды заң саласымен байланыстырған ағам мені өнер саласына барады деп болжамаса керек-ті. Құлағымның құрышы әнмен қанған мені әкем қайтқаннан кейін алты баланы бірдей асырау мүмкіндігі болмағандықтан, анам Балықты ауылындағы мектеп-ин­тер­натқа оқуға берді. Мектеп директоры Сейіткәрім Нұрматов білімділігі мен қа­рапайымдылығы үйлесіп тұратын тамаша жан еді. Алғырлығыма қараған болуы керек, өзіне көмекші етіп алды. Осылайша 8-сыныптан бастап жауапты істі мойныма жүктеп алдым. Мектептегі хор үйір­месіне тұрақты қатысып жүрдім. Бірде хорды басқаратын оқытушымыздың аккордеонына қызығып, ойнап көруге сұрап алдым. Бұл аспаптан хабарым бар екенін көргенде таңдана басын шайқап, сенде үлкен қабілет бар, қайткен күнде консерваторияға оқуға түсуің керек деді. Консерватория дегенді алғаш естуім. Содан арман қуып, үлкен оқу орнына келдім. Емтиханды атақты Ахмет Жұ­бановтың өзі қабылдауы мен үшін күтпеген жайт болды. Осылайша ұстаз алдында жақсы нәтиже көрсетіп, қобыз класына қабылдандым. Бірақ ірілеу келген дене бітімімді ескерсе керек, Ахмет Жұ­банов «Құрманбек Жандарбектің інісін қобызға отырғызып қойғанымыз жарамас, Болат Сарыбаевтың класына барсын», деп тапсырма берді. Осы жылдарда Фатима Балғаева, Құбыш Мұхитов, Хабидолла Тастановтай дарынды ұстаздардан тә­лім алдым. Екі жыл кіші, үш жыл бас қо­бызды үйреніп, мұғалім-солист, халық аспаптарының ұйымдастырушысы деген мамандық алып шықтым.

– Ал ғылымға қалай келдіңіз, оқу­лық жазу ісіне қай кезден ден қой­дыңыз?

– Музыка зерттеушiсі, композитор, қай­раткер, академик Ахмет Жұбановтың халықтың ән-күй, композиторлық пен өнер, мәдениет қайраткерлерiнiң өмiрi мен шығармашылығына арналған зерт­теулері қазақтың музыка мәдениетi ғы­лы­мындағы құнды еңбектер саналады. Академиктің тапсырмасымен ком­позитор-педагог, жадымызда ұлт­тық му­зыкамызды жинақтаушы, этно­граф, көп­теген музыкалық, оқулық басы­лым­дарының авторы ретінде қалған Латиф Хамиди ағайымыз барлық студент­ке бірінші курстан бастап қазақ музыка тарихынан реферат жазғызатын. Ізде­неміз, оқимыз, осылайша бес жылда он шақты реферат қорғаппын. Ғылымға бір табан жақындай түскендігімнің себебі осында жатыр. А.Жұбанов пен Б.Са­рыбаевтай ұстаздарымыз жол бастаушымыз бола білді. Семейде жүргенімде де бұл бағыттағы жұмыстарым газет беттерінде қазақ музыка өнері майтал­ман­дарының шығармашылығына арнал­ған мақалалармен жалғасын тапты. Қатар оқыған елу-алпыс баланың ішінен ғы­лымға бет бұрғаны мен ғана екенмін.

– Қылқобыз скрипканың атасы екендігін дәлелдеп көптеген ма­қала жаздыңыз. Осы күнге дейін қа­зақтың ән, күй, би өнерін зерттейтін ғы­лыми институт керектігі жайында да үнемі мәселе көтеріп келесіз. Бұл ұсы­ны­сы­ңызды құптағандар, қолдағандар болды ма?

