Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқыған. «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағын 1914 жылы Қазан қаласында бастырып шығарған. Омбыдағы қазақ жастары ұйымдастырған «Бірлік» қауымы басшыларының бірі болған. 1920-1936 жылдары Ақмола атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі, Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасы Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі, «Еңбекші қазақ» (қазіргі республикалық «Егемен Қазақстан») газетінің редакторы, халық ағарту комиссарының орынбасары, Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының басшысы, т.б қызметтер атқарған.
Поэзиялық туындыларының ішінде «Кел, жігіттер», «Жас қазақ марсельезасы», «Жұмыскерлерге», «Жолдастар» сияқты саяси лирикалары мен «Көкшетау», «Альбатрос», «Социалистан», «Қызыл ат» поэмалары Сәкен қолтаңбасын анық көрсетеді. Ол проза саласында да еңбек еткен. «Жер қазғандар», «Айша», «Біздің тұрмыс», «Сол жылдарда», «Жемістер» повестері мен «Тар жол, тайғақ кешу» атты мемуарлық роман жазған.
С.Сейфуллин қазақ тілінің мемлекеттік дәрежеге көтерілуін ойлап, 1923 жылы 9 маусымда «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» деген мақаласын жариялайды. 1923 жылдың 22 қарашасында Орталық Атқару Комитеті декрет қабылдап, сол бойынша кеңсе істері 1924 жылдың 1 шілдесінен бастап қазақ тілінде жүргізілетін болған.
ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ – 120
Ілияс Жансүгіров – ақын, қоғам қайраткері. 1894 жылы Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген. Алғашында өз әкесінен, ауыл молдаларынан сауат ашқан. 1919 жылы Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсқа түседі. Оны бітірген соң өз ауылында мұғалім болып, кейін «Тілші» газетінде қызмет атқарады. 1922 жылы Верныйдағы (Алматыдағы) Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалады.
1925 жылы Мәскеудегі Журналистика институтына оқуға түсіп, оны 1928 жылы бітіріп шыққан соң, «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне қызметке жіберіледі. Жансүгіров шығармашылық жұмыспен қатар Қазақстан Жазушылар одағын ұйымдастыру ісіне де белсене қатысқан. Жазушылар одағының алғашқы төрағасы болып сайланған. 1934-1937 жылдары Қазақ саяси баспасының редакторы, сонымен бір мезгілде; 1933-1936 жылдары Қазақ АКСР-і ОАК-нің мүшесі болды.
Жансүгіровтің баспа бетін көрген алғашқы туындылары «Сарыарқаға», «Тілек» деген өлеңдері. Алғашқы жинағы 1928 жылы 34 жасында жарық көрген.
Оның шығармалары сан салалы, көп қырлы. Жансүгіров халықтың бай фольклорын жинасуға, оның озық үлгілерін халық игілігіне айналдыруға, басылып кітап болып шығуына үлкен үлес қосқан. І.Жансүгіров әдебиет сынына да араласып, әдеби көркем сын жанрының дамуына атсалысты. Ол А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, Н.А.Некрасовтың, М.Горькийдің, Г.Гейне мен В.Гюгоның, Тоқайдың шығармаларын қазақ тіліне аударып, қазақ әдебиетінің әлем әдебиетімен байланысын кеңейтті.
БЕЙІМБЕТ МАЙЛИН – 120
Бейімбет Майлин – қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.
Ол Қостанай облысының Таран ауданында 1894 жылы дүниеге келген. Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде, Қостанайдағы орысша-қазақша мектепте, Уфадағы Ғалия медресесінде оқып білім алған.
1916-1919 жылдары мұғалім болады, жазушылықпен шұғылдана бастайды. «Қазақ», «Ауыл» газеттері мен «Айқап», «Садақ» журналдарына жазып тұрады. Бейімбет Майлин «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде қызмет істеген. (1922 ж.). Қостанайдағы губерниялық «Ауыл» газетін шығарған. (1925). 30-шы жылдарда «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, «Ауыл тілі», «Қазақ әдебиеті» басылымдарының бас редакторы болып қызмет істеген.
Қазақ прозасында әңгіме жанры Бейімбет шығармалары арқылы кемелдене түсті.
Б.Майлин он беске тарта повесть, «Азамат Азаматович» атты роман жазған. Оның «Қызыл жалау», «Қоңсылар» атты романдары аяқталмай қалған. Мұның сыртында ол ірілі-ұсақты 25 пьеса, либретто, сценарийлердің авторы.
ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ – 120
Биыл 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргінді бастан өткеріп, тағдыр талайын кешкен Алаш арыстарының бірқатарының, атап айтқанда, 120 жылдық мерейтойлары атап өтіледі. Тұрар Рысқұловтың, Сұлтанбек Қожановтың, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин және Ілияс Жансүгіров.
Мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа, 1917 жылғы төңкеріске қатысушы тұлға. Ол Алматы облысының Талғар ауданында 1894 жылы дүниеге келген.
1907-1910 жылдары Меркідегі орыс-қазақ бастауыш мектебінде, ал 1910-1914 жылдары Пішпектегі (қазіргі Бішкек) ауыл шаруашылық училищесінде оқиды, бітіргеннен кейін бау-бақшашы мамандығын алады. 1914-1916 жылдары Т.Рысқұлов Меркіде және Ташкент түбіндегі далада жұмыс істейді.
1916 жылдың жазында ол Әулиеата оязында отаршылдыққа қарсы қарулы көтерілісті ұйымдастырады, сонысы үшін қамауға алынады. 1916 жылы күзде Т.Рысқұлов Ташкенттегі мұғалімдер институтына оқуға түседі.
1917 жылғы революция кезінде патшаның тақтан құлағаны жөнінде хабар алған сәттен бастап, Т. Рысқұлов Ташкенттегі оқуын тастап, елге оралады. 1917 жылдың басында Әулиеатада Тұрар «Қазақ жастарының революциялық одағын» ұйымдастырды, 1918 жылы ол Әулиеата оязы Совдепі төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
1918 жылғы қазанда Кеңестердің VI съезінде Т.Рысқұлов Түрк-ОАК құрамына кіреді, онан кейін ол Түркістан Республикасының денсаулық сақтау халкомы болып тағайындалады. Кейінірек Түркістан Республикасы ОАК төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалады. 1919 жылы Тұрар Рысқұлов Түркістан ОАК жанындағы аштықпен күресу жөніндегі ТК Орталық комиссиясының төрағасы, Ферғанадағы басмашылармен күресу жөніндегі комиссия төрағасы болды. Ол Түркістанды мекен еткен түркітілдес халықтың бірегей басшысы болады. 1920 жылы Түркістан Компартиясы ОК-нің мүшесі және Түркістан АКСР ОАК Төрағасы болып сайланады.
Оның қаламынан ондаған кітап, кітапша, 100-ден аса мақалалар шықты.
СҰЛТАНБЕК ҚОЖАНОВ – 120
Мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист Сұлтанбек Қожанов Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданына қарасты Ақсүмбе ауылында 1894 жылы дүниеге келген. Түркістандағы 4 сыныптық орыс түзем бастауыш мектебін (1910), 3 сыныптық қалалық мектепті (1913), Ташкент мұғалімдер семинариясын тәмамдаған. Мәскеуде БК(б)П ОК Марксизм-ленинизм курсын (1927) бітірген.
Саяси қызметін Ташкент қаласында семинария оқушыларынан құралған «Кеңес» атты астыртын жастар ұйымын құрудан бастаған. 1917 жылы көктемде Ташкентте Мұстафа Шоқай, Қ.Қожықов, Қ.Болғанбаев, С.Ақаевпен бірге “Бірлік туы” газетін шығарды. Аштықпен күресетін орталық комиссияның мүшесі ретінде 1918 жылғы қарашадан бастап Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Қызылқұм, Шиелі өңірлерінде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы орындар ашуды ұйымдастырды.
1920 жылдың соңына қарай Түркістан республикасының Ішкі істер халық комиссары, 1921 жылы қазанда Халық ағарту халық комиссары болып тағайындалды. Оқу-ағарту саласында білім беруді жергілікті халықтар тілінде жүргізу мәселесін көтеріп, оны жүзеге асыруды талап етті.
Түркістанда баспасөздің және ұлттық театрдың өркендеуіне елеулі үлес қосты. “Ақ жол” газетін шығаруды ұйымдастырып, оның алғашқы редакторы болды. 1922 – 1924 жылы Түркістан КП кентінің хатшысы, атқару кенті төрағасының орынбасары, РК(б)П ОК Орта Азия бюросының мүшесі болды. 1924 жылы қарашада РК(б)П Қазақ обкомының екінші хатшысы қызметіне жіберілді.
1925 жылы қарашада БК(б)П орталық кентіне шақырылып, ұлт республикалары бойынша жауапты нұсқаушы лауазымымен Кавказда, 1928 жылы Ташкентте, Орта Азия Бюросында қызметтер істеген. Қожанов негізгі міндеттерін қоғамдық, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен ұштастырып отырды. Мектепке арналған “Есептану құралы” атты оқулығы (1924), “Түркістанның Кеңестік Автономиясының он жылдығына” атты орыс тіліндегі зерттеуі (1928) жеке кітап болып шыққан.