Қазақстан • 07 Шілде, 2021

Дала өркениетінің технологиялық дамуын білдіретін жәдігерлер табылды

171 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайтынын, Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік беретінін атап көрсетті.

Дала өркениетінің технологиялық дамуын білдіретін жәдігерлер табылды

Осы орайда Түлкібас ауданы, Абай ауылының тұрғыны Досжан Қыдыр­әлиев­тің ауласынан табылған орта­ға­сыр­­лық құлпытас пен әулиелерге тән ескерткіш орны еліміздің, оның ішінде өңір тарихына тың деректер қосары анық. Өзіндік тарихын ішіне бүгіп, белгілі бір тұлғаның өмі­рінен хабар бере­тін құлпытас сан ға­сыр­­лар бойы жер ас­тында сақталып келген.

Жәдігердің құпиясын білмек болған үй иелері бірден көне жазуларды оқи­тын арнайы мамандарға хабар берген болатын. Ғалымдар енді зерттеу жұ­мыс­тарының алғашқы нәтижелерін жария етіп отыр. Атап айтсақ, Әзірет Сұл­тан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері Ясауи ізімен ғы­лыми-танымдық экспедициясы аясында Абай ауылына барып, тарихи орынмен танысқан. Араб, пар­сы, көне түркі тілдерінің маманы Зәріп­бай Оразбайұлы бастаған ғалымдар құлпытас бетіндегі мәтінге тілдік зерттеу жүргізіп, араб әріп­­терімен куфи үлгісінде: «Бұл қабір Мұхаммед Нұран Баб» деген жазу барын анықтады. Құл­пытастар әдетте зират басына қойы­латыны белгілі. Осыған орай, Халық­аралық Түркі академиясының археолог ғалымдары Нәпіл Базылхан және Нұрболат Бөгенбаевтың жетекшілігімен архео­логиялық қазба жұмыстары жүр­гізілген. Ғалымдар ескерткішті осы ай­мақ­тың байырғы атауына байланыс­ты «Әлдибастау әулиесі» деп атаған. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде осы жерде ұзындығы – 4 метр, ені – 1,65 метр, қабырғасының биік­­­тігі – шамамен 2 метрге жуық құры­лыс болғаны анықталады. Ескерткіштің қабырғаларын жақын маңдағы Көкбұлақ өзенінің жұмыр тастарымен қиюын келістіріп, арасын саз балшықпен бекітіп қалаған. Сондай-ақ қазба жұмыстары барысында металдан, сүйектен, қыш­тан, шыныдан жасалған бірқатар архео­логиялық артефактілер табылды. Ға­лымдар табылған заттай айғақтарға ғылыми зерттеулер нәтижесіне сүйеніп ескерткіш шамамен X-XI ғасырларда қазақ даласында өмір сүрген өзі ұста, әрі діни-ағартушылық қызмет атқарған Мұхаммед Нұран баб атты әулиеге ар­налған деген қорытынды жасауға негіз барын айтады. Қазба жұмыстары барысында аталған аймақтан бұлақ көзі шығып, судың көтерілуі әрі қарай зерттеу­ге ке­дергі болған. Әйтсе де жер астынан ар­шылған түрлі жәдігерлер мен құрылыс нысандарының іргетасы көптеген тың мәліметке жол ашты. Ғалымдардың пікі­рінше, құлпытастың тік тұруы бұл аймақ­та қабір жатқандығын аңғартады. «Құл­пытас қабірдің басына қойылады. Бұл ескерткішті әлі де тереңірек зерттеу қа­жет. Менің пікірімше, Мұхаммед Нұран баб­тың қабірі құлпытастың ас­тында 1,5-2 метр тереңдікте жатқан болуы мүмкін. Өкінішке қарай, бұлақтың көзі ашылып, су арық сияқты толып ағып жатыр. Құлпытас орнатылған тұл­ға ұс­талықпен айналысқан болуы мүм­кін. Себебі қазба орындарына қарап өте ерекше әрі ауқымды жұмыс жүр­гі­зілген пештің орнын байқадым. Бұл мәселелерді саралай келе, Нұран баб­­тың қабірі ұстаханасының жанына ор­­­наластырылған немесе шәкірттері ұс­­тазының құрметіне қабір жанында ұсталық ісін жалғастырған деп па­йымдауға болады. Пештің үлгісі мен ай­наласынан шыққан қалдықтарға қарап темір қорытатын орны болғанын да бай­қауға болады. Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты. Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұ­йымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертеді. Осының бәрі ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көр­сетеді» деген болатын. Яғни біз әңгі­ме етіп отыр­­ған жәдігерлер металл өңдеу, ұс­талық өнерінен хабар береді. Бізді таңғалдырғаны – археологияда тек тас­тан қаланған пештің мұндай үлгісі бі­рінші рет кездесіп отыр, әрі өзеннің жұ­мыр тастарынан өріп өте тамаша жа­саған», дейді белгілі археолог-ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Тұяқбаев.