– Елімізде ән, би, музыка дүниесін зерттеу ісі кенжелеп қалғаны жасырын емес. Әдебиеттану, тарихтану, тілтану бағытында зерттеу ісі жолға қойылғанмен, ғылыми-зерттеу бағытында өнертану институты жоқ. Әлі күнге ұлттық музыкалық аспаптар тарихын ғылыми деңгейге көтере алмай отырғанымыз елдігімізге сын. Бұл жай ғана аспаптану институты емес, ол қазақтың ән-би, тіптен сурет салу өнерінің тарихын зерттеумен тығыз байланысты. Бүгінде қазақтың домбырасы мен қобызы әлемдік деңгейде тұр. Дүние жүзінің өнертанушылары скрипканың атасы қылқобыз екенін әлдеқашан мойындаған. Елімізде бұл аспаптарды жасайтын жекелеген шеберлер көп болғанмен, олардың ғылыми-зерттеу мүмкіншілігі жоқ. Кезінде консерватория жанындағы ғылыми-зерттеу зертханасына композитор, еліміздің өнер қайраткері Бақытжан Байқадамов бес-алты жылдай жетекшілік етіп, мұнда бала қобыз бен бала домбыраның жасалғанын білеміз. Міне, осынау игі іс аяқсыз қал­ды. Осы істі қайта жолға қойып, рес­пуб­­ликалық деңгейге көтере білсек, хал­қымыздың музыкалық эстетикалық дүниесіне бір табан жақындаған болар едік. Бүгінде дамыған елдердің экономикалық өрістеуінің бастауы руханиятымен сабақтасып жатқаны анық. Мә­дениетін дәріптеу арқылы ұрпақ тәр­биесіне көп көңіл бөлуде. Мынау көр­ші жатқан әзербайжан, сонымен бірге өзбек ағайындарымызда алпыс жыл­ға жуық тарихы бар аспаптар фабри­касы бар. Қазақтың ұлттық музыка аспаптарын жасайтын кәсіби өндірістің жоқ­тығы қынжылтады. Ал елімізде жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы аясында тарих тасасында қалған құндылықтарымызды шығарудың маңызы зор.

– Ал қазақ музыка тарихының бү­гінгі зерттелу барысы қандай?

– Бүгінде Біржан сал, Ақан сері­нің ар жағында айтылмай қалған тұлға­ла­рымыз өте көп. Олардың тарихын, шы­ғармашылығын зерттеу мәселесі күн тәртібінде тұр. Көмескі қалған тарих бетін ашу нәтижесінде соңғы жылдары бұрын-соң­ды естіп білмеген батырлардың есімі атала бастады. Осы орайда Сегіз серіні атап өткен болар едім. Сегіз қырлы бір сырлы тұлға батырлығымен қоса, ұлттық музыкамызға да мол мұрасын қалдырып кетті. Бүгінде халық әні ретінде орындалып жүрген «Гуһартас» пен «Ал­қоңыр» – Сегіз серінің әні. Бұл тенор дауыс­та шырқалатын әндер. Сегіз сері «Дай­дидауды» қосқанда отыз шақты әннің авторы. Батыр өз заманында екі жүз­­ге жуық сарбаз ұстап, Исатаймен бірге соғысқан. Тарихи деректерде Махамбет пен Исатайдың есімі аталғанмен, Сегіз сері тасада қалып қояды. Ол – көп қудалауға ұшы­раған батыр. Халық дарындары шығарған әндер мен күйлердi зерттеу, оларды бiр жүйеге келтiрiп, нотаға түсi­рудің болашақ жастар үшiн тарихи әрі мәдени маңызы зор.

– Сіздің бастауыш, кейіннен жоғары сыныпқа жазған ән сабағына арналған оқулықтарыңызбен бірнеше буын өсті. Кәсіби оқу орындарында ұлттық музыка тарихына қатысты жазған еңбек­те­ріңіз әлі күнге кәдеге жарап жүр. Жас ға­лымдарға қандай кеңес беріп келесіз?

