05 Қаңтар, 2014

Волгоградта өзімен оқ-дәрі тасып жүрген ер азамат тұтқындалды

242 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

05 01 - Volgograd

Ресейдің Волгоград қаласында орын алған терактілерден кейін жүргізіліп отырған «Вихрь-Антитеррор» арнайы іс-шарасы барысында өзімен оқ-дәрі тасып жүрген жергілікті тұрғын қолға түсті. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.

Ресей ішкі істер министрлігінің Волгоград облыстық басқармасы мәлімдегендей, полиция қызметкерлері 46 жасар ер азаматтың қалтасын тексеру кезінде 19 оқ-дәрі тапқан.

Тергеу барысында тұтқын оларды «Прудбой» әскери полигоны маңынан тауып алғанын алға тартты. РФ ІІМ Волгоград облыстық басқармасының қызметкерлері сараптама жүргізіп, тәркіленген оқтардың барлығы да атуға жарамды екенін анықтады.

Волгоград тұрғынына қарсы оқ-дәрілерді заңсыз сақтау әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кінәсі дәлелденген жағдайда ол 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазіргі уақытта тергеушілер ер азаматтың оқ-дәрілерді қандай мақсатпен сақтап жүргенін анықтауда.

Естеріңізге сала кетейік, 29 желтоқсан күні Волгоград теміржол вокзалында жанкешті лаңкес өз-өзін жарып жіберген. Осы оқиғадан бір тәулік өтпей жатып, қалада жолаушылар толы троллейбус жарылды. Волгогадта орын алған екі бірдей теракт салдарынан жалпы 34 адам қаза болды. Қазіргі уақытта осы оқиғалардан жапа шеккен 65 адам ауруханаларда жатыр. Оның 20-сы Мәскеуге жеткізілді.   

Айдар Өрісбаев.

Дереккөз: Itar-tass.com

Фото: Itar-tass.com

Соңғы жаңалықтар