УРУГВАЙ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ МҰНЫСЫ НЕСІ?
Уругвай президенті Хосе Мухика экономика министрінің қызметіне кірісу салтанатына жалаң аяғына сандал киіп келген. Ел басшысының бұл әрекеті біраз әңгімеге арқау болғанға ұқсайды. Өйткені, президенттің әріптестері ресми шараға костюм киіп, галстук тағып, қысқасы, шыттай киініп келсе керек.
УРУГВАЙ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ МҰНЫСЫ НЕСІ?
Уругвай президенті Хосе Мухика экономика министрінің қызметіне кірісу салтанатына жалаң аяғына сандал киіп келген. Ел басшысының бұл әрекеті біраз әңгімеге арқау болғанға ұқсайды. Өйткені, президенттің әріптестері ресми шараға костюм киіп, галстук тағып, қысқасы, шыттай киініп келсе керек.
78 жастағы Мухика мырзаның неге бұлай істегенін ешкім білмейді. Сұрауға да ешкімнің батылы бармағаны тағы анық. Бірақ кейбір журналистер мұны қазіргі кезде Уругвайда және көрші елдерде 40 градус ыстық болып тұрғанымен түсіндіруге тырысыпты. Ал солтүстік елдерде, минус 40 болмағанымен, айтарлықтай аяз, сандал киіп, серуендей алмайсың.
«САНТА-КЛАУС» ЗЕРГЕРЛІК ДҮКЕНДІ ҮПТЕП КЕТТІ
Санта-Клаустың киімін киген қарулы ер адамдар Албания мен Косоводағы зергерлік бұйымдар дүкенін тонап кеткен. Алғашқы ұрлық 24 желтоқсанда Албанияның астанасы – Тирана қаласында жасалса, екіншісі 26 желтоқсан күні Косовоның Призрен елді мекенінде орын алыпты.
Алғашқысында төрт қарулы ер адам дүкеншіні қорқытып, қапшықтарын әшекейлерге толтырып алған соң табандарын жалтыратқан. Екіншісінде осындай қарақшылыққа үш қарулы ер адам барыпты. Тонау кезінде екі адам зардап шеккен. Екі қылмыс арасында байланыс бар-жоғы беймәлім. Тура осындай оқиға АҚШ-тың Флорида штатында да тіркеліпті. Санта-Клаустың киімін киген біреу банкті тонап кеткен.
БӘС ТІГІСКЕН ӘЙЕЛДЕРДІҢ ЖАБАЙЫ ӘРЕКЕТІ
Орал қаласының тұрғыны облыс орталығындағы Неке сарайының алдына 1 желтоқсан күні отырғызылған шыршаны кесіп әкеткен. Қолдағы бар деректерге қарағанда, есімі айтылмайтын 32 жастағы әйел құрбысымен бірге ащы судан ұрттаңқырап алған соң, солай істеймін деп бәс тігіскен ғой.
Бәстің мәнісі мынада екен: шыршаны кесіп, құрбысының үйіне алып келу. Айтқаны орындалған соң, үй иесі әйел шыршаны ойыншықтармен безендіріп үлгереді. Бәстің шарты, ұтылғанның нендей жауап қайтарғаны белгісіз. Белгілісі – шыршаның ұрланғанын Неке сарайы күзетшісі біліп қойыпты. Сөйтіп, полицияға хабарлаған. Із кесуші ит шырша тұрған үйді тап басқан. Ұрлықшы әйелге айып салынса, алып қойылған шыршаның кейін қай үйден «пана» тапқаны беймәлім.
ТОҒЫЗ ЖАСЫНДА ТОП ЖАРҒАН
АҚШ-тың Калифорния штатының тумасы, тоғыз жасар Тайлер Армстронг тарихта Аконкагуа биігін бағындырған ең балғын альпинист болып отыр. Ол аталған шыңға әкесі Кевинмен және гималайлық жолбасшы Лхаванг Дхондаппен бірге шыққан. Альпинистер Аконкагуаның басына 25 желтоқсан – Католиктік рождество күні жеткен.
