Аймақтар • 09 Шілде, 2021

Жамбылдық су шаруашылығы саласының қызметкерлері марапатталды

468 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін су шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалында жиын өтті. Кездесуге өңірдегі су шаруашылығы саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты. Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтауын жеткізді, деп жазады Egemen.kz

Жамбылдық су шаруашылығы саласының қызметкерлері марапатталды

«Облыс әкімі Бердібек Машбекұлының тапсырмасына сәйкес, өңірімізде жыл санап суармалы егіс алқабының көлемі ұлғайып келеді. Тиісінше облыс әкімдігінің қолдауының арқасында егін шаруашылығына бет бұрған шаруалардың да қатары артуда. Сонымен қатар, диқандарды сапалы тұқыммен, тыңайтқышпен қамту және ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бағытында да қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, егер су тапшы болатын болса егістік алқабын ұлғайтып, сапалы тұқым сатып алып, техника жаңартқанымыздан пайда болмайды. Жақсы өнім алу үшін ең алдымен егістік алқаптарына судың кедергісіз жеткені маңызды», деді ол. Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов «Қазсушар» облыстық филиалы су пайдалану бөлімінің гидротегнигі Ақылбек Мұратұлына, «Тасөткел су қоймасы» өңірлік бөлімшесінің гидротехнигі Данияр Тұрдықұлұлына облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады. Бұдан кейін жиынға қатысушыларды еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев онлайн режим арқылы құттықтады. Сонымен қатар, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеев те су шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен арнайы құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, ол бірқатар мекеме қызметкерін Алғыс хатпен марапаттады.

  «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаев та әріптестерін мерекелерімен құттықтап, сала ардагерлеріне құрмет көрсетті. Ұзақ жылдар бойы су шаруашылығы саласында еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ардагерлерге Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың, Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаровтың, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Алтай Елжасовтың атынан арнайы себеттер таратылды. Сондай-ақ, Қазыбек Бедебаев еңбегімен еленген мекеме мамандарына «Су шаруашылығының ардагері», «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісін тақты. Одан бөлек, тағы ондаған қызметкерге министр бастаған бірқатар лауазымды тұлғалардың атынан Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыс етті. Енді бір топ филиал маманы Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының «II дәрежелі Еңбек даңқы», «III дәрежелі Еңбек даңқы» төсбелгісімен және Құрмет грамотасымен, «Қазақстан су шаруашылығы» РМК қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының Құрмет грамотасымен марапатталды.

  Жиын барысында сөз алған ардагерлер мереке қарсаңында ұмыт қалдырмай ескеріп, арнайы шақырып, құрмет көрсеткен басшылыққа риясыз алғыстарын жеткізді. Сондай-ақ, ардагерлер мекеменің бір бөлмесінен тарихты, өткенді кейінгі ұрпақ біліп жүруі үшін сушыларға арналған музей ашуды ұсынды. Өз кезегінде Қазыбек Бедебаев ұтымды ұсыныс бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп, жуырда музей ашылатынын жеткізді.