Ескерткішті қазу барысында ға­лым­дар көне төс пен шала қорытылған темір­дің бірнеше бөліктерін тапқан. Нұран ба­баның болаттан құйып жа­са­ған төсі өте берік әрі салмақты екен. Ғалымдар мұндай байырғы төс Қа­зақстанда алғаш рет табылып отыр­ғанын айтуда. Төстің бетіндегі айқыш-ұйқыш балға іздерінен ұстаның ұзақ жылдар бойы пайдаланғанын бірден байқауға болады. Ал енді Мұхаммед Нұран баб есіміне қатысты ғалымдар аңыз-әңгі­мелерде бабтардың, сол сияқты діни тұл­ғалардың әртүрлі сүйікті кәсіптері болғанын айтады. Яғни Арыстан баб, Лашын баб, Қарға баб, Ысқақ баб, Жүсіп ата, Сәдуақас ата сынды тұлғалардың бірі құс баптаумен, енді бірі қасапшылықпен, келесісі жүзім, бау-бақша өсірумен айналасып, халықтың ілтипат-құрметіне бө­лене жүріп кәсібіне сәйкес лақап атқа ие болған. Баб сөзі араб тілінде «есік, қақпа», яғни діннің қақпасын ашушы деген мағына береді. Сондықтан алғаш рет Баб есімі жазылған құлпытастың табылуы мамандар тарапынан үлкен жаңалыққа баланып отыр. «Әлдибастау әулиесі» ескерткішінен 100-150 метр қашықтықта жергілікті халық аяқ асты етпей, әулиелердің табаны тиген қасиетті орын деп құрмет тұтатын шағын төбешік бар. Ауыл қарияларының айтуынша, дінге қарсы атеистік көзқарас орнағанға дейін дәл осы жерде жұма сайын жан-жақтан халық жиналып намаз оқитын, ал астында зікір салып, ауру-сырқауларды шілдеге салатын орын болыпты. Көнекөз қариялар қадір тұтып қастерлеген, бү­гінгі ауылдастары да көздің қара­шы­ғын­дай қорғап отырған төбені көрген та­рихшы-ғалымдар үйіндіні белгілі бір діни ғимараттың орны болған деп тұ­жырымдауда. Яғни ғалымдар Абай ауылындағы жерасты қылуетіне ұқсас бұл үйіндінің сыртқы келбеті Түркістан қаласындағы Құмшық ата қылуетіне ұқсас екенін айтады. «Ясауи ілімін жал­ғастырған сопылардың діни рәсімдер өткізуіне арналған Құмшық ата мешіті екі бөлмелі, ұзынша келген, ені тар дәлізді, шыға берісінде есігі бар үңгір құрылыс. Қылует шаршы пішінді шикі кірпіштерден қаланып, төбесі шатырлы күмбезбен көмкерілген. Оған іргелес диаметрі 2,5 метр және биіктігі 2 метр­дей дөңгелек пішінді үй күмбезделіп жабылған. Дәлізі иірлі келген, оның негізгі құрылысы күйдірілген кірпіштен қаланып, күмбезбен көмкерілген. Ал мына жердегі жерасты қылуетінің үстіне кесектен қалап мешіт тұрғызылыпты. Бәлкім, бұл Мұхаммед Нұран бабтың дәуірінде салынған нысан болса керек. Нақтысы зерттеу жұмыстарынан кейін белгілі болады», дейді археолог Марат Қымызұлы.

Абай ауылынан табылған жұмбағы мол «Әлдибастау әулиесі» ескерткіші жайлы зерттеу, зерделеу жұмыстары әлі де жалғасуда.

 

Түркістан облысы