Мәскеуде өткен додаға 79 мемлекеттен келген 3 мыңнан аса спортшы қатысты. Олар спорттың 18 түрі бойынша сайысқа түсіп, барлығы 187 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Бұл – 10 жылға жуық уақытқа созылған үзілістен кейін Жер шарындағы екі ұлы держава – КСРО мен АҚШ құрамаларының аса ірі кешенді жарыстарда алғаш рет шеберлік байқасуы еді. Оның алдында америкалықтардың Мәскеу Олимпиадасына (1980 жыл) бойкот жариялағаны, ал Кеңес Одағы Лос-Анджелеске (1984 жыл) барудан бас тартқаны белгілі.
Қос жүйе – социалистік және капиталистік бағыттағы мемлекеттердің өзара тартысы алғашқылардың пайдасына шешілді. Әсіресе, жарыс қожайындарының қарқыны күшті болды. КСРО құрамасы 241 (118 алтын+80 күміс+43 қола) жүлде алып, жалпыкомандалық есепте жеке-дара көш бастады. Америкалықтар басты қарсыластарынан көп қалып қойды. АҚШ спортшылары 142 (42+49+51) медальді мойындарына ілді. Қос алпауыттан кейінгі орындарға ГДР (7+11+10), Румыния (6+6+6), Болгария (4+7+20) және Польша (2+3+6) спортшылары жайғасты. Бұл елдердің барлығы да сол кездері социалистік бағытта еді. Тек содан кейінгі сатыларға Канада (2+0+2), Жапония (1+0+3), Аустралия (1+0+2) және Ұлыбритания мен Португалия (1+0+1) жайғасты. Сондай-ақ бас жүлде алғандардың қатарында Эфиопия мен Швейцария (1+0+0) бар. Барлығы бұл жарыста 32 команда мүшелеріне жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырды.
Жекелеген спортшылар жайында айтар болсақ, гимнасшылар сайысында Юрий Королев бес алтын алып, барша жанкүйердің қошеметіне бөленді. Валентин Могильный мен Елена Шушунова төрт рет теңдессіз деп танылса, Вера Колесникова үш мәрте топ жарды. Көркем гимнастикадан Татьяна Дручинина дара талантымен оқшауланды. Мың бұралған ару төрт жаттығу бойынша жеңімпаз атанды. Жүзушілер жарысында америкалық Анджела Маерс пен Лэсли Деланд үш реттен алтыннан алқа тақты. Жеңіл атлеттердің 100 метрлік бәсекесінде Канаданың желаяғы Бен Джонсон шашасына шаң жұқтырмады. Ол атағы жер жарған Карл Льюистің өзін артқа тастады. АҚШ-тың даңқты спринтері қола медальді қанағат тұтса, екінші орынды Нигерияның «қара маржаны» Чиди Умо иеленді. Биіктікке секіруде көпшілік болгариялық Стефка Костадинова мен Ольга Турчактың өзара тартысын тағатсыздана күтті. Бұл сайыс алғашқысының пайдасына шешілді.
Ізгі ниет ойындарында бірнеше рет әлемдік рекорд жаңарды. Солардың арасынан Сергей Бубканы ерекше атап өтсек, еш айыбы жоқ. Донецкіден келген спортшы 6 метр 01 сантиметрлік көрсеткішпен бас жүлдені қанжығасына байлады. Ленинградтық Владимир Сальников екі рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілумен шектеліп қалмай, еркін тәсіл бойынша 800 метрлік қашықтықты 7:50, 64 секундта жүзіп өтті. Америкалық Джесси Джойнер-Керси онсайыста 7148 ұпай жиса, желкенді спорттың жампоздары германиялық Михаэл Хюбнер мен Эстонияның мақтанышы Эрика Салумяэ да әлемдік рекордқа өзгеріс енгізді.
Кеңес Одағы құрамасының жалпы есепте айқын жеңіске қол жеткізуіне Қазақстанның спортшылары да сүбелі үлес қосты. Атап айтсақ, боксшылар бәсекесінде Игорь Ружников (63,5 кило) барлық қарсыласын бет қаратпай ұтты. Жартылай финалда жерлесіміз кейіннен кәсіпқой бокстың шоқжұлдызына айналған Рой Джонсты жеңсе, ақтық сында венесуэлалық Анхель Педросаны әбден сабады. Кәрімжан Әбдірахманов (48 кило) пен Александр Мирошниченко (+91 кило) күміс медальді мойындарына ілді. Шешуші тұста Кәрімжан армениялық Ншан Мунчяннан ұтылса, Александр Қиыр Шығыстан келген Вячеслав Яковлевке жол берді. Ал Ерік Хакімов қолаға қол созды. Дзюдошылар додасында 65 кило салмақ дәрежесінде белдескен Әли Хамхоев алдына жан салмады. Спорттық гимнастикадан қолды тіреп жасайтын жаттығуда Валерий Люкиннің мықтылығы еш күмән туғызбады. Сол секілді басқа да спорт түрлері бойынша өрелі өнерлерімен көзге түскен қазақстандықтар аз болған жоқ.
Арада төрт жыл өткен соң екінші Ізгі ниет ойындарын АҚШ-тың Сиэтл қаласы қабылдады. Бұл жарыста КСРО мен АҚШ құрамалары біраз тірескенімен, бұл жолы да командалық сайыста Одақтың өрендері озды. Содан кейін де айтулы доданың жалауы тағы үш мәрте желбіреді. Бұл бәсекелер КСРО ыдыраған соң (1994 жылы Санкт-Петербург, 1998 жылы Нью-Йорк және 2001 жылы Брисбен қалаларында) өтті.