Каспий теңізіне аққулар келе бастады. Күн суықта жететін жыл құстарын тамашалауға жұртшылық асығуда. Бұл туралы «Қазақстан» телеарнасы хабарлады.
Тұла бойына сұлулық тұнған құс патшасы - аққу кіршіксіз тазалықтың, қылаусыз пәктіктің символы. Аққудың салмағы - 7-13 кило. Қанатының құлашы - 1,5 метр. Ерекше ұзын да әсем мойынын тік ұстайды. Сарғыш қызыл тұмсығының ұшы қара түсті. Мұндай сұлулықты көру үшін ат арылтып алыстан келетіндер көп.
Аққулар 3-7 жұмыртқа салады. 40 шақты күнде балапан өргізеді. Аққудың балапанын «көгілдір» деп атайды. Анасындай аппақ болмаса да, көгілдірдің көркемдігіне көз тояттайды. Олар 3-4 түлеп барып, аққуға айналады. Көгілдірі 4 жасқа дейін ата- анасының жанында жүреді. Аталығы - «сапар» делінеді. Аққулар 30-40 жыл өмір сүреді екен.
Құс біткеннің төресі - аққу өле-өлгенше бір-біріне серік болады. Сыңарынан айрылса өмір бақи жалғыз өтеді. Олар сонысымен де ерекше. Аққулар 8,5-9 мың метр биіктікке дейін көтеріліп, сағатына 90-100 шақырым жылдамдықпен ұшады. «Мен Оралдан келдім. Өте әдемі құс екен. Былтыр аққулар кештеу келді деп естідім. Қазір өз көзіммен көріп, сұлулығына тамсанып тұрмын», - дейді қала қонағы Петр Соколов.
Аққулар туралы ән де, жыр да, күй де жеткілікті. Чайковскийдің «Аққу көлі», Мұқағалидің «Аққулар ұйықтағанда», Нұрғисаның «Аққу» атты шығармалары киелі құсқа деген адамзат сүйіспеншілігін аңғартып тұр.
Бақытбек Кенешұлы.
Дереккөз: «Қазақстан» телеарнасы
Фото: «Қазақстан» телеарнасы.