Қазақстан • 02 Шілде, 2021

Қазақстандағы электронды коммерция әлеуеті жоғары

454 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Astana Finance Days (AFD) халықаралық конференциясы аясында нарықтың негізгі ойыншыларының қатысуымен электронды коммерцияға (е-commerce) арналған онлайн сессия өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстандағы электронды коммерция әлеуеті жоғары

Сессия қатысушыларының айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан электронды коммерцияның қарқынды өсім алдында тұр. 2020 жылы ШОБ өкілдерінің көпшілігі алғаш рет онлайнға шықты. Ал тәжірибелі интернет сатушылар нарықтағы өз орындарын кеңейте бастады. Нәтижесінде өткен жылы онлайн сауда мен қаржы айналымы айтарлықтай артты. PwC Kazakhstan зерттеуінше, 2020 жылдың алғашқы 9 айында Қазақстандағы көтерме электронды сауда көлемі алдыңғы жылдың сәйкес уақытымен салыстырғанда 93% көбейіп, 198 млрд теңгеден 382 млрд теңгеге жеткен. Ал орташа түбіртек 63% өсіп, транзакция көлемі 18% ұлғайған.

Сессияға ҚР Сауда және интеграция вице-министр Әсел Жанасова, PwC Еуразия өңіріндегі консультациялық қызмет бойынша серіктесі Наталья Лим, Mastercard Орталық Азиядағы бас директоры Рафал Трэпка, Wildberries халықаралық ынтымақтастық бойынша директоры Духанин Алексей, Lamoda Қазақстан Бас директоры Мөлдір Рысалиева, Froot.kz Бас директоры Рула Райм және  Forte Market Бас менеджері Дмитрий Комиссар қатысты. Олар электронды коммерцияны қолдау мен дамыту аясындағы мемлекет басымдылықтарын талқылап, онлайн төлемдегі соңғы үрдістер туралы айтып, жергілікті және халықаралық нарықтағы ерекшеліктер мен ондағы кей қиындықтар және Қазақстандағы электронды сауданың болашағы туралы өз ойларын ортаға салды.

ҚР Сауда және интеграция вице-министр Әсел Жанасова Mastercard пен АХҚО Fintech Hub бірлесе отырып жасалған SmartDuken (ШОБ-қа арналған электронды сауда мектебі) платформасының іске қосылатынын хабарлады. SmartDuken – кәсіпкерлердің өз істерін кеңейтіп, дамытуға және жаңадан құруына мүмкіндік беретін алаң. Платформа ШОБ-қа тегін көмек береді. Атап айтқанда тегін білім беру курстарын, вебинарларды қамтиды және серіктестерді (IT-құралдар, CRM, төлем жүйелері, сайт құрастырушылар мен өзгелер) тегін ұсынады. Сонымен қатар шағын және орта бизнеске арналған бизнес акселераторды қамтиды. Акселератор бизнесті онлайнға шығаруға және кеңейтуге мүмкіндік береді. Алаңның мақсаты – бизнесті онлайнға ауыстыруға көмектесу.