Саясат • 29 Маусым, 2021

Күн тәртібінде – трансшекаралық өзендер мәселесі

161 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламентінің Сенаты мен Ресей Феде­ра­циясы Федералды Жина­лы­сының Федерация Кеңе­сі арасындағы ынтымақ­тастық жөніндегі комис­сия­ның 16-отырысы өтті, деп хабарлады жоғары Па­ла­таның баспасөз қызметі.

Күн тәртібінде – трансшекаралық өзендер мәселесі

Іс-шараға екі ел Парламенттері Палаталарының Төрағалары Мәулен Әшімбаев пен Валентина Матвиенко қатысып, сөз сөйледі.
«Қазақстан мен Ресейдің ға­сыр­ларға ұласқан достық байла­нысы қазіргі таңда сындарлы жә­не өзара тиімді мемлекетаралық қа­рым-қатынастың негізіне айналды. Біздің ынтымақтастығымыз тәуел­сіздікке, аумақтық тұтас­тық­қа жә­не мемлекеттілікке деген құр­метке негізделген», деді Комис­сия отырысын ашқан М.Әшім­баев.
Өз кезегінде В.Мат­виен­ко екі елдің өзара құрметке та­бан тіреген байланысына баса мән берді.
«Бүгінге дейін біздің ел­дері­міз арасында 400-ден астам шарт пен келісімге қол қойыл­ған. Бұл мемлекетаралық ынтымақ­тас­тығымыздың мызғымас заңды және құқықтық негізі екені сөзсіз. Осы жұмыстарға елдеріміздің Пар­ламенттері де үлкен үлес қосты. Мұндай құжаттардың басты ба­ғыттары мемлекеттілікті, егемен­дікті, тәуелсіздікті, елдеріміздің аумақ­тық тұтастығын өзара мо­йындауда және бір-бірінің ішкі істері­не араласпауда көрініс табады. Бұл ешқандай саяси жағдай­ға қарамастан, өзгеріске ұшыра­май­тын ең негізгі іргетас болып қала береді», деді Ресей Федерация кеңесінің Төрағасы. Сондай-ақ ол 30 жылдың ішінде Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде толық қалыптасқанын атап өтті.
«Қазақстан – посткеңестік кеңіс­тікте дамыған нарықтық эконо­микасы, тұрақты мемлекеттік инс­титуттары, демократиялық бас­­қару жүйесі және қос Пала­талы Парламенті бар тиімді мем­ле­кет­тердің бірі. Қазақстанның досы әрі серіктесі ретінде біз сіз­дер­­дің дамудағы табыстарыңыз бен же­тіс­тіктеріңізді әрдайым қуаныш­пен қабылдаймыз», деді В.Матвиенко.
Отырыс барысында Қазақстан мен Ресей сенаторлары екіжақты күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәсе­леге назар аударды. Атап айт­қанда, аэроғарыш саласындағы ынтымақтастықты арттыру перс­пективалары сөз болды. Соның аясында ғарышты игеру және «Байқоңыр» кешенін бірлесіп пайдалану бағыттары бойынша өзара іс-қимылды дамыту мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ Комиссия мүшелері өңіраралық және шекара маңын­дағы байланысты нығайту тетік­теріне назар аударды. Оның ішінде, Қазақстан – Ресей шекарасынан өткізу бекеттерінің жұмысын жетіл­діру ісі де бар.
Қазіргі таңда шекарада 30 өткі­зу бекеті жұмыс істеп тұр. Оның 17-сі көпжақты, ал қалған 13-і екі­жақ­ты. Қазақстан тарапы жүктеме мен өткізу қабілетін ескеріп, 27 бе­­кет­ті қайта жаңарту мәселесін кө­терді.
М.Әшім­баев мұндай өткі­зу пункттерінің тиімді жұмысы екі елдің де азаматтары мен бизнес өкілдері үшін маңызды екенін айт­ты. Сол себепті Сенат Спикері атал­ған бекеттерді қайта жаңарту бо­йын­ша бірлескен шараларды жан­дандыру қажеттігін тілге тиек етті.
«Бұл өткізу бекеттері екі елдің де азаматтары үшін аса ма­ңыз­ды. Жыл сайын сол бекет­тер арқылы 44 миллионнан астам азамат және 7,5 миллион автокөлік өтеді. Қазір­гі таңда Қазақстан мен Ресей ара­сындағы тауар айналымының ай­тар­лықтай бөлігі шекара маңын­дағы өңірлерге тиесілі. Бұл – бизнес өкілдері мен көлік-логистика ком­паниялары аталған өткізу пункттерін өте белсенді қолданады деген сөз», деді Сенат Төрағасы.
Осыған орай, М.Әшім­баев екі тарап та шекарадағы өткізу бекет­тері­нің тиімді әрі кедергісіз жұмыс іс­теу­іне мүдделі екеніне сенім білдірді.
Сонымен қатар депутаттар транс­шекаралық өзендердің эколо­гиялық мәселелеріне де айрықша көңіл бөлді. М.Әшім­баев бұл мәселелерді оңтайлы шешу атал­ған өзендерді жағалай қонған елді ме­кендердің әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық дамуына және жергілікті аза­мат­тардың өмір сүру сапасын арт­тыруға тікелей ықпал ететінін атап өтті.
«Бұл ретте бірінші кезек­те Жайық өзеніндегі су дең­гейі­­нің тө­мендеп кетуі сөз болып отыр. Соған байланысты өңір­де­гі эколо­гиялық жағдай нашар­лап кеткені белгілі. Аймақ тұрғын­дары үшін аталған өзеннің стра­те­­гиялық маңызы зор. Ауыл шаруа­шылы­ғының дамуы, азық-түлік қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету осы өзеннің жағдайына тікелей байланысты. Сондай-ақ Ертіс өзеніне де қатыс­ты бірқатар мәселе бар», деді М.Әшім­­баев.
Сенат Төрағасы былтыр қа­был­данған екіжақты 2021-2024 жыл­дарға арналған трансше­ка­ралық Жайық және Ертіс өзендерінің эко­жүйесін қалпына келтіру бағдар­ламасы аясында бірлескен жұмыс­тар қолға алынатынына сенім білдірді.
Одан бөлек, тараптар депутат­тар­дың белсенді өзара іс-қимылы және тиісті атқарушы органдармен бірлескен жұмыс маңызды эко­ло­гиялық проблемаларды тиімді шешуге өз әсерін тигізетінін атап өтті.