Саясат • 02 Шілде, 2021

Орталық Азия аймағындағы жетекші қаржы орталығы

172 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысын өткізді, деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.

Орталық Азия аймағындағы жетекші қаржы орталығы

Жиын барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығының 2020 жылы атқарған жұмыстары қорытындыланды, сондай-ақ оны әрі қарай дамыту жөніндегі ұсыныстар қарастырылды.

Іс-шараға қатысушылардың баяндамасын тыңдаған Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы орта­лығын одан әрі дамытудың бір­қа­тар өзекті міндеттерін белгілеп берді.

Атап айтқанда, Президент АХҚО биржасындағы компания­ларды тиімді жекешелендірудің маңызды екенін атап өтті. Со­ны­мен қатар бұған дейін қабыл­данған Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына назар аударды. Онда 600-ге жуық мемлекеттік ак­тив­ті бәсекелестік ортаға салу­дың мерзімі мен жолдары айқын­дал­ған.  

– Қаржы орталығын дамыту барысында бірқатар ірі ком­па­нияны, атап айтқанда «Қаз­мұ­най­газды», мүмкін «Қазтранс­газ­ды» да IPO-ға шығарудың маңызы зор. «Самұрық-Қазына» қо­рына қарасты ірі компаниялар IPO-ға шығаруда басымдыққа ие екені сөзсіз. Отандық қор алаң­­да­рының әлеуетін барынша пай­­далана отырып, «Халықтық IPO» өткізуді қолдаймын, – деді Мем­лекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев АХҚО биржасына мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару туралы ұсы­нысты қолдады.

 – Жұмыс істеп жатқан инвес­торды қазақ­стандық бір алаңнан екінші алаң­ға жай ауыс­тыра салу болмауға тиіс. Керісінше, «қосымша құн» қалып­тасуы керек. Орталықтың міндеті – мемлекеттік қағаздарды орналастыру үшін барынша тиімді жағ­дай жасалуын қамтамасыз ету, – деді Президент. 

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев АХҚО-ның лицен­зия­сына ие компаниялардың елі­міздегі бүкіл қаржы нарығына қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі ұсынысты қолдады. Оның пікірінше, қаржы жүйесінің тұрақтылығына төнетін қа­уіп-қатерлерді талдап, баға беру керек.

– Бәсекелес реттеуші режім­дер проблемасының және бірыңғай реттеушінің, яғни жа­уапты мемлекеттік органның болмауы мәселесінің алдын алған жөн. Қаржылық, фискалдық және валюталық заңнамада шикілік бол­мауға тиіс. Әйтпесе, сол арқы­лы бақылауға алынбаған капи­талдың елімізден жылыстатылуы мүмкін, – деді Президент.

Отырысты қорытындылай келе, Президент «Астана» халық­аралық қаржы орталығының 2020 жылы атқарған жұмыстарының есебін бекітіп, Үкіметке, Ұлттық банкке және басқа да мүдделі органдарға үш ай мерзім ішінде айтылған бастамалар бойынша келісілген ұсыныстар енгізуді тапсырды. 

АХҚО-ның дағдарыстан кейінгі қайта қалпына келтіру кезеңіндегі маңызды рөліне тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев аталған алаңның барлық әлеуетін пайдалану қажеттігін атап өтті. Бұл Орталық, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы жүйелі әрі үйлесімді іс-қимылдарды жолға қоюды қажет етеді. 

– Тек бірлескен күш-жігер ғана алға қойған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге мүм­кін­дік береді. Бұл Қазақстанның одан әрі дамуы үшін аса маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, АХҚО Орталық Азия айма­ғын­дағы жетекші қаржы орталығына айналған.

– Біздің ортақ міндетіміз – Орталықтың әлеуетін толық пайдаланып, оның аймақтық және жаһандық деңгейдегі ауқымын кеңейте түсу, – деді Мемлекет бас­шысы.

Жиын барысында Стра­те­гиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы, АХҚО басқарушысы Қайрат Келім­бетов, Қазақстан Президентінің экономикалық даму жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, Рефор­­малар жөніндегі кеңес төраға­сының орынбасары Сэр Сума Чакрабарти, Ислам даму банкі тобының президенті Бандар Хад­жар, Citigroup банкінің үкімет­тер мен мемлекеттік секторы жаһандық блогінің басшысы Джули Монако, G30 тобы Қам­қор­шылар кеңесінің төрағасы Джей­коб Френкель және АХҚО-ның бірқатар институтының жетек­шілері баяндама жасады.