Алға балалар үйінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 250-ден астам бала тәрбиеленуде. Мұнда олардың ешкімге жалтаңкөз болмай өсуіне, оқуына, жалпы азамат болып қалыптасуларына барлық жағдай жасалған. Дегенмен, Жаңа жылда олар да барлық балалар сияқты мерекелік көңіл-күйде болғылары келетіні, сыйлықтар күтетіні белгілі. Осыны ескерген облыс әкімі Архимед Мұхамбетов балалар үйінде өткізілген Жаңа жылдық шыршаға келуді дәстүрге айналдыруда.

Биыл да ол алғашқылардың легінде осы балалар үйіне келіп, балаларды Жаңа жылмен құттықтады. Өңір басшысының өздеріне қолдау-көмек көрсетіп жүргенін білетін балалар үйінің тәрбиеленушілері оны зор қуанышпен қарсы алды. Жаңа жылдық салтанаттың шымылдығы осы шара барысында ғана тұсауы кесілген балалар үйінің вокальді-аспаптық ансамблінің орындауындағы жаңа жыл, ана туралы әндерімен ашылды. Жаңа жылдық шыршада облыс әкімі сөз алып, тәрбиеленушілерді алда келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың балалардың елімізде қайғы-мұңсыз, бақытты өмір сүруі үшін барлығын жасап жатқанын атап өтті. Соның бір дәлелі ретінде 2013 жылы облыста заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған Назарбаев зияткерлік мектебінен басқа 15 білім ордасы ашылғанын, 40-тан астам стадион және 80-нен астам әлеуметтік нысандар пайдалануға берілгенін жеткізді.
Содан кейін оқуда озат, тәрбиелі де үлгілі бір топ тәрбиеленуші Жаңа жылдық сыйлықты Архимед Мұхамбетовтің өз қолынан алып, жүздерінен қуаныштың лебі есті. Балалар үйінің қалған тәрбиеленушілері да осындай Жаңа жылдық сыйлықтарға ие болды. Балалар шыршаны айналып ән шырқады, би биледі.
Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін ұйымдастырылған облыс әкімінің шыршасы Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияда өткізілді. Әкім шыршасына келген 100 мүгедек бала Жаңа жылдық қойылымды тамашалады, оларға сыйлықтар таратылды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.