Аконкагуа – батыс жарты шарындағы ең биік тау. Стандартты ережеге сәйкес, 14 жасқа толмағандарға оған көтерілуге болмайды. Сондықтан Армстронгке Аргентина сотынан арнайы ордер алуға тура келген. Ал Аконкагуа тауының ең биік шыңы теңіз деңгейінен 6962 метр жоғары әрі Солтүстік және Оңтүстік Американың, сондай-ақ, батыс және оңтүстік жарты шардың ең биік нүктесі саналады.
АҚШАҚАРМЕН БІРГЕ АПАТҚА ҰШЫРАДЫ
Польшада ішімдікке тойып алған Санта-Клаус пен оның Ақшақар рөліндегі көмекшісі ат жеккен шанамен келе жатып, апатқа ұшырады. Оқиға салдарынан зардап шеккен де сол екеуі. Куәгерлердің сөздеріне қарағанда, 51 жастағы ер адам мен оның 31 жастағы көмекшісі өздерін құдды бір түнгі клубтан шыққан адамдар секілді ұстаған.
Оқиға орнына полиция мен дәрігерлер шақырылып, соңғылары Санта-Клаус пен Ақшақар ауруханаға жеткізілген. Полициядағылардың атап өтуінше, техникалық жұп апатқа көлік құралын басқарып келе жатып түскендіктен, оларға көлікті мас күйінде жүргізді деген айып тағылуы әбден мүмкін. Ал әлгілердің ойынына балаларын апармақшы болған ата-аналар үлкен реніш үстінде көрінеді.
КӨЛІГІНЕН 300 МЫҢ ДОЛЛАР ТАПҚАН ТАКСИСТ
АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында 13 жыл жұмыс өтілі бар таксист көлігінің артқы орындығынан пакетке оралған 300 мың доллар тауып алған. Джеральдо Гамбоа ақшаны жолаушы жолақысын төлеп және шай үшін деп тағы 5 доллар тастап кеткеннен кейін байқапты.
Таксист те ағынан жаралған адам екен, полицияға дереу хабар береді. Бірнеше сағат өткенде 300 мың доллар оралған пакеттің қожайыны да табылады. Сөйтсе, Жаңа жыл қарсаңында Вегасқа казинода ойнау үшін келген біреу екен. Осылайша, ақша заңды иесіне қайтарылды. Бірақ әзірше ол Гамбоаға ешқандай сыйақы бермегенге ұқсайды. Есесіне адалдығын ескерген таксопарк басшылығы алғыс жариялап, Жаңа жылдың кешкі асын ішу үшін 1 мың доллардың екі адамға арналған сертификатын тапсырыпты. Әрине, 1 мың доллар 300 мың емес қой...
ЕРЕЖЕ БҰЗҒАНДАРҒА – ЛОТЕРЕЯ БИЛЕТТЕРІ
Австралияның Мельбурн қаласында полиция жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілерге сол сәтінде ойналатын лотерея билеттерін таратты. Мұндай әдеттен тыс акция Католиктік рождество күніне орай өткізілді. Жүргізушілер барлығы бірнеше ондаған билеттерге ие болған.
Құқық қорғау органындағылар атап көрсеткеніндей, лотерейлік шара, бірінші кезекте, мереке күні жүргізушілердің көңіл күйін көтеру үшін ұйымдастырылыпты. Мәселен, жылдамдықты арттырғаны үшін тоқтатылған жүргізушілердің көпшілігі полиция тарапынан жазаланудың орнына лотерея билеті ұсынылған кезде не дерлерін білмей ауыздарына сөз де түспеген. Ал билеттердің ішінде ұтысқа ие болғандары бар-жоғы туралы ештеңе айтылмайды.
Ақпарат агенттіктері материалдары негізінде әзірленді.