Қоғам • 09 Шілде, 2021

Су шаруашылығы қызметкерлері күні атап өтілді

1356 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2021 жылғы 9 шілде күні ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде Су шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев су саласы қызметкерлерін, ардагерлерді кәсіби мерекесімен құттықтады, деп жазады Egemen.kz.

Су шаруашылығы қызметкерлері күні атап өтілді

Құттықтау сөзінде министр Мемлекет басшысының су саласын дамыту мәселелеріне көп көңіл бөлетінін атап өтті. Бірқатар маңызды стратегиялық міндеттер қойылғанын еске салды. Мысалы Президент суармалы жер көлемін 2030 жылға дейін ағымдағы 1,6 млн. гектардан 3 млн. гектарға дейін ұлғайту жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ, апатты су қоймаларын қалпына келтіру, каналдарды цифрландыру, топтық су құбырларын салу қарастырылған.

 «Сіздер су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғаудың қазіргі заманғы технологияларын қолдана отырып, оларды болашақ ұрпақ үшін сақтау мақсатындағы мемлекеттік саясатты іске асыруда жоғары кәсіби деңгейде қамтамасыз етіп келесіздер. 2020 жылы 813 км канал қайта жаңартылды. Бұл 53,5 мың га суармалы жерді айналымға енгізуге, 26 мың жұмыс орнын құруға және ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 30 млрд.теңгеден астам сомаға ұлғайтуға мүмкіндік берді. Биыл 78 мың га суармалы жерді айналымға енгізу үшін 1050 км ирригациялық желіні қалпына келтіру жоспарланған. Бұл жыл сайын 66 млрд. теңгеге ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге және 16 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», - деді министр.

 Сондай-ақ, министр суды сапалы және тиімді пайдалану мақсатында 2020 жылы Түркістан облысында ұзындығы 12 км магистральдық арнаны цифрландыру бойынша пилоттық жоба іске асырылғанын еске салды. Бұл суармалы судың артық шығынын анықтауға мүмкіндік берді. Таяудағы 5 жыл ішінде ұзындығы 2,8 мың км-ден асатын 119 арнаны цифрландыру жоспарланып отыр.

Салтанатты жиында сушаруашылығы қызметкерлері арасында «Су шаруашылығының ардагері» атанғандар, «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісін таққандар және Құрмет грамотасымен марапатталғандар да болды.