Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласындағы өнертапқыш әмбебап өрт сөндіру машинасын ойлап тапты. Бұл туралы «24 kz» хабарлады.
Жоғарыда аталған көлікті теория жүзінде дәлелдеп шыққан Марат Аюбаев оған арнайы патент алды.Егер, осы жаңалық өндіріске енгізілетін болса, екі тәулікке дейін тоқтаусыз жұмыс істей алатын өрт сөндіру машинасын пайдалана аламыз. Зейнет жасындағы Марат ағамыз өрт сөндіру машинасын осыдан 13 жыл бұрын ойлап тапқан екен. Бұл машинаның ерекшелігі, өртті 5 тәсіл арқылы өшіре алады. Әрі Ресейден алынатын көліктерден бағасы 10 есе арзан. «Бұл әмбебап өрт сөндіру машинасы жалынды бумен, бу аралас сумен, көбікпен, инертті газбен және судың өзімен өшіре алады. Машинаның жұмыс істеу уақыты 50 сағаттан асады. Өкінішке орай, техниканы құрастыруға қаржы қажет болып тұр», - дейді сөз орайында М. Аюбаев.
Өнертапқыш өртті бумен өшіретін құрылғы да ойлап тауыпты. Оның көмегімен қызыл жалынды аз уақытта өшіруге болатыны іс жүзінде дәлелденген.
М. Аюбаев медицина, энергетика салалары бойынша жалпы 25 жаңалық ашқан. Оның жиырмасына патент алған. 67 жастағы өнертапқыш жоғарыда аталған әмбебап өрт сөндіру машинасын шығаруға құзырлы орындар қолдау білдірмесе, жеке демеушілерге өтініш айтуға бекініп отыр.
Бақытбек Кенешұлы.
Дереккөз: «24 kz»
Фото: «24 kz».