Әдебиет • 02 Шілде, 2021

Әдебиетті қолдау бағдарламасы әлі де жетілдіре түсуді қажет етеді

668 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Елімізде мемлекеттің тікелей қолдауымен кітап шығаратын һәм оны кітапханаларға таратып, белгілі бір мөлшерде қаламақы беретін жалғыз бағдарлама бар: «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу, басып шығару және тарату қағидалары». Ол екі бағыттан тұрады: әдебиеттерді сатып алу және басып шығару мен тарату. 2017 жылдан бастап іске асқан бұл бағдарламаның сатып алу бағыты бойынша автордың құқын 70 жылға шектейтін. Былтыр «Мәдениет туралы» заңға бірқатар өзгеріс енгізіліп, автор­лық құқықты сатып алу мерзімі 5 немесе 3 жылға қысқарды. Сондай-ақ қоғамдық маңы­зы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату бағытында басылымға өтінімдерді қабыл­дау Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы арқылы жүзеге асырыла бастады.

Әдебиетті қолдау бағдарламасы әлі де жетілдіре түсуді қажет етеді

Бірінші бағыт – сатып алу

Мемлекет әдебиетті кітапханаларға өтеусіз негізде тарату үшін ғана сатып алады. Ал бұл автордың кітапты қайта шығаруына немесе кітап дүкендеріне сатуына, яки басқа да жолдармен сатуға құқын шектейтін-ді. Қазіргі заңда бұл шектеулер өзгеріске ұшырап, енді автордан әдебиетті белгілі бір мерзімге ғана (бес немесе үш жылға, әлі нақтыланған жоқ) сатып алады. Әлқисса.

Қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алудың бір-ақ талабы бар: ұсынылған шығарма бұрын-соңды басылып шықпаған болуы керек. Өтінімдер қабылдау әр жылдың 1 ақпан мен 1 мамыр айлары аралығында тоғыз жанр негізінде, атап айтсақ, энциклопедиялық және анықтамалық әдебиет; балалар және жас­өспірімдерге арналған әдебиет; мәдениет және өнер туралы әдебиет, оның ішінде нота­лық әдебиет (ноталық шығармаларда ноталар шығарманың жалпы көлемінің 50%-ын құрайды); көркем әдебиет; танымдық әдебиет; қоғамдық-саяси әдебиет; ғылыми-көпшілік әдебиет; аударма әдебиет; мерейтойлар мен атаулы күндерге арналған әдебиет түрлері бойынша жүргізіледі.

Іріктеуге келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтінімдері шығарманың құн­дылығы, маңыздылығы мен сатып алу қа­жет­тігін қарастыратын министрлік жанынан құрылған Сараптама комиссиясы мүшелеріне оқуға беріледі. Комиссия мүшелері белгіленген критерийлерге сәйкес сараптама жасай отырып, қорытынды береді. Қорытындылар Үкі­мет жанынан құрылған Ведомствоаралық комиссия қарауына ұсынылып, нәтижесінде сатып алынатын кітаптар тізімі анықталады. Аталған іріктеулерден мүдірмей өткен шығар­малар 2 жылдан кейін мемлекет қаражаты есебінен басып шығарылады.

Автор шығармаларын сатып алған алғаш­қы 2017 жылы іріктеуге 90 өтінім келіп түсіп, оның – 52-сі, 2018 жылы 121 өтінімнің – 67-сі, 2019 жылы 108 өтінімнің – 62-сі және былтыр 61 – барлығы 242 кітап сатып алыныпты. Бұл шығармалар тізімі әр жыл са­йын министрліктің сайтында жарияланып отырады. Ал биыл 196 автор шығармасын «сатуға» ұсынған. Бұл кітаптар қазір комиссия қарауында. Қорытынды шешім күзде жарияланады.

«Біз 2017-2018 жылдардағы сатып алын­ған кітаптарды шығардық. Ал 2019 жылы іріктелген кітаптар биыл шығады. 2020 жы­лы сатып алын­ған 61 кітап ендігі жылы шыға­рылады. Былтырдан бастап кітаптар комиссия өкілдеріне авторлары белгісіз күйде жіберілді. Өйткені танымал және бейтаныс авторлардың құқы тең болуы керек. Ал Сараптамалық комиссияның құрамын ашық айта алмаймыз. Оларға әр тараптан қысым жасалуы мүмкін», дейді Баспа ісі басқармасының басшысы Әлия Бекбатырова.

 

Екінші бағыт – басып шығару және тарату

2020 жылдың соңында депутаттардың талапты ұсынысы бойынша қоғамдық ма­ңызы бар әдебиеттерді басып шығару және таратудың ашықтығын, жариялылығын көр­сету үшін заңға өзгерістер енгізілді. Биыл­дан бастап мемлекет есебінен басылып шығып, таратылатын әдебиеттерді іріктеу құқығы Кітап палатасына берілді. Яғни аталған бағыт бойынша ұсынылған кітаптар халық алдына шығарылып, лайық деп санаған шығармасына оқырман онлайн түрде дауыс бере алады.

