Эпидемиологтар қалада соңғы екі аптада КВИ дерті 1 143-тен 2 377 жағдайға дейін өскенін алға тартып отыр.
«Алматыда 17 маусымнан бастап эпидемиялық жағдай мутацияланған жаңа «Дельта» штамының таралуына байланысты күрделене түсті. Өткен аптада ПТР нәтижелері алдыңғы 7 күндегі 130-ға қарағанда тәулігіне 215-ке дейін өсті», деді қаланың Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин.
Ол мегаполисте қазірдің өзінде 56 мыңнан астам адам, оның ішінде маусым айында 4 573 адамның вирус жұқтырғанын айтты. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында дерт өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10 есеге артқан. Ж.Бекшин мегаполисте коронавирус жұқтырғандардың саны неліктен тез өскенін түсіндірді.
«Дерттің күрт өсуін коронавирустың «төртінші толқыны» деп атауға болады. Біз дертке қарсы тұра аламыз, қазірдің өзінде 3 500 төсектік орын дайындалды. Қазіргі кезде науқастарға арналған
1760 төсектік орын бар. Олардың санын 35%-ға арттырамыз», деді ол.
Алматының бас санитарлық дәрігері үнді штамын жұқтырған әйел мен оның баласының жағдайы туралы да баяндады. Әйелдің айтуынша, ірі құрылыс дүкеніне барған көрінеді, инфекцияны сол жерде жұқтыруы мүмкін.
Алматы эпидемиологтары індет ошақтары – отбасылық шаралар, тойлар, мерейтойлар, еске алу кештері екенін алға тартып отыр. Сондай-ақ түнгі клубтарға келушілер, караоке орындарынан 0,2%-ға өскенін айтады. Ал ASHYQ жобасына қатысатын нысандарда инфекция жағдайлары тіркелмеген. Бұл ретте отбасыларда жұқтырудың үлес салмағы – 25%, сауда нысандарында – 23%, қоғамдық көлікте қатынау – 16,7%, бұқаралық іс-шараларға қатысу кезінде 6% құрайды.
«Дельта» штамының балалар мен жастарға нақты әсері қандай десек, өткен аптада 14 жасқа дейінгі балалар арасында ауру 2,3%-ға өскен. Алматыда «Дельта» штамының үлес салмағы 78 пайызды құрайды.
Дерт жұқтырғандар санының күрт өсуіне байланысты 18 маусымнан бастап мегаполисте мутацияланған штамдарға зерттеу жүргізіле бастаған еді. Бас санитар 30 маусымда кезекті зерттеулердің нәтижесі алынғанын баяндай келе: «46 сынаманың 36-да «Дельта» штамы, 8-інде «Альфа» штамы және екеуінде – ашылмаған мутация анықталды. Алматыдағы эпидемиялық ахуал коронавирус дертіне шалдыққандарды зерттеу барысында анықталған 78% үлгісінде жаңа «Дельта» штамына байланысты ушығып отыр», деді.
Ж.Бекшин кезекті рет қала тұрғындары мен қонақтарын халық көп жиналатын орындарға бармауға, әлеуметтік қашықтық пен бетперде режімін сақтауға шақырды. Алматының бас санитарлық дәрігері коронавирустың жаңа штамының тез таралатынын әрі қала тұрғындарының денсаулығы үшін өте қауіпті екенін, сондықтан вакциналану қажеттігін еске салды.
АЛМАТЫ