– Қазақтың музыка тарихын Ғафура Бейсеновадан оқыдым. Дегенмен бұл пән жиырма бес сағаттай ғана оқытылып кел­ді. Ал орыстың және дамыған елдердің музыка тарихын бірінші курстан бастап екі жылға жуық оқып келдік. Қазақ сольфелджиосы, қазақ музыка теориясын орыс тілінде меңгердік дегенмен, осы жыл­дарда Ахмет Жұбановтың «Музыка әліп­песі», Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» еңбектерінің жарық көруі ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған ауқымды қадам болды. А.Жұбановтың кейіннен жарық көрген «Құрманғазы», «Ғасырлар пернесі», «Қазақстан халық композиторлары», «Замана бұлбұлдары» теңдессіз еңбектерге айналды. Ұлттық музыка тарихын зерттеуге көп көңіл бөл­гендігім ғылымдағы ізденістерімнің бас­тамасындай болды. Кейіннен бұл ең­бектерім «Музыкалы-эстетикалық тәр­бие», «Қазақ музыкасының қысқаша тарихы», «Қазақ музыкасының қысқаша тарихына» арналған 3 томдық оқулық-монография болып жарыққа шықты. Бұл еңбегім жоғары сынып оқушылары мен студент жастарға, өнерсүйер қа­уым­ға арналған. Үш томдық оқулық-монографияда барлығы 200-ден астам өнер қайраткерлері, сахна саңлақтары, музыка зерттеушілерінің өмірі мен шы­ғар­машылығына талдау жасалып, музыкалық эстетикалық тәрбиенің тарихы мен өркендеу жолдары қамтылған болатын. «Қазақ операсының даму жолдары», «Музы­каны тыңдай және түсіне білу», «Оқу­шылар мен жастарға эстетикалық тәрбие беру», «Музыка әлеміне саяхат» атты еңбектерімнің кәдеге жарап жатқаны әрине қуантады. Кезінде қазақ тілінде жазған ғылыми жұмысымды орыс тіліне аударып қорғауыма тура келді. Белгілі ғалым Ибадулла Сембаевтың қолдауының арқасында Мәскеудегі методика ғылыми-зерттеу институтының ғылыми проректоры Евгений Квятковскиймен таныстым. Ол кісі үшінші класқа арналған кітабымды көріп, кандидаттық, ал екіншісіне док­торлық диссертациялық жұмыс деп баға берді. Осылайша музыкалық мектептер, колледждер, жоғары оқу орындарын­да, мұғалімдер де пайдаланып келген «Бастауыш сыныптың музыкалық эстети­калық тәрбиесі» тақырыбынан диссер­тация қорғадым. Бүгінде бұл еңбек жас ұрпақты тәрбиелеуде ұлттық сипаты тұр­ғысынан құнды. Еңбектерімде хал­қы­мыздың тарихи және рухани қазы­на­сын, ұлттық мәдениеті мен әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлерi жан-жақты насихатталады.

– Ахмет Жұбанов атындағы музы­калық мектеп-интернатты басқарған жылдарда өркениетті елдер тарихымен танысып, көп тәжірибе жинап қайттыңыз. Осы сапарлар барысынан көңіліңізге не түйдіңіз?