Бұрын бұл бағыттағы шығармаларды көр­кемдік кеңес қараса, биылдан бастап үш комис­сияның алдынан өтеді. Ең алдымен Кітап па­ла­тасының жанынан құрылған Тәуелсіз ко­мис­сияның іріктеуінен өтіп, Сараптамалық ко­миссияға ұсынылады. Кейін министрлік жанындағы Ведомствоаралық комиссия қарап, қорытынды шешім шығарады.

Бұл бағыт бойынша баспа немесе автор соңғы үш жылда мемлекеттік тапсырыс­пен шық­паған еңбегін ұсына алады. Шығар­ма­ларды қабылдау мерзімі 5 сәуірде басталып, 31 мамырда аяқталды. Ұсыныстарды жоғарыда атал­ған комиссиялар саралап, қо­рытындысында бір­неше кітап тізімі жасалады. Қоғамдық ма­ңыздылығы мақұлданған кітаптар бір жыл ішін­де басылып шығуы тиіс.

Бағдарлама бойынша келіп түскен өті­нім­дерді орналастыруға онлайн платформа құ­рылды (Кітап палатасы сайтында). Бұл бағыт­та да шығармалар тоғыз аталым бойын­ша қабылданады: энциклопедиялық және анық­тамалық әдебиет, балалар және жасөспірімдерге арналған әдебиет, мәдениет және өнер туралы әдебиет, көркем әдебиет, танымдық әдебиет, қоғамдық-саяси әдебиет, ғылыми әдебиет, аударма әдебиет, мерейтойлар мен атаулы күн­дерге арналған әдебиет.

Кітап палатасы өкілдерінің айтуынша, қазір сайтта 758 шығарма тіркелген. Шығар­ма­мен бірге өткізілетін құжаттары толық болма­ғандықтан, 9 кітап онлайн дауыс беру кезеңі­не жіберілмепті. Дәл қазір сайтта 749 кітапқа ­дауыс беру жүріп жатыр.

Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш Кітап палатасы жанынан құрылған Тәуелсіз комиссия қарауынан алдын ала іріктеуден өткен өтінімдер 1 қыркүйекке дейін министрлікке жолданатынын атап өтті. «Осылайша, қоғам­дық маңызы бар әдебиеттерді іріктеу ісі бір­неше сүзгіден өтеді. Әлбетте, жанашыр жұрт­шылық тарапынан онлайн дауыс беру процесінің объек­тивтілігіне алаңдаушылық білдіріп жатқаны да түсінікті. Бірақ ол ірік­теудің тек алғашқы сатысы ғана екенін еске­руіміз керек.

Бұл жайында таяуда отандық баспа ұйым­дары мен қаламгерлердің қатысуымен онлайн режімде кездесу ұйымдастырылып, түйткілді мәселелер талқыланды. Келешекте кәсіби мамандар оқырманның рухани азығына айналатын нағыз жақсы шығармаларды жарыққа шығарудың жаңа тетіктерін ұсынған жағдайда, бұл істі одан әрі жетілдіре беретінімізді жеткіз­дік», деді комитет төрағасы.

Айта кетейік, дауыс беру кезеңі 4 маусым­нан 31 шілдеге дейін жалғасады. Оқыр­мандар дауысының қорытындысын Ұлттық мем­лекет­тік кітап палатасы жанындағы Тәуелсіз сараптама комиссиясының мүшелері міндетті түрде ескереді.

Ұсынылған авторлар мен баспалардың өзара бәсекелестігі жоғары екенін айтқан Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов: «Мемлекеттік бағдар­лам­аға ұсы­нылған кітаптарды жұртшылық таңдауына сәйкес басып шығару – ашықтық принципін ұстанған қоғамның, демократияның көріні­сі. Кез келген авторға бағдарламаға кітап ұсы­нуға мүмкіндік берілді. Онлайн форматта алғаш рет өткізіліп тұрғандықтан, бірқатар түсі­ніс­пеушіліктер, жекелеген азаматтардың көзқарас қайшылығы сияқты фактілер болды. Бұл – әрбір жаңа бастама кезінде орын алатын өтпелі кезең, заңды құбылыс», деді.

Ал Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов кітап шығару ісіне үлкен жауапкершілік керек екенін айтып: «Дауыс беру» деген мәселені қайта қарау қажет сияқты. Сонымен қатар, сапалы кітапты таңдап алу, ұсыныстарды терең зерттеу, тексеру жұмыстарына назар аудары­лу керек. Кітап шығару ісіне немқұрайды қарай­тын қаламгер болмайды. Қазіргі күні көпшілік Кітап палатасының жұмысынан нәтиже күтіп отыр», деді.

 

Қаламақы қалай есептеледі?

Еске салсақ, «Қоғамдық маңызы бар әде­­­биеттерді сатып алу» бағыты бойынша кітабын шығарған авторлар проза мен поэ­зияның бірдей есептелмейтінін айтып шағым­данатын. Қаламақының есептелу жүйесін білмекке жауапты органға сұрау салып көрдік. Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті Баспа ісі басқармасының басшысы Әлия Бек­батырованың айтуынша, проза жанры бойынша бір баспатабақ 40 000 белгі (сөздер арасындағы бір бос орын да есептеледі), ал поэзия бойынша 700 жол болып саналады. Әр баспатабаққа 6 ең төменгі жалақы мөлшері (1 ЕТЖ – 42 500) төленеді. Яғни автор бір баспатабаққа 255 000 теңге қаламақы алады.

