ANTIKOR • 09 Шілде, 2021

6 айда 658 адам жемқорлықпен ұсталған

1475 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін өтіп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындылары туралы айтып берді, деп жазады Egemen.kz

6 айда 658 адам жемқорлықпен ұсталған

Агенттік төрағасының айтуынша, статистика сыбайлас жемқорлық қылмыстарын тіркеудің 35%-ға, 1540-тан 1005-ке дейін төмендегенін көрсетеді.

Сонымен қатар ағымдағы жылдың 6 айында 658 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, олардың 61-і – республикалық және облыстық деңгейдегі басшы және вице-министр, үшеуі – судья, жетеуі – өңірлік әкім мен олардың орынбасарлары. Агенттік Төрағасы келтірілген залалдың өтелгені туралы айтты. Осылайша, қазіргі кезде белгіленген залалдың 15 млрд теңгесі өтелді.

Сондай-ақ оның айтуынша, бизнес істеріне заңсыз араласудың 60 жағдайы, көлеңкелі экономика субъектілеріне қамқорлық жасаудың 45 фактісі, жүйелі сыбайлас жемқорлықтың 61 фактісі анықталды.

М. Ахметжанов пандемиямен күреске қаражат жұмсауға байланысты 104 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық анықталғанын айтты. Оның айтуынша, медициналық жабдықты сатып алу кезінде де теріс пайдалану және ұрлау фактілері әлі де жалғасып жатыр.

«Мысалы, Шымкентте Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мырзақұлов аффилирленген компаниялар арқылы медициналық техниканы жоғары бағамен сатып алу фактісі бойынша сотталды. Шығын 1,5 млрд теңгені құрады. Осыған ұқсас фактілер үшін Маңғыстау облысында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жаманбаева сотталды», деді ол.

Сондай-ақ ол медицина қызметкерлеріне үстемеақыны мақсатты бөлуді бақылау туралы айтты. Мұнда тәуекел тобына жатпайтын адамдарға үстемеақы есептеу, жұмыс істеген сағаттарды тіркеу және қарапайым дәрігерлерден басшылардың ақша алуы фактілері анықталған. Атап айтқанда, Алматы облысында аудандық Еңбекшіқазақ ауруханасының бас дәрігері және оның екі орынбасары үстемеақы белгілеу үшін қол астындағылардан жүйелі пара алу схемасын ұйымдастырған. Агенттік төрағасының айтуынша, бұл салада барлығы 104 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық анықталған.