– Мен өзіме сеніп тапсырылған мін­детті абыроймен атқарғаннан кейін өті­ніш айтып, Семейден Алматыға, П.Чай­ковский атындағы музыкалық училищеге мұғалім болып оралдым. Одан кейін Білім министрлігінің республикалық музыкалық-эстетикалық ғылыми-әдістемелік каби­нетіне меңгерушілікке бекітіліп, музыка мектептеріне қазақ, орыс тілдерінде қазақ әндерін оқытудың бағдарламасын енгіздім. Кейіннен министр Кенжеғали Айманов, Шиап Сағындықовтың қолқа­лауымен Ахмет Жұбанов атындағы музы­калық мектеп-интернатқа дирек­торлыққа келдім. Бұл жауапты орынға келуге жүрексіндім. Олай деп отырғаным, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қай­раткері Түркістан Өзбеков ағамыз осы мектепті басқарды. Расын айтқанда, әске­ри тәртіптегі адам басқарған мектепті бас­қарамын деп бірден шешім қабылдай алмадым. Дегенмен, барыс-келіс сапарлар мен зерттеулерім арқылы шетелдіктер тамсанып, қызығатындай тарихымыз бен мәдениетіміздің тереңде жатқандығына көзім жетті. Италия, Ұлыбритания, Шотландия, Югославия сапарларында бұл елдерде Құрманғазы, Ақан сері, Динадай тума таланттарының жоқтығына, Біржан мен Күләшті ешбір елден таба алмайтындығымызға, екі ішекті аспаппен әлемдік музыка жасаған Құрманғазы, Дина мен Әміренің ұрпағы ретінде мақ­тануымыз керектігін сезіндім. Ал біздің музыкалық мұрамыз әлі түпкілікті зерттелмей жатқан сала екен. Десек те, елімізде дұрыс бағыт ала алмай, шөгіп кет­кен қаншама дарындыларымыз болды. Кезекті сапарлар барысында клевесин, күй­сандықта Нұрғисаның, Шәмші, Әсет, Әбләхаттың әндерін орындап, қазақ музыкасын әуелетіп қайттық. Студенттермен, оқушылармен кездесуімізде Верди, Пага­нини шығармаларын жатқа айтып, туған елінің музыкасы тарихын жатқа білетіндігіне таңғалдық. Шетел сапарынан осындай әсермен оралғандықтан, оқулық жазуға отырдым. Өйткені адамға ой салатын да, жандандырып, өз қатарынан артық дүние білуге шабыттандыратын да рухани байлық. Шетелдерде назарымызды аударған басты жайт, өркениетті елдер музыкаға, эстетикаға бала жастан, отбасынан баулитындығы. Олар балабақша, мектеп табалдырығын музыкалық аспаппен бірге аттайды. Осы орайда жапон халқынан үлгі алатын мына мысалды айта кетейін. Жапондықтар балаларын балабақшаға маталлофонмен апарады. Мектептерде бес күн бойы бір-бір сағаттан музыка мен сурет сабағы 12-сыныпқа дейін оқытылады. Бұл пәндерді Чехословакия, Венгрия, Болгария, Балтық жағалауы елдері аптасына үш сағат, ал Ресей мен посткеңестік елдерде аптасына 1-1,5 сағат оқытып келді. Жастайынан отба­сынан рухани байып өскен баланың өнерге, эстетикалық тәрбиеге сусындап өсе­тіні ғылыммен дәлелденген. Тіптен Жапонияда бала құрсағында жатқанда анасының күніне кем дегенде екі-үш минут ән салуы тәрбиенің бір бөлшегі іс­петті. Рухани байлық – әр халықтың же­тіс­тігі. Жапондықтардың әлемдегі ал­дыңғы қатарлы ел болуының да негізі осында жатса керек. Сонау бір жылдарда Шымкентте колледж ашып, бастауыш сынып мұғалімдерін оқытуды жолға қойған едім. Жапон тәжірибесіне негіздей отырып, балаларды музыка, суреттен сабақ беруге баулыдым. Студенттер бірінші курстан қалаған мектебінде тәжірибеден өтеді. Педагогика, музыкалық эстетикаға баулу үшін «Елім-ай», Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық» және Абайдың «Көзімнің қарасы» философиясына негіз­делген бағдарлама жасалды. Онда баланың бастауыш сыныптан бастап ән мен күйді қабылдау түйсігін тереңдету көзделді. Сол жылдарда колледжде сегіз жүзден астам түлек тәрбиеленген екен. Өкінішке қарай, бұл тәжірибені республикаға тарату ісі аяқсыз қалып қойды.

– Бүгінде музыка сабақтарының өз деңгейінде өтпейтіндігіне қатысты сын аз емес, тіптен ән сабағын оқытудың қа­жеті жоқ деген пікірлер айтылып қа­лады. Ал дарынды балаларды оқы­ту ісіне қаншалықты көңіл бөлініп келеді?

