01 Қаңтар, 2014

Атар таңға ақ тілек

1221 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

02ЖАҚСЫЛЫҚТАРҒА ТОЛЫ ЖЫЛ БОЛСЫН

Халқымызда «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деген ұлағатты сөз бар. Шыны керек, өткен жылға өкпеміз жоқ. Экономикада болсын, әлеуметтік салаларда болсын дамудың даңғыл жолына түскен көшіміз көлікті болып, ілгерілей түстік. Елімізде жүзеге асырылып жатқан үдемелі индустриялық-инновациялық жобалар экономикалық дамуға серпін беруде.

 

02

ЖАҚСЫЛЫҚТАРҒА ТОЛЫ ЖЫЛ БОЛСЫН

Халқымызда «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деген ұлағатты сөз бар. Шыны керек, өткен жылға өкпеміз жоқ. Экономикада болсын, әлеуметтік салаларда болсын дамудың даңғыл жолына түскен көшіміз көлікті болып, ілгерілей түстік. Елімізде жүзеге асырылып жатқан үдемелі индустриялық-инновациялық жобалар экономикалық дамуға серпін беруде.

Өзім еңбек ететін ауыл шаруашылығы саласында да ауқымды шаруалар атқарылып жатқанына көзіміз жетіп отыр. Осындай ілгерілеуге із ашатын баянды бағдарламалардың игілігін халық көре бастады. Әсіресе, Ырғыз секілді шалғайдағы бірыңғай мал шаруашылығымен айналысатын өңірлер үшін «Сыбаға», «Жайылымдық қой шаруашылығы» мемлекеттік бағдарламаларының көмегі көп болып тұр. Мұндай елдің дамуына, халықтың тұрмысының түзелуіне қызмет ететін бағалы бастамалар, мемлекеттік бағдарламалар Жаңа жылда да жалғасын таба бергей, лайым.

Қазір еңбек етемін деген адамға мүмкіндік мол. Мемлекет тарапынан ауылдық жерлердегі жұмыссыздықты жоюға бағытталған қолдау-көмек ілгері күндерге сенімді нығайта түсті. Халық еңбек етсең, ауылда да қатардан қалмауға болатынын бек түсінді. Ырғыз өңірінің қай елді мекеніне барсаңыз да шаруасы жайлы, малы күйлі, көңілі көтеріңкі. Осының барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ауыл шаруашылығына зор көңіл бөліп отырғанының, ауылдықтарға деген ыстық ықыласы мен қамқор көңілінің арқасы.

Өзім басқаратын «Алтын - Әсел» жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігі де мемлекет көрсетіп отырған осындай мүм­кіндіктердің нәтижесінде жылдан-жылға тым тәуір көр­сет­кіштерге жетіп келеді. Қазір серіктестікте 6500 асыл тұқымды еділбай қойы, 1200 жылқы, 300 сиыр қыстатылуда. Серіктестік 70 адамға жұмыс тауып беріп отыр. Қазір малшы-жұмысшылар осынша малды қыстан шығынсыз шығаруға жұмылуда.

Қазақ қашанда жылқыны басқа малға қарағанда, жанына жақын тұтып, төре түлік деп бағалаған.Сондықтан алдағы жылқы жылынан күтеріміз көп. 2014 жыл асыл арманымыз бен абзал тілегіміз орындалар, Елбасы алға қойған мерейлі міндеттерді жүзеге асыру арқылы дамыған отыз елдің қатарына жақындата түсер іс-қимылдар жылы болсын деп тілеймін. Ең бастысы, ел аман болсын, елді соңына ерткен ер аман болсын! Тәуелсіз Қазақстанымыз бейбіт күннің шуағына бөленіп, береке-бірлігіміз арта берсін! Төрімізге шыққалы тұрған Жаңа жыл әрбір отбасына мол ырыс-несібе мен бақ-дәулет сыйласын, барша қазақстандыққа бақыт әкелсін.

Хамит ӨТЕУҰЛЫ,

«Алтын-Әсел» ЖШС директоры,

«Парасат» орденінің иегері.

Ақтөбе облысы.

 

ЕЛ ІРГЕСІ ЕШҚАШАН СӨГІЛМЕСІН

Зымыраған уақыт сынаптай сырғып, көзді ашып-жұмғанша бір жыл да өте шығыпты. Өткен жыл еліміз үшін де, сот жүйесі үшін де жарқын оқиғаларға, жетістіктерге толы жыл болды. Біз үшін ең үлкен жетістіктің бірі былтырғы қараша айында Қазақстан Судьялар одағының кезекті VІ съезінің өтуі болатын. Сот жүйесін одан әрі тиімді ете түсу мүмкіндіктерін талқылау мақсатымен өткен бұл құрылтайға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сот реформасын дамытуға бағытталған ұсыныс-пікірлері мен түйткілді мәселелерді атап көрсетті. Түйткілді мәселелер бойынша іс-шара бекітіліп, оның нақты орындалуы бақылауға алынды. Алыс-жақын шетелдерден көптеген меймандар қатысып, қазақстандық сот жүйесінің әлемдік талап деңгейіне сай дамып келе жатқанын, ал судьяларға қолдаудың Мемлекет басшысы деңгейінде жасалып отырғанын көздерімен көріп қайтты. Мұны да өткен жылдың Қазақстан мәртебесінің бір сатыға биіктеуіне қосқан үлесі өзге жылдардан артықшылығы деуімізге саяды.

