Ұлы да, абыройлы қызғаныш дегеніміз не? Айталық, Тәңір әрбір ұлтқа меншіктеп берген қасиеттері бар. Олар: тілі мен ділі, малы мен жаны, тарихы мен тамыры, салты мен дәстүрі, мінезі мен танымы, ақылы мен парасаты, білімі мен білігі, әдептері мен тұрмыстық өмір сүру дағдысы, өнері мен мәдениеті, әні мен жыр-дастаны, сондай-ақ ата-бабасынан бері мәңгілік мұра болып келе жатқан атамекені, кір жуып, кіндік кескен қарамекені, байлығы мен дәулеті, тағысын тағылар. Осы қасиеттер халықтарды бір-бірінен ажыратып, ерекшелеп тұрады. Бір халықтың жойылып кетуіне басты себеп, әу баста Тәңір сыйлап берген жоғарыдағы қасиеттерінен айырылуы.
Бұған себеп сол халықтың – қызғану, қызғаныш түйсігінің жоғалуы. Үлкен қызғаныш ол – қорғаныс. Яғни Тәңір берген ұлттық қасиеттеріңді басқадан қызғану, сол арқылы оның құнсыздануына жол бермеу. Айталық, қазақ руханиятын басқа жұрттың басып-жаншуынан, тозғындатуынан қызғану. Нақтырақ айтқанда, Ұлы далада қалыптасқан ұлы мәдениетімізді – Батыс пен Шығыстың жат идеологиясынан қызғану.
Қызғаныш қасиетінен айырылған халықтың ең әуелі ұлтына деген махаббаты жойылады. Өйткені махаббат пен қызғаныш құстың қос қанаты іспеттес. Бірі жоғалса, екіншісі табиғи жолмен санадан ығысып, бойдан шығып кетеді. Сөйтіп, махаббат пен қызғанышы құрыған жұрт табиғи адалдығынан айырылады. Қоғамда әділетсіздік пен пайдакүнемдік үстемдік құрады, жойдасыз қиянат басталады. Оған білімсіздік қосылады.
Сөйтіп, қызғаныш қасиетін жоғалтқан халық «еліктеу» дейтін дертке ұрынады. Бұндай кесапатқа шалдыққан қауым өзі еліктеген жұрттың құлына айналады да, басқа қауымның мәдениетін, тілін, өнерін дәріптейтін сорлы күйге ұшырайды. Бұдан өткен қорлық жоқ. Ең жаманы еліктелген мәдениет еліктеушіге керемет үлгі ретінде насихатталып, жетістікке жетудің даңғыл жолы болып бекиді.
Мысалы, Кеңес өкіметі алғаш құрылған жылдары Одақ бойынша жеке ұлт ретінде 194 халық-этнос ресми тіркелсе, Одақ құлаған 90-жылдары осылардан 100-і ғана аман қалыпты. 50% халық жоқ. Шын мәнінде, бұл халықтар жер бетінен жойылып кеткен жоқ. Қазір де бар. Бірақ жоғарыдағы дара этнос ретіндегі қасиеттеріне ие бола алмағандықтан, өз қасиетін қызғана алмағандықтан, жаттың үстем пиғылынан қорғай алмағандықтан, ең бастысы еліктеу дертіне ұрынғандықтан ұлт ретінде өмір сүруден қалды. Басын ашып айтар болсақ, басқа жұрттың «қаңсығын» қабылдағандықтан, сол жұрттың жұрағатына айналды.
Бір ұлттың жоғалуы – генетикалық емес, рухани құбылыс. Яғни ұлт өзінің Тәңір берген дара қасиеттерінен бас тартқан жағдайда ұрмай-соқпай, оба тиіп қырылмай, қан майданда қаза таппай-ақ өзінен өзі жоғалады.
Жоғарыда біз атап өткен ұлттық дара қасиеттердің ішінде ұстын іспеттес, барлығын маңайына топтастырып, тапжылтпай ұстап тұратын негізгі қасиеттер болады. Ол – тіл. Қайран Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп дәл айтқан. Тіл бірлігінен айырылған этностың басқа ұстындары уақыт өткен сайын, ыдырайды. Мысалы, қатерлі ісік вирусы адам ағзасында пайда болып, уақыт өте келе басқа ағзаларды зақымдап, ақыр аяғында өлтіріп тынатыны сияқты.
Үлкен ғұлама ғалым Хасан Басри «Өзінің Құдай берген қызғаныш қасиеттерінен айырылған халық қорлануға лайық» депті. Өте ауыр тұжырым. Бүгінгі қазақ халқының мыңдаған жылдар жер бетінен жойылып кетпей осы ғасырға аман жетуі бойындағы қызғаныш қасиетін сақтай білуінде екені анық. Мысалы, даңғыл жырау Дулат Бабатайұлы «Ақжайлау мен Сандықтас» атты жырында: «Атамның қонған қонысы, Аққан бұлақ сай-салаң, Шытырман тоғай айналаң, Мендей сені қызғанар, Бауырыңда өскен бай-балаң, Көл қорыған қызғыштай, Сен десе салам байбалам...» деп жырласа, үлкен қаламгер Сафуан Шаймерденов «Ит ашуы» атты хикаятында, Лезбай атты қойшы күзеуге көшіп бара жатып қара тонын жұртта қалдырады. Қойшының Марғау деген ақылды иті жұртта қалған тонды айналшықтап кете алмай, елсіз далада қала береді. Қарлы боранда тастың ығын паналап, аш бөрілермен алысып, небір мехнат кешеді. Сөйтіп жыртық тонды қорғап, бес ай арпалысады. Аңға шыққан біреу жолықпағанда, ақылды ит қу далада қара тонды басқадан қызғанып жата берер ме еді, кім білсін... Расын айтқанда, қазіргі қазақ руханиятының тірек қасиеттерін қорғауды осы Марғаудан үйренгеніміз жөн сияқты.
Адамзат танымында қызғану немесе қызғаныш деген бар. Қызғаныш ол – үлкен абырой. Бұл жерде, басын ашып айтқан жөн сияқты: абыройлы қызғаныш пен күнделікті адамдар арасында болып жататын пендауи қызғаныш екеуі екі басқа.
Апаттан аман қалған балалар басқа елдің азаматтары - министрлік
Оқиға • Бүгін, 17:25
Оқулықтан инновацияға дейін - білім беру саласындағы жаңа серпін
Сұхбат • Бүгін, 17:06
Президентке Ақтаудағы апат бойынша соңғы деректер баяндалды
Үкімет • Бүгін, 16:48
Президент ТМД-ға мүше елдер басшыларымен кездесті
Президент • Бүгін, 16:45
Ауа райы • Бүгін, 16:40