Редакциямызға хат жолдаған көпбалалы ана Ләззат Әбжамалова өз әрекеті заңнама талабына сай болса да білдей мекеме басшысы базынама құлақ аспады деп өкпелі. Көп хаттың ішінен кәсіпкер ананың жанайқайына көңіл бөлгеніміз бекер емес. Мәселенің мән-жайына үңілсек, шағын кәсіпкер екі оттың ортасында қалдым деп күйінеді. Өйткені Іле Алатау ұлттық паркі оған «қонақүй салмасаң, жалға алған орныңды босат» десе, Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы аталған орын қызыл белдеуде орналасқандықтан, онда ауыр құрылыс салуға болмайтынын алға тартқан.
Оқиғаға терең үңілу үшін оқырман хатының кей тұстарына назар салайық: «14 жылдан бері «Іле Алатауы ұлттық паркі» аумағы Алма-Арасан шатқалындағы шұрайлы жерді 49 жылға жалға алып, отбасылық кәсібімді жүргізіп келемін. Нақтырақ айтқанда, киіз үйлер мен ашық алаңқайлар тігіп, маусымдық демалысқа келген қонақтарға қызмет көрсетеміз. Қолымдағы құжаттарымның бәрі заңнама талабына сай рәсімделіп, екіжақты келісімшартпен бекітілген. Былтырдан бері «Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркі» РММ бас директорының тарапынан көрсетіліп келе жатқан қысым жөнінде жалпақ жұртқа жариялауға мәжбүрмін. Жаңа басшы қызметке келгелі жұмыс істеуге мүмкіндік берер емес. Менің тарапымнан келісімшарт бұзылғанын айтып, жерді босатуымды талап етіп жатыр. Оның бар айтар уәжі, менің ұлттық саябаққа қонақүй салмай, сәулет-жоспарлау тапсырмасын (СЖТ) беру туралы шартты орындамай отырғаным екен. Ал Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы маған шағын сәулет құрылыстарын салуға сәулет-жоспарлау тапсырмасын берейін десе, менің учаскем қазіргі уақытта Алматы қаласы әкімдігінің 11.03.2017 ж. №1/84 қаулысымен бекітілген, қосылған аумақтардың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес көшенің қызыл сызықтары шегінде, су қорғау белдеуінде, Проходная өзенінің аймағында, «Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» ерекше қорғалатын табиғи аумақта орналасқан. Сондықтан құрылыс салуға СЖТ бере алмайды. Бір сөзбен айтқанда, Ұлттық парк аумағына ауыр құрылыс салуға рұқсат жоқ. Заң солай. Өйткені Ұлттық парк ұсынған дамудың бас жоспары «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңның және құрылыс нормаларының талаптарына сәйкес келмейді. Бұған қарамаған жаңа басшы «құрылыс нысанын уақтылы салмадыңыз» деген желеумен маған тізесін батырып отыр. Сонда мемлекеттің заңы пәрменді ме, әлде Ұлттық табиғи парк басшысының келісімшарты қауқарлы ма? Аудандық және қалалық деңгейдегі прокуратура органдары Ұлттық парк тарапынан жасалған заңбұзушылықты көріп, Ұлттық парк өзінің бас жоспарын қолданыстағы сәулет заңнамасына сәйкес келтірмейінше, менің жеке кәсіпкер ретінде және жер пайдаланушы ретінде құрылысқа тиісті СЖТ ұсына алмайтыныма көз жеткізді. Даудың мәнін түсінген мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттағылар да заң бұзушылықты көрді және менің «тікелей заңнамалық тыйымға байланысты» міндеттемені орындай алмайтынымды айтты. Алайда кейінгі инстанция мәселеге шындап бойламай, бірінші инстанция сотының актісін алып тастады және сол арқылы мені «шарттық талаптарды бұзды» деген шешім шығарып отыр. Бірақ мен мұнымен шектелмеймін, соңына дейін күресуге дайынмын. Себебі бұл – менің отбасымның табыс көзі. Менің қарамағымда жұмыс істеп, бала-шағасын асырап отырған жиырма шақты азамат та біздің жағдайға алаңдап отыр. Осы мәселе әділ шешілуі үшін ел Президентінен, Жоғарғы Сот төрағасынан араша сұраймын», дейді Ләззат Әбжамалова.
Кәсіпкерді алаңдатқан жайдың ақ-қарасын ажырату үшін сауалымызды Іле Алатауы Ұлттық паркіне бағыттадық. Сауалымызға мекеменің заңгері жауап берді.
– Алматы қаласы әкімдігінің шешімдері бізге жүрмейді. Алматы аумағында болғанымызбен, әкімшілік жүйеміз елордаға бағынады. Сондықтан қонақүй деп жазылса, қонақүй болуы керек. Біз республикалық маңызы бар паркпіз, әкімдік бізге шешім шығармайды. Егер кәсіпкер шешімге қарсы болса, әрі қарай сотқа жүгінсін, – дейді Іле Алатауы Ұлттық паркінің заңгері Сұлтан Қожанов.
Қазіргі пандемия жағдайында шағын және орта бизнес ауыр зардап шегіп отырғаны айтпаса да түсінікті. Мемлекет басшысы Жолдауында бұл мәселеге ерекше тоқталып, «қазіргі күрделі жағдайларда біздің басты міндетіміз – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыспен қамтуды және халықтың табысын сақтау» екенін атап өтті. Қаламымызға ілінген кереғарлық кез келген кәсіпкердің алдынан шығуы әбден мүмкін. Әр тараптың өз шындығы бар десек те, ақиқат – біреу, заң – жалғыз. Бір елдегі екі мемлекеттік мекеменің талабы бір-біріне қайшы келіп жатса, кәсіпкерге қайтпек керек? Сондықтан құзырлы орындар бұл мәселеге бейжай қарамай, оң шешімін шығарар деген үміттеміз.
АЛМАТЫ