Ал адамдар үшін Жаңа жыл – сиқырлы және армандардың орындалатын таңғажайып мерекесі емес пе? Сондықтан келе жатқан жыл біздің берекелі бірлігімізді, жарасымды татулығымызды, үйлесімді тұрақтылығымызды нықтай түсетін жыл болады деп сенейік. «Отан – қуат, отбасы – шуақ» дейді қазақ халқы. Осы бір шуақ шашқан отбасылық мереке баршаңызға бейбіт өмір, тыныштық және мол жақсылықтар әкелсін. Бірлігіміз нығая берсін. Барлық бастамалардың бағы жанып, жаңа реформаларға, жаңа тәжірибелерге, биік кәсіптік белестер мен асқар асуларға жетелесін! Ел іргесі аман болсын!

Нұрғазы ӘБДІҚАНОВ,

Ақмола облыстық сотының төрағасы.

 

ТІЛІМІЗДІҢ ТҰҒЫРЫ НЫҚ ТҰРСЫН!

Басталған жылға ақсақалдық тілек, пейіл, әрине, еліміздің амандығы, тыныштық тірліктің ұзағынан болуы ғой. Еліміздің тәуелсіздік алғанын көріп, сол тәуелсіздік заманда өмір сүріп жүргеніміздің өзі бақыт. Келмеске кеткен өткеннің қиындықтарын көрдік. Енді өз тілімізбен өмір сүріп, келер күндерге қазақ тілінде сөйлеп, жазып естелік қалдырамыз ғой деген сенім бар. Мемлекеттік тіл – қоғам бірлігінің бастау бұлағы. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы жолдауларында үнемі айтып келеді. «Қазақ тілі, сондай-ақ, біздің рухани негізіміз де болып табылады. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз», деп Елбасы қалай жақсы айтып берді.

Біздің «Қазақ тілі» қоғамы да тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру арқылы жас­тарды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу шараларына үлес қосып келеді. Қоғам мүшелері өткенді көрген үлкендер, бәрі де кезінде ұстаз болған, зейнетке шықса да ұрпағына өнегелік жолын үйретуді ұмытпаған жандар. Бәрінің де ойы «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ», деп Абай атамыз айтқандай, жастарға туған тілін білсін, қадірлеп, аялап, сақтасын деген ой түйгізу.

Сондықтан бәріміз де жаһандану заманында өзгеге еліктей бермей, ана тілімізді құрметтеуге, сол тілде сөйлеуге үн қосып жүрміз. Осы ретте, көшедегі жарнамада қате жазылған әрбір сөзді көрген қазақтың ұл-қызы бейқамдық танытпай, оны түзетуге атсалысуы қажет деп білеміз. Биыл облыс орталығында өткен «Түркітілдес халықтар жазбалары күндері» апталығына жас­тар қызығушылықпен қатысты. Өркениет кө­шіндегі көне түркі халықтарының мәдениетін, тілін, тарихын айшықтайтын баға жетпес асыл қа­зынаны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, туыстас түр­кі халықтары арасындағы қарым-қатынасты ны­ғайту – бүгінгі ұрпақтың басты парыздарының бірі.

Ал сол құнды қазынаның бірі – біздің қазақ тіліміз. Мемлекеттік тіл жылқы жылында да тұлпардай тулай шауып, бәйгенің алдын бермесін деген тілек айтамын.

Тоғайбай КЕНТАЕВ,

облыстық «Қазақ тілі»

қоғамының төрағасы.

Павлодар облысы.

 

ЕЛ МЕРЕЙІН ӨСІРЕЙІК

«Әр жылдың өз несібесі бар» делінгендей, тарих еншісіне еніп бара жатқан 2013 жылдың да аймағымыз өмірін өрнектеген ізі айтарлықтай болуын көңіліме үлкен қуаныш санаймын. Еліміздің өсуіне, аймағымыздың өркендеуіне тілеуқор жан ретінде өркенді өзгерістерге тағы бір марқайып қалып отырмын. Белестен белеске көтерілудегі облысымыздағы жасампаз жұмыстар жаңғырығы кәрі жүрегімді жасартып тастайды әрдайым. Әсіресе, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 29 жобаның іске қосылуы, 300 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салынып, белгіленген меже асыра орындалып, жүздеген отбасының жеке отау тігуі секілді жаңалықтарға жаным жадырап қалады.