Ал екінші бағыт – «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару мен тарату» бойынша қаламақы баспа мен автордың өзара келісімшарты негізінде ғана белгіленеді. Яғни министрлік баспагерлерге нақты қаламақы мөлшерін айтып, міндеттей алмайды. Негі­зінен, баспагерлердің дені авторға кітапқа бөлінген қаржының 10 пайызы көлемінде қаламақы береді.

Авторларға қаламақы төлей алмайтын тек баспалар ғана емес, сондай-ақ тәуелсіз газеттер мен журналдар да көп екеніне қоғам үйренді. Өйткені көптеген басылымның қаламақы тө­леуде қалыптасқан тәртібі мен табан тірейтін құжаты жоқ. Мәселен, «Нарықтық экономикаға өткенге дейін баспалар мемлекеттік меншік нысанында болды және кітапты басып шығару республикалық бюджеттен қаржыландыры­лып, авторлық қаламақының көлемі тиісті мемлекеттік органдармен бекітілді. Ал қазіргі таңда авторлық қаламақы мәселесі «Автор­лық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасы заңының нормаларына сәйкес, автор мен баспа арасында жасалған авторлық келісімшарттың талаптарымен реттелуі керек», дейді заңгерлер. Қо­ғамда қаламақының төленбейтініне еті үйре­ніп, тіпті сұраусыз қалып бара жатқаны, бәл­ки авторларда қаржылық сауаттың һәм менед­жерлік талаптың жоқтығынан болар немесе қаламақысыз бір жол мақала бергізбейтін Қазақстан Республикасының Қаламақы туралы заңын жеке, өз алдына бөлек қабылдау керек шығар.

 

Сонымен....

Баспа ісіндегі «Қоғамдық маңызы бар әде­биеттерді сатып алу, басып шығару және тарату қағидалары» мемлекеттік бағдарламасы­ның екі бағытын да егжей-тегжейлі тарқа­тып, тал­қылағандай болдық. Нәтижесінде, екі ба­ғыт бойынша да іріктелген кітаптар ­
3 000 дана­мен 14 облыстағы 25 кітапханаға тараты­лады. Облыстық кітапханалар өз ішінде аудан-ауылдарға үлестіреді. Бұдан бөлек рес­пуб­ликалық, ғылыми және көзі нашар көре­тін азаматтарға арналған кітапхана мен шетел­дегі қазақ диаспорасына да жіберіледі. Ал облыстарға бөлінетін тираж саны әр өңірдегі аудандық кітапханалардың санына байла­нысты. Айта кетейік, облыстық кітапханалар жыл сайын министрлікке есеп беріп отырады.

Қоғамға құлақ түрсек, «әдебиетке ақша бөлінбейді» деген жаттанды пікірді әлі күнге дейін естіп қаламыз. Дәлел мен дәйекке сүйеніп көрейікші. Мәселен, 2021 жылға мемлекеттік бюджеттен «Баспа ісі» бойынша 587 млн 751 мың теңге бөлінген. Оның ішінде авторлық қаламақыға 300 млн теңге, ал басып шығару мен таратуға 237 млн 751 мың теңге тиесілі. Баспа ісі басқармасы өкілдерінің айтуынша, 2019 жылы сатып алынған кітаптар әлі шықпапты. Биыл сол кітаптар конкурсқа шығарылады. Оған 350 млн теңге көлемінде қаражат керек. Ал негізгі қаржыдан артылған қаражат (237 млн теңге) оған жеткіліксіз. Дегенмен конкурс кезінде баспалар белгілі бір мөлшерде жеңілдік жасаса, қалған қаражат жетуі мүмкін дейді. Ал былтырғы көркемдік кеңес іріктеген кітаптарға қаражат жоқ (олар бюджеттен қосымша қаражат бөлінген жағ­дайда ғана шығады). Министрліктің сұрауы бойынша 645 млн теңге қосымша қаражат алынды. Сонда мемлекет бюджетінен биылғы баспа ісіне барлығы 1 млрд 232 млн 751 мың теңге бөлініп отыр.

Қазіргі қазақ әдебиетінің деңгей-дәрежесі үшін аталған сома айтарлықтай жеткілікті қар­жы. Әсіресе, баспа ісіндегі менеджерлік дамы­май отырғандықтан, кітап шығаруға мемле­кеттік қолдау ауадай қажет. Тек бөлінген қар­жы игі мақсатта, ең бастысы нәтижелі мақ­сат­та жұмсалса екен дейсің. Сондықтан ақын-жазушылардың құқығын сатып алып, кітап­тарының жарияланып һәм әдебиет жасауына мүмкіндік беріп отырған Мәдениет және спорт министрлігі, Сараптамалық, Ведомствоаралық комиссия мүшелері «ардың ісіне» аса бір жауапкершілікпен қарайды деген үміттеміз.