Әрбір шығынын есептеп барып, тапсырыс алған мердігерлер бүгінде не істерлерін білмей қалды. Себебі, құрылыс материалдарының жылдың басындағы бағасы мен қазіргі құны жер мен көктей. Әсіресе цемент, бетон, жылытқыштар мен металда айқын сезіледі.
Қазақстан Құрылысшылар одағы төрағасының орынбасары Бениамин Файзуллин жағдай осылай жалғаса берсе, елде құрылыс мүлде тұралап қалуы мүмкін екенін айтады. Себебі мемлекеттік бағдарлама аясында тапсырыс алған мердігерлер шикізат құнының қымбаттауынан шығынға батқан. Сондықтан олар әу бастағы келісімшартқа түзетулер енгізіп, қосымша қаржы бөлуді сұрап отыр. Қазір Одақ аталған мәселені тиісті органдарға жеткізгенін хабарлады. Алайда нәтиже жоқ. Ал құрылыс материалдарының құны өскен үстіне өсіп барады.
Мәселен, арматураның тоннасы бүгінде 430 мың теңгеден саудаланып жатыр. Баға былтырмен салыстырғанда 232%-ға артқан. М-400 маркалы цементтің құны 36 мың теңге деп белгіленген. Өсім 218%-ды құрайды. Жалпы нарықта бұл шикізатқа тапшылық бар.
Сол сияқты бетонды жеткізіп беру қызметімен 23 мың теңгеге алуға болады. Оның құны 114%-ға көтерілген. Кірпіш те қымбаттады. Бір данасы - 80 теңге.