– Өнер академиялары дарынды балаларды ғылымға әкелу жағынан артта келеді. А.Жұбанов атындағы мектепте директор болған жылдарда ауыл-ауыл­дарға шығып, талантты балаларды ірік­теп алуды дәстүрге айналдырған едік. Талантты балаларды таныту мақсатында жыл сайын дәстүрлі конкурстар өткізу жалғасып келеді дегенімізбен, осы тәжірибені әрі қарай кең көлемде жал­ғастырудың маңызы зор. Дегенмен де са­ланың дамуы кадрға байланысты екендігін айта кеткен жөн. Әдебиеттен де, тарихтан да төл оқулықтарымыз бар­шы­лық дегенмен, музыка тарихына келгенде көңіліміз құлазиды. Бастауыш екі сынып оқулығын мен жазсам, Өмірбек Байділдаев бесінші, жетінші сыныпқа арнап оқулық жазды. Айта кететін бас­ты мәселе, бүгінде музыканы оқытатын мұғалімдердің көпшілігінің деңгейі төмен. Ән айтқызумен шектеліп, ұлттық музыкамыздың тарихы мен құдіретін дәріптей алмауда. Осылайша дүбара жас­тар тәрбиеленуде. Қазір Динаның немесе Құрманғазының күйлерін немесе Роза Бағланованың әндерін білетіндер кемде-кем. Бұл – отбасындағы тәрбиенің кем­шілігі. Осы үрдіс әлі күнге жалғасып келеді. Осыны дұрыс жолға қоймай, қоғамның өсіп-өнуі бекер. Бүгінде саланы мықтап меңгерген қазақ тілді лекторлар жоқтың қасы. Осы орайда орыс тілінде қазақ музыкасын зерттеп жүрген музыкатанушы, профессор Юрий Аравиннің еңбегін бағалауымыз керек. Балабақша, мектептерде, жоғары оқу орындарында сабақ беретіндердің дені әйелдер екені –  ескере кететін маңызды мәселе. Ал шетелдерде оқытушылардың басым көпшілігі – ер адамдар. Үйде ананың, оқу орында­рында әйел мамандардың тәрбиесін алған балаларымыздың болашағына алаңдауымыз керек. Әйелдердің қо­ғам­дағы шаруасы жеткілікті. Ал медицина мен білім саласында еңбекақы мардым­сыз. Ондай жағдайда бұл салаға ер адамдардың келуі екіталай. Осы орайда Президентіміздің сала мамандарының жалақысын көтеру тұрғысындағы тапсырмасында үлкен саяси мән жатқандығын айта кеткен абзал. Сонымен бірге алдағы уақытта мектеп директорларын ер азаматтардан дайындау ісіне көңіл бөлінуі қажет. Көптеген ер адамдардың өз дең­гейінде қоғам дамуына үлес қоса алмай жүргендігі көп мәселенің өз деңгейінде шешілмей отырғандығымен байланысты.

– Бүгінде көптеген шәкірттеріңіз еліміздің мәдениеті мен өнерінің дамуы­на үлес қосып жүр. Олармен шы­ғар­ма­шылық байланысыңыз қалай?

– Еліміздің мәдениеті мен өнерінің дамуына зор үлес қосқан шәкірттерім қа­тарында М.Ешекеев, А.Райымқұлова, А.Мұ­хамедиұлы, Б.Нүсіпжанова, Р.Рым­баева, М.Жүнісова, Т.Забирова, А.Жора­баева, С.Майғазиев, тағы басқа­ларды атап өткен болар едім. Бүгінде ең­бектеріммен ғаламтор арқылы танысып, кейде Нью-Йорк, Токиодан хабарласып жататындар бар. Шетелде жүрсе де ұлттық өнерді ұмытпай, Біржанның, Құрманғазы мен Күләштің күйлері мен әндерін тыңдайтын жастардың бар екені қуантады. Бұл да бір ғаламтордың пайдалы жағы. Қазақ әніне сұраныс барда ұлттық өнеріміз өлмейді. Ал оның болашағы ұлттық музыка тарихымен тығыз байланысты.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»