Өнер • 09 Шілде, 2021

Елбасы кітапханасында корей суретшісінің цифрлық көрмесі ашылды

397 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

9 шілдеде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасында корей суретшісі Ли Инамның «Signal of Light» цифрлық өнер туындыларының көрмесі ашылды. Вернисаж LED-экрандармен жабдықталған көпфункционалды залдың футуристік кеңістігінде өтті. Бұл туралы кітапхананың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Елбасы кітапханасында корей суретшісінің цифрлық көрмесі ашылды

Көрме Елбасы кітапханасының «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық көрме жобасы аясында Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасы елшілігінің Корей мәдениет орталығымен бірлесіп, Нұрсұлтан Назарбаев қорының көмегімен ұйымдастырылды.

Көрменің атауы кездейсоқ таңдалған жоқ.«Signal of Light» қазіргі заманғы көркем тілге, тың техника саласына қызығатын көрермендерді қызықтыруға бағытталған. Ли Инамның цифрлық туындылары бейне, дыбыс, қозғалыс арқылы көрерменнің шығармамен байланыс орнатуына, өзін құрылған кеңістіктің ішінде сезінуге мүмкіндік береді.

Көрмені Елбасы кітапханасының Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің басшысы Күләйша Ақтаева ашты.

«Бұл көрме несімен қызық? Мұнда жиырма жылдан бері белсенді дамып келе жатқан бағыт ұсынылады. Оны кейбіреулер медиа-өнер десе, енді бірі диджитал өнер деп атайды. Осы жобаның авторы Ли Инам мырзамен хабарласып, оның жұмысын терең зерттей келе, біз жалпы бір арнаға тоғысу идеясын көтердік. Көрмеде адамның күнделікті күйбең  тіршіліктен сәл аяңдап, ертеңгі күн туралы ойға шомып, кез келген кедергілерге қарамастан алдағы мүмкіндіктердің шексіздігін көрсететін бес картина ұсынылған», деді ол.

Өз кезегінде Корея Республикасының еліміздегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Ку Хонг-сок Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Қазақстанның астанасында ашылған көрменің ерекше мәнге ие екендігін айтып, оның жаһандық пандемия жағдайында қазіргі заманғы өнердің барлық әуесқойлары үшін жұбаныш болатынына сенім білдірді.

Фото

«Көрме әлемге әйгілі кореялық медиа-суретші Пэк Нам Джунның мұрасын жалғастырушы Ли Инамның ең алғашқы әрі жаңа туындылары арқылы сіздерге Кореяның мәдениеті мен сұлулығын жеткізу үшін ұйымдастырылды. Бүгінгі көрмеде суретші Ли Инам шығыстың дәстүрлі және батыстың заманауи суретшілерінің шығармаларына сүйене отырып, медиа-өнер арқылы Шығыс пен Батыс шекараларынан асқантарих пен әңгімелерді жарқыратып көрсетті», деді елші.  

Індет әлем мен адамзат көзқарасын өзгертті. Оқшаулануға мәжбүрлік бетпе-бет кездесу мүмкіндігін ығыстырды. Алайда бұл өзгерістер жаңа мүмкіндіктедің пайда болуына септігін тигізді. Бір-бірімізбен тілдесу үшін біз цифрлық медиаға бет бұрдық.

Цифрлық технологияларды енгізу Қазақстан мемлекеттік саясатының басым бағыты.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы                                Н.Ә.Назарбаев 2018 жылғы 6 қарашада бас қаладағыAstana Hub халықаралық ІТ-стартаптар технопаркін ашу кезінде: «Әлем шапшаң өзгеріп келеді. Интернет, жасанды интеллект, 3D-баспа технологиялары және блокчейн адамзат өмірінің бүкіл саласына белсенді түрде еніп келеді. Бұл – қазіргі заманның негізгі үрдісі. Цифрландыру мемлекеттердің дамуы мен бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторларының біріне айналды», деген еді.

5 ақпанда Мемлекет басшысы Алматы қаласындағы Халықаралық цифрлық форумда үстіміздегі жылдың тиімді цифрландыру аясында өту керектігін айтты. Қ.К. Тоқаев айтуынша, карантин кезеңінде 6,5 миллионға жуық ел азаматы цифрлық жүйенің көмегімен мемлекеттік қолдау алған.

Жасанды интеллекттің ұлттық кластері құрылып жатыр. 5 жыл ішінде мемлекет цифрландыру саласына шамамен бес жүз миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.

Жаһандық сын-қатерлер әлемдік экономикаға ықпал етіп қоймай, өнерде де революциялық өзгерістер тудырды. Мұны Ли Инамның «Signal of Light» цифрлық өнер туындыларының көрмесі дәлелдейді. Видеоарт кеңістіктегі түс, пішін, жарық ұғымдарын ашып, бейнелеу өнерінің ауқымын кеңейтеді.

Автор тарих пен ұлы шеберлердің шедеврлерімен байланыс орнатудың жаңа арнасын құрып, әлемге деген көзқарасты өзгертугемүмкіндік береді.

Ол көпке үйреншіксіз палитраны негізге алады. Бейнематериалдарды ташалайтын көрермендер сиқырлы фонарьдан кинотеатрға, оптикалық иллюзия мен панорамалық кескіндемеден виртуалды өмірге дейінгі медиа-өнердің дамуын бақылай алады.

Бейне сюжеттері көрерменге мұқият қарап, тереңірек және ұзақ сезінуге септік тигізеді. Ең бастысы, адам болмысын, өмірінің табиғатын бейнелейтін суретшінің бұл туындылары көкейгеүміт ұялатады.

Айта кетейік, Ли Инам - Ёнсе университетінің бейнелеу өнері жоғары мектебі бойынша PhD кандидаты. 2017 жылы ол ЮНЕСКО Корей комитетінің мәдениет және өнер жөніндегі ізгі ниет елшісі, 2019 жылы - International Symposiumon Electronic Art» ашылу салтанатының режиссері, 2021 жылы - «Art Korea Broadcasting 2020» бейне жөніндегі суретші-қоюшысы болды.

Ли Инамның жеке көрмелері АҚШ пен Еуропа елдерінде өткізіліп келеді. Автор медиа-өнер саласында түрлі марапаттарға ие болған.