Талас аудандық полиция бөліміне Қаратау қаласының тұрғыны қоңырау шалып, үйінің ауласында күйеуі мен оның туысының төбелесіп жатқанын хабарлаған. Аталған оқиға кезінде ер адам ауыр жарақат алып, аудандық ауруханада көз жұмған. Полицейлер «кісі өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастап, күдіктіні «ізін суытпай» ұстады.
«Жәбірленушінің мекен-жайына оның 1995 жылы туған туыс інісі бұрын араларында болған араздықтарын шешу үшін келіп, жанжал шығарған. Нәтижесінде араларындағы дау төбелеске айналып, күдікті жәбірленушінің басынан таспен ұрып, соңы өлімге алып келген. Ал өзі оқиға болған жерден бой тасалаған», деді Жамбыл облысы ПД Тергеу басқармасының бастығы Әбсамат Бекмұхамбетов.
Медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, күдікті мас күйде болған. Ол өз қылмысын толық мойындады.
Күдікті қазір уақытша ұстау изоляторында. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.