Мен көпті көрген адам тұрғысында кешегі кеңестік кезең мен бүгінгі жаңа заманды салыстыра қарайтыным бар. Сонда тәуелсіздік таңы атқаннан бергі уақыттағы ғажайып өзгерістер тіптен айқын байқала түседі. Оның одан сайын өркен жаюына бір жасап қаламын.

Бүгінгі 90-ға тақап қалған жасымда бізге арман болған мақсаттардың шуағы шашуын көруім маған зор бақыт. Тағдыр көкөрім 17 жасымда майданға аттанып, соғыс өртінің ортасында аяғына дейін болып, туған топыраққа оралып, жауапты қызметтер атқарып, тәуелсіз елімнің абырой-беделі асуын көруді маңдайыма жазыпты. Бұдан артық қандай бақыт керек!

Соғыс, еңбек ардагері ретінде жастармен жиі кездесіп тұрамын. Талапшыл, жаңашыл, білімпаз буын екені көкірек көріктендіреді. Оларға «Мемлекетіміз сендердің бақытты болуларыңа барлық жағдайды жасап жатыр. Сендер де адал еңбектеріңмен, тәлімді қасиеттеріңмен мемлекет мерейін өсі­­­­­ріңдер», деп батамды беремін. Туып келе жатқан Жаңа жылда барша қазақ­стандық жастарға айтар ақ тілегім осы.

Кәмали ДҮЙСЕНБЕКОВ,

II және III дәрежелі

«Даңқ» орденінің иегері.

ҚАРАҒАНДЫ.

 

МЕН БАТАМДЫ БЕРЕЙІН...

Жаңа жылдың төрімізге қадам басуы, елдің жаңаруының жаршысы болуы – елеулі сәт. Жаңа жыл басы халықты саналы сезімге, еселі еңбекке, ұйымшылдық пен бірлікке жұмылдыра түседі. Жаңа жылды күткендер оның Қазақ еліне, ұлан-байтақ қазақ жеріне құт әкелуін тілейді. Осыған байланысты республика азаматтары Жаңа жылды жыл сайын арнайы шақырылған сыйлы қонақтай қарсы алады.

Елдің батыстағы босағасы – Жайық өңірі де Жаңа жылды лайықты табыстармен қарсы алып отыр. Мұнда халықтың әл-ауқаты жақсара түсуде. Шекаралас аймақта әлеуметтік-экономикалық және мәдени-көпшілік қарым-қатынастар терең­деп келеді. Осының бәрі ұзақ жылдарға арналған елімізді дамытудың стратегиялық жолдарын белгілеп, оны ойдағыдай іске асыруда жиырма жылдан астам уақыт бойы көрегендік пен кемеңгерлік көрсетіп келе жатқан Елбасы саясатының нәтижесі екені ақиқат.

Бәрімізге мәлім, 1997 жылы қабылданған «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасы мерзімінен әжептәуір уақыт бұрын орындалып, енді оның қисынды жалғасы ретінде ұсынылған «2050 Стратегиялық» бағдарламасы Қазақ елінің көркеюі жолындағы бағдаршам ретінде белгіленді. Иә, Қазақстанның болашағы жарқын, ел тәуелсіздігі берік екендігіне ешкім күмән келтіре алмайды. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздік бүгінде Қазақ елі мен жұрты әлемдегі алпауыт 30 елдің қа­та­рына қосылуға алғышарт жасай алады десек, қа­телеспейміз. Бұл расында да мақтаныш етуге тұрарлықтай тарихи сәт, әрі мұның өзі әлемге Қазақ елін мойындата білген Елбасының ұлан-ғайыр еңбегі мен өнегесі деп білеміз.

Жаңа жылда барлық отандастарымызға зор денсаулық, бақытты тұрмыс, ұшқыр ой, қажымас қайрат, сарқылмас шабыт тілеймін. Сондай-ақ, қазынамен қатар аталып жүрген аға буын өкілдері мен ардагерлер қауымына қатардан қалыспаңдар, жөнсізге жабыспаңдар, жастарға патриоттық тәрбие беруге жалықпаңдар, күш-қуаттарың азайса да, жігерлерің жасымасын, сыйлы қартая біліңіздер демекпін. Ал ел болашағы – жастарға білімді де білікті, егемен еліміздің лайықты азаматтары болып қалыптасыңдар, өз ұлтыңды, тіліңді, дініңді ардақтай біліңдер, ел тәуелсіздігінің тізгінін берік ұстап, көк байрағымыздың мәңгілік желбіреуі үшін жастық жігермен еңбек етіңдер деп аталық ақ батамды беремін.

Әмірхан ҚАРАСАЕВ,

ғалым-ұстаз,

тыл және еңбек ардагері.

ОРАЛ.

Соңғы